Салалар бойынша қол жеткен көрсеткіштер жаман емес

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Ақмола облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаментінің басшысы Ербол Амамбаевтың қатысуымен өткен брифингте облысымыздың алғашқы жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму мәселері сөз болды.

Жиын барысында департамент басшысы 2021 жылдың І жартыжылдығындағы Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады.
– Мемлекет басшысы 2020 жылғы
1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі күрделі жағдайда алда тұрған басты міндеттерді белгіледі. Маңызды құжатта әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу мәселелеріне ден қойылды. 2021 жылғы 1 маусымдағы жағдай бо-
йынша облыс халқының саны 736,3 мың адамды, яғни, Қазақстан Республикасы халқының 3,9 пайызын құрап отыр. Жыл басынан бері өңірдегі халықтың саны 731 адамға өсті. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың І тоқсанындағы көрсеткіштерге сәйкес, бір қызметкердің орташа айлық жалақысы (шағын кәсіпорындарды есепке алмағанда) 185 мың теңгені құрайды, бұл 2020 жылғы ұқсас кезеңімен салыстырғанда, 17,5 пайызға жоғары. Қазақстан Республикасы бойынша бұл көрсеткіш 231 мың теңге көлемінде. Мәселен, Қостанай облысында бір қызметкердің орташа жалақысы 180 мың теңге болса, Түркістанда 178 мың теңге төңірегінде, ал, көршілес Солтүстік Қазақстанда 167 мың теңге көлемінде. Облыс өңірлері бойынша ең жоғары жалақы Целиноград, Зеренді аудандары мен Степногорск қаласында тіркелген. Ал, облыстық деңгейден төмен жалақы алатындар – Егіндікөл, Астрахан, Есіл, Сандықтау, Жарқайың, Қорғалжын аудандарында екен, – деді департамент басшысы.
Жиында белгілі болғанындай, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың саны 125 мың адамды құрап отыр. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың жалпы саны 87 пайызды құрайды немесе 109 мың адам өнімді жұмыспен қамтылған халық санатында.
Ағымдағы жылдың маусым айында азық-түлік тауарлары бағасының өскендігі байқалды. Мәселен, жемістер мен көкөністер – 17 пайызға, жармалар – 12 пайызға, ет, балық және теңіз өнімдері, нан, қант, май 6-8 пайызға, макарон өнімдеріне – 3 пайызға, жұмыртқа – 19 пайызға қымбаттаған.
2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша облыста 48 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Облыс кәсіпорындары 516 миллиард теңгеден астам өнеркәсіп өнімін өндірген. Мәселен, Зеренді, Шортанды, Бұланды, Целиноград, Бурабай аудандарының, сондай-ақ. Көкшетау мен Степногорск қалаларының кәсіпорындары ағымдағы кезеңде облыстық өнеркәсіп өнімінің 83 па-
йыздан астамын өндіріп отыр. Жоғарыда аталған аудандарда өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда өндірістің ең көп өсімі Бұланды ауданына тиесілі. Ең азы Степногорскіде тіркелген.
Ағымдағы жылы ірі қара мал басының өсімі байқалады. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың алты айында негізгі капиталға құйылған инвестициялар көлемі 183 миллиард теңге көлемінде, бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 12,2 пайызға жоғары. Биыл өңірімізде құрылыс жұмыстары да жандана түскен. Бурабай, Целиноград, Аршалы, Шортанды аудандары және Көкшетау қаласында құрылыс қарқынды. Облыста ағымдағы жылдың алты айы ішінде 282 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
– Ағымдағы жылғы 1-30 маусым аралығында Ұлттық халық санағының бірінші кезеңі аяқталды. Тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың тізімін жасау бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. 2021 жылғы ұлттық халық санағының екінші негізгі кезеңі 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін арнайы сайтта онлайн режимінде (sanaq.gov.kz.) өтеді. Дәстүрлі жаппай аралау 1 қазаннан 30 қазанға дейін басталады және белгіленген мерзімде онлайн режимде санақтан өтпеген респонденттер арасында өткізіледі, – деді Ербол Амамбаев.
Брифинг соңында журналистер департамент басшысына сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар