Пішенші! Қажетті шөп қорын жасауға бар күшіңді сал!

Биылғы жылы облыстың ауыл еңбеккерлері 1181,1 мың тонна шөп, 245,0 мың тонна жемшөп дайындауды жоспарлаған болатын. Ауа райынын қуаңшылығынан бұл оңайға соқпай отыр. Әзірге шөптің 648,0 мың тоннасы немесе 54,9 пайызы шабылып, маяларға салынды. Сондай-ақ, өткен жылғыдан қалған 85,0 мың тонна шөп бар.

Өткен жылдың осы күні облыс бойынша 1032,6 мың тонна шөп шабылған болатын. Биыл жоғарыда айтылған себептен олай болмай тұр. Бүгінгі таңда малды көбірек ұстайтын Ерейментау ауданының пішеншілері 80,0 мың тонна, Зеренді ауданы 52,7 мың тонна, Целиноград ауданы 52,1 мың тонна шөп дайындады. Мәселен, биылғы жылы Бурабай ауданы бойынша 54 мың тонна шөп дайындау жоспарланыпты. Аталмыш аудан әкімінің орынбасары Бекахмет Махметовтың айтуынша, бүгінгі күні аудан пішеншілері күннің атысынан батысына дейін еңбек етіп, 21,7 мың тонна шөп дайындаған екен.
–Мал қыстатуға 40 мың тонна сабан, 27 мың тонна сүрлем, 13,2 мың тонна жемшөп қажет. Он күннен кейін жемшөп шабуға кірісеміз. 11,9 мың гектарға мал азығын сепкенбіз. Біржан сал ауданында 10 мың гектардай жайылым және шабындық жеріміз бар. Осы жерде шаруа қожалықтары мен тұрғындардың шөп шабуына келісімге келдік. Кейбір фермерлер Ақкөл, Зеренді, Сандықтау ауданының, сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының жерінде шөп шабуда. Ауыл тұрғындарына «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің және «Ұрымқай» орман шаруашылығының аумағынан шөп шабуға рұқсат берілді. Қазір 300 келі буылған шөптің құны 9-10 мың теңгені құрайды. Сабанды ұсақтап тастамау және әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарды мал азығымен қамтамасыз ету үшін ауданның ірі кәсіпорындарымен келісім-шартқа отырдық,–деді аудан әкімінің орынбасары бізбен әңгімесінде. Өзге аудандармен салыстырғанда, бурабайлық пішеншілердің қимылы баяу. Сондықтан, қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жеткілікті мал азығын дайындап алулары керек.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар