Вакцина алу арқылы қауіпті індеттен сақтана аларымыз анық!

Кеше 19 шілде 2021 жыл. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өткізіп, қазақстандықтарға Үндеу тастады.

Бұл тегіннен тегін өткізілген кеңес емес еді. Өйткені, елімізде соңғы бірер аптада ІНДЕТ өзінің таралуы және адам өлімі жағынан өзінің тым қауіпті шегіне жетті. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «соңғы кезде індет жұқтырған адамдардың саны күрт артып кеткенін атап өтті. Күн сайын 5 мыңнан астам науқас тіркелуде. Бір апта бұрын Үкімет ахуалды бақылауда ұстап отырмыз деп мәлімдеген болатын. Бірақ, эпидемиологиялық жағдай нашарлап кетті. Ауыр жағдайдағы науқастардың саны күн сайын көбейіп барады»,–деп жағдайды жасырмай ашығын да, анығын да айтты.
Президентіміз «ең бастысы – аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау, адам өмірін сақтау. Сондықтан, оның бір ғана жолы бар. Бұл – жаппай вакцинация, екпе салу» екендігін тағы да ашық мәлімдеді.
Қазіргі кезде осы вакцинациялауға, екпе алуға жаппай наразылық ұйымдастыру әрекеттері біздің елімізде де, әлемнің біраз мемлекеттерінде де етек ала бастады. Әрине, мұның сыртында әлдебір күштердің тұрғаны да анық. Сынықтан сылтау іздеп әйтеуір халықты көшеге шығару, наразылық акцияларын ұйымдастыруды өз мақсаттары етіп алғандар шынын айтқанда елдің берекесін алып барады. Тек көшеге шығыңдар деуді білетіндер елді, оның халқын еңбек етуге, болмаса жақсы бір пайдалы істерге жұмылдырса етті ғой.
Жекелеген адамдардың екпе салдырудан бас тартуының себептері әртүрлі екендігін Президент орынды бағамдап отыр. Ең әуелі көпшілік қай елдің вакцинасы тәуір дегенге бас қатырады. Өзі екпені алайын ба, алмаймын ба деп екі ойда жүргендерді кейде әлеуметтік желідегі екпе жайлы теріс ақпараттар айнытып тастайтыны да бар.
Дегенмен, әркім өз өмірін, айналасындағылардың өмірін, өз отбастарын сақтау үшін екпе алған жөн деп ойлаймын. Жеке өз басым екі кезекті де екпені осы жылдың басында алған болатынмын. Отбасы мүшелері де толық алды. Әрине, бәрі де бір жаратушының қолында ғой! Дегенмен, вакцина алу арқылы біздің әрқайсымыз қазіргі қауіпті індеттен сақтана аларымыз анық. Кезінде адам баласын түрлі жұқпалы індеттерден, мысалы оба, тырысқақ, қызылша сияқты баудай қырып кеткен жұқпалы аурулардан осы вакцина ғана құтқарып қалмап па еді?!
Президентіміз көптеген жерлерде вакцинаның жетпей жатқандығына да назар аударып, Денсаулық сақтау министрлігіне өңірлермен бірлесіп, вакцинация қарқынына дұрыс болжам жасауға, сондай-ақ, жарамдылық мерзімін ескере отырып, вакцинаны қайта жіберу жүйесін жолға қоюға тапсырма берілді.
Және де «Иммунитет қалыптастыру үдерісін тежеп отырған тағы бір өзекті мәселе – вакцинацияның жалған паспорттары» екендігін Президент ерекше айтты. Апырмай енді, осы індеттің де жағдайында жалған құжат жасап, «ақша табуға» да барып отырғандарға не айтарсыз?!
Қазақстан бойынша жалған құжат жасаудың 65 қылмыстық іс қозғалуы өрескелділік екен. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұл өте ауыр қылмыс. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін іс-әрекет. Вакцинация паспортының қолдан жасалуына жол берген тұлғаларға қатысты қатаң жаза қолдануды тапсырамын», – дегенін толық қолдар едім.
Расында да, Ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіргендер жазасыз қалмауы керек. Қазір індетпен жас балалардың ауыра бастағаны да кездесіп отыр. Бұл осы індеттің жас та талғамайтын қауіпті қатерін көрсетеді. Осы орайда «өзіңді және жақындарыңды осы қатерден сақтаудың жалғыз жолы – вакцинация, – деген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бір ауыз сөзіне тоқтайық!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі

20.07.2021

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар