Қабылдауда болып, өтініш-тілектерін жеткізді

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініш-тілектері мен ұсыныстарын тыңдады және олардың тиісті органдардың көмек-қолдауымен, сондай-ақ, заң талаптарына сәйкес оңтайлы шешімін табуына күш салды.

Өңір басшысының орынбасары алдымен, тұрғын үй мәселесімен келген Сандықтау ауданындағы Хуторок селосының тұрғыны Гүлбайра Махамбетованы қабылдады.
70 жасқа келген жалғызілікті ана мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға бірінші кезекте тұрған көрінеді. Оған биылғы жылы тұрғын үй комиссиясының шешімімен Балкашин селосынан жалға берілетін барақтан бір бөлме ұсынылыпты. Кейуана бөлмесінің суықтығын, пеш жаға алмайтынын алға тартты. Бүгінгі күні өтініш берушіге ұсынатын бос жалға берілетін тұрғын үй жоқ екен. Дегенмен, бұл мәселені аудан әкімі шешуі тиіс.
Аршалы ауданындағы Қостомар кентінің тұрғыны Гүлмира Исабекова автокөлік жолының сапасы жөнінде мәселе көтерді. Аршалы ауданы әкімдігінің мәліметі бойынша биылғы жылы Ақмола облыстық жолаушы транспорты және автокөлік жолдары басқармасы Нұр-Сұлтан қаласын шығыстан айналып өтетін облыстық маңызы бар көлік жолын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама жасаған екен. Жоба екі учаскеге бөлініпті. Биылғы жылы екінші учаске бойынша 800 миллион теңге бөлініп, 6 шақырым жол жөнделмекші. Аршалы кентінің тұрғыны Валентина Рязанова ауыз су мәселесін көтерді. Көктем мен жаз айларында суға қажеттіліктің ұлғаюына байланысты ауыз су азаяды. Сондай-ақ, село тұрғындарының қосымша су сорғыш орнатуы су дефицитіне алып келіп, село тұрғындарының тарапынан әлеуметтік шиеленіс тууда. Суды тұрақты беру мақсатында Вишневка станциясынан қосымша су көзін тарту қарастырылуда. 6 шақырымдық су құбыры жүйесінің құрылысы үшін құжат жиналуда. Өңір басшысының орынбасары бұл елді мекенге арнайы комиссия жіберілетінін айтты.
Бұланды ауданының орталығы – Макинск қаласының тұрғыны Рина Шернияз өзі тұратын бес қабатты үйдің жағдайы сын көтермейтінін айтты. Шатырдан су ағып, қабырға кірпіштері езіліп жатқан көрінеді. Тұрғын үй орталықтандырылған жылу беру жүйесіне қосылмаған екен. Бұланды аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі серіктестік басшыларымен және үй тұрғындарымен бірге шатырды ағымдағы жөндеу мәселесі бойынша жиналыс өткізіпті. Шатырды жөндеуге 10 миллион теңге қажет. Оның 30 пайызын төлеген жағдайда кәсіпкерлер жұмысты бастауға келісіпті. Үйде 78 пәтер бар. Бүгінгі күні оның 47 пайызы бос немесе қираған. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар жоғарыда аталған қаражатты жинауға мүмкіндігі жоқ. Өткен жылы аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, техникалық қарау өткізіліп, жобалық-сметалық құжаттама сараптамасы жасалды. Жоба жасалды. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына бюджеттік өтінім берілді. Биылғы жылы бұл тұрғын үй кондоминимумға тіркелді.
Бурабай кентінің тұрғыны, мүгедек Дулат Қуанышев алған пәтерінің суық екенін айтып, жөндеу жұмысын жүргізуді сұрап келді. Арендалық тұрғын үй ұсыну бойынша 2019 жылы Бурабай ауданының әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясы отырысының хаттамасы негізінде Дулат Қуанышевқа пәтер берілген екен. Бурабай аудандық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы мен Д. Қуанышевтың арасында тұрғын үй жалдау келісім-шарты бар. Ол айына 3985 теңге пәтерақы төлейді. Келісім-шарт жағдайы бойынша жалға алушы тұрғын үйді қиратпай, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайда күтіп ұстауға міндетті. Кері жағдайда шығын жалға алушыдан сот арқылы қайтарылады. 2019 жылы салынған тұрғын үйдің жағдайы жақсы. Бұл үйге «Айтан KZ» серіктестігі қызмет көрсетеді. Облыс әкімінің орынбасары жеке мәселесімен қабылдауына келген әрбір адамға жан-жақты түсінік берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар