Өмір жолы өнеге тұтарлық

Желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ алдыңғы аға буын жүріп өткен сүрлеу жолдың сәулелі тұстарын зейінді зердесімен, ақыл-парасатымен таразылап, өмірлеріне өнеге еткені ләзім. Ал, аға буын арасында кіршік шалмаған ажарлы адамгершілігімен, көркем келбетімен құрметке ие болып жүргендер аз емес.

Көзге түртсе түк көрінбейтін тас қараңғы түн. Арқаның ақ бораны ашуына әбден мініп, алай-дүлей соғып тұрған. Өкпек жолаушының жолға шығуы тіпті де мүмкін еместей. Құрық салар жер анық көрінбейді. Дәл сол күні облыстық автоинспекцияның қызметкері Бағлан Боқанов кезекшілік атқарып жүрген болатын. Түн ортасы ауа бөлімге әлдекімдердің көлік ұрлап, Петропавл тас жолына шығып кеткендігі туралы шұғыл хабар түсті. Ол кезде көлік ұрлау шетін оқиға болып есептелетін. Қалай болғанда да қылмыстың ізін суытпай ашу міндет. Бұлар іле жиналып, көлік ұрлаған қылмыскерді індете із шалып шықты. Жымысқы ұрының бағытын байқап қалғандардың айтуына қарағанда, күре жолға бірден түссе керек. Жолдың нашарлығына да, ақ боранның көз аштырмай соғып тұрғанына да қарамаған. Шамасы дәл осындай уақытта көптен көздеп жүрген көлікті қолды етсе, боран ізін жасырып, құтылып кетеміз деп ойлаған да болар.
Алға басқан қадамды кері кетіретін ақ боран із шала шыққан автоинспекция қызметкерлеріне де, тегін олжаға кенелгісі келген ұрыға да бірдей еді. Екеуі де ақ шымылдық – ақ қарға малтығып, қарғаадым жер мұң болып, бауыр жазып жүйтки алмай келеді. Молодежное селосының тұсында көлік ұрлаған ұрыны қуып жетті. Сұлбасы көрінген сәтте-ақ сәл ғана қылаң берген мемлекеттік нөмірмен іздеп шыққандары осы көлік екендігін аңғарды. Тоқта деп нұсқаған емеуірінге де, таяп келіп талап еткен бұйрыққа да мойынсұнар емес. Бір сәт жол жиегіне ұмсына жүйткіген қашқын қарға кептеліп қалмасы бар ма? Сәті келе кетті. Жанталасқан жалғыз ұры қарға батқан көлікті қайдан шығарсын, бас сауғалап тастай қашты. Әйтсе де өз міндетіне адал Бағлан басқарған топ ұрыны ұзатпай қолға түсірді.
Бұл сол кездегі автоинспекция қызметкерінің ұзын-ырғасы 33 жылға созылған сындарлы қызметінің бір сәті ғана. Мұндай оқыс оқиғаларды еске түсіріп, қызметкерлердің қияпат шаруасын айғақтайтын мысалдарды жүздеп, мыңдап келтіруге болады. Біз біреуіне ғана тоқталдық. Өз жұмысына қаншалықты берілгендігін, қалай жауапкершілікпен жұмыс істегендігін көрсету үшін. Кейде осылай қауіп пен қатерге де бас тігуге тура келетін.
Шағын мақаламыздың басын алдыңғы буын ағалардың бітім-болмысы, азаматтық ажары кейінгі ұрпақ үшін өміршең өнеге болатындығын айтып бастадық емес пе? Бағланның да өмірде де, қызмет жолында да ойын, бойын теңестіргісі келген әріптестері мен басшылары болды. Бүгінгі күні өткен өмірдің айшықты сәттерін ой көзімен шолып, ақыл таразысына салса, ағалардың қамқорлығын аз көрген жоқ екен. Олардың айтқан ақыл-кеңестері, мол тәжірибенің ұшқыны саланың салмақты қызметкері болуына септігін тигізіпті. Әсіресе, облыстық автоинспекциясының басшысы Жұмаш Омаровтың жарқын бейнесі көз алдында. Тәртіп пен талапқа тастай басшы болып көрінгенімен, жан дүниесі де жаз гүліндей жайнап тұратын. Қызметкерлерге деген қамқорлығы шексіз еді. Олардың жұмыс барысындағы қалтқысыз қызметін ғана емес, отбасының жайын да көзінен таса қылмай, қамқорлығын жасап отыратын. Өзіне тапсырылған кез-келген шаруаны тап-тұйнақтай етіп атқаруды Жұмаш ағасынан үйренді. Кемеліне келген кезде осы Жұмаш ағасындай болсам деп армандады. Үлкенге қарап бой түзеудің әдемі әсері осы да.
–Қазір жол апаты жиі, – дейді Бағланның өзі, – ертеректе тәртіптің күштілігінен бе екен, әйтеуір басқа бір сыры бар ма, мұндай шетін оқиғалар сиректеу болушы еді. Шынтуайтында халықтың жекеменшігінде көлік те аз болды ғой. Күре жолдың бойындағы адам тағдырына асқан жауапкершілікпен қарау керек. Жеңіл-желпі көзқарас орны толмас қайғыға да әкеліп соғып жатады.
Тәжірибелі сала қызметкерінің пікірінің жаны бар. Осындай ұзақ жылдар бойы өз мамандығының қыр-сырын терең меңгерген, қызметіне адал, арлы адамдардың өмір жолы бүгінгі жастарға да сабақ болары даусыз.
Үнемі жылы жымиып, күлімсіреп тұратын Бағланның елге жасаған жақсылығы да аз емес. Алдына шаруасын айтып барған қарапайым адамдар көңілінің кеңдігіне, адамгершілік асыл қасиетіне тәнті болатын. Мен қызмет бабындағы адаммын деп көкірегін керіп, әлдекімдердің көңілін қалдырып, ренжіткенін де ешкім естімепті. Әуел бастан адал жүріп, адал тұруды басты мақсат санаған кейіпкеріміздің бойындағы саналуан жақсы қасиет тереңнен таныған адамды таңыртқатпай қоймайды.
Елге сыйлы, халыққа қалаулы Бағлан бауырымыз ішкі істер саласында ақадал қызмет ете жүріп, алғысқа да бөленді. Әр жылдары басшылық тарапынан алған мақтау-марапаты аз емес. Ең бастысы, азамат ретінде таныған қалың ел құрмет тұтады. Оның өзі де азаматқа аз олжа емес қой.
Мінсіз қызметке ғана емес, өнегелі отбасының отағасы да болып келеді. Жан жары Айсұлу екеуі Асқар мен Роза тәрізді көздерінің ағы мен қарасындай перзенттерін өсіріп отыр. Осы бір өнегелі азаматтың өмір жолын парақтағанда, өнегесі жастарға жұғысты болсын деп бір ауыз сөз айтуды жөн көрдік біз де.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар