Жеңісті сәттер сыйла, Токио Олимпиадасы!

Жапонияның астанасы Токиода төрт жылда бір келіп, бүкіл әлем жұртшылығын өзіне қарататын ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары басталды. Бес құрлықтың бұл басты спорт бәсекесі өткен 2020 жылы өтуге тиіс болатын. Алайда, бүкіл әлемді жайлаған пандемияның салдарынан бір жыл кейінге шегерілген еді.

Бұл Олимпиада ойындарының басты бір ерекшелігі деп оның жанкүйерлерсіз өтуін айтуға болады. Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімінде де стадионда жанкүйерлер болған жоқ. Әр елдің спортшылар делегациялары бос трибуналардың алдынан өтті. Өйткені, Токиода да коронавирус күш алып тұрғандықтан, халықты стадионға жібермеу жөнінде шешім қабылданған. Ол шешім Олимпиаданың өн бойы барынша сақталатын болады. 80 мың жанкүйерді қабылдай алатын Токионың ең үлкен ұлттық стадионы дегенмен, бұл кеште адам қарасынсыз болған жоқ. Құрметті қонақтар ложасынан Олимпиаданың салтанатты ашылуын Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшелері, дипломатиялық корпустардың өкілдерінен тұратын 1000-ға тарта адам тамашалады. Жапония халқының бір бөлігі пандемияға байланысты өтуіне қарсы болған. Олимпиаданы құттықтау сөзбен осы елдің императоры Нарухито ашты. Осындай ерекше жағдайда өткелі отырған төрт жылдың басты спорт мерекесіне әлемнің 206 елінен 12500 спортшы қатыспақшы. Олар спорттың 33 түрі бойынша 339 комплект медальді сарапқа салады.
Онсыз да көп тостырған бұл жазғы Олимпиада ойындарында әсіресе, көршілес Ресей елінің спортшыларына ауыр соққалы отырғанын да айтпай болмайды. Допинг дауына байланысты олар осы жолы өз мемлекетінің туының астында өнер көрсете алмайды. Ресейлік спортшылардың туы Олимпиаданың бес шиыршығы бар ақ ту болады. Бұл – МОК-тың, яғни, халықаралық олимпиада комитетінің осы елге байланысты қабылдаған шешімі. Соның салдарынан Токиодағы бес құрлық бәсекесіне Ресейден 80-нің шамасында ғана спортшы қатысқалы отыр. Бұл осы елдің Олимпиадаға қатысу тарихында бұрын-соңды болып көрмеген жағдай. Оған қарағанда, Қазақстан делегациясының құрамы нығыз сияқты. Біздің ел бұл жарысқа 96 спортшысын үкілеп қосып отыр. Бұл Олимпиаданың алдында оған қатысу үшін жеңіп алған 97 лицензияның арқасы. Қазақстан Олимпиадалық делегациясының негізгі құрамы Токиоға 16 шілде күні келіп орналасып, коронавирусқа тапсырған алғашқы тестілеуден аман өтті. Кейін бұларға спортшылардың қалған бөлігі де келіп қосылып, жергілікті жерге бейімделді, дайындықтарын пысықтап, оқу-жаттығу жиындарын өткізді.
Біздің олимпиадашыларымыз бұл байрақты бәсекеде намысты қолдан бермей, бокс, жеңіл атлетика, көркем гимнастика, бессайыс, дзюдо, еркін және греко-рим күресі, каратэ, су добы, велоспорт, стенд ату, нысана көздеу сияқты спорт түрлерінен неғұрлым жоғары нәтижелерге жетуге бекініп отыр. Қазақ мұндайда «бап шаба ма, бақ шаба ма» дейді ғой. Екеуі де болып қалар. Медальсіз қалмаспыз. Жүйрік көңіл осылай топшылайды. Көкейге осындай сенім ұялататын спортшыларымыз жоқ емес, бар. Бұл ретте, Рио-де-Жанейро Олимпиадасы мен Лондон Олимпиадасының чемпиондары Дмитрий Баландин мен Ольга Рыпакова ауызға алдымен түседі. Ольга кешегі Токио Олимпиадасының ашылу салтанатында боксшы Қамшыбек Қоңқабаев екеуі Қазақстанның туын ұстап шығу құрметіне ие болды.
Жалпы, тәуелсіз мемлекет ретінде 1996 жылдан бері қатысып келе жатқан алты жазғы Олимпиадада біздің спортшылар 64 медаль еншілепті. Оның 19-ы алтын, 20-сы күміс, ал, 25-і қола. Бұл жолы да дүбірлі жарыстарда отандастарымызға осындай жеңіс тілейміз!
Бір өкініштісі, Олимпиада деп бүйірлері қызған қазақстандықтар бұл жолы осы бір төрт жылдың қызығын бұрынғыдай отандық телеарналардан тікелей эфир арқылы көре алмайды. Оған себеп, біздің ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығы ойындарды ұйымдастырушылармен келісім-шарт жасай алмаған. 23 шілде мен 8 тамыз аралығында бүкіл әлем Олимпиаданың әрбір жаңалығын тікелей қағып алып жатқанда, біздің спорттың 27 түрінен сынға түсетін отандастарымыздың қауқарын сол сәтте кең отырып, көгілдір экраннан тамашалау мүмкіндігінен айырылуымыз қалай? Мұндайда трансляция ақысының қымбатынан гөрі, біле-білгенге осы жарысты бес жыл бойы күткен халық қымбат емес пе?! Осындай лицензияны алдын ала алып алған көршілес Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің ет тірлігі де осы сөзімізді растайтындай.

Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар