Жақсы жолға сүйсінесің, жаман жолға күйінесің…

«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалында партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасының орындалуы бойынша Саяси бюро кеңесі өтіп, онда ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында автожолдар салу және оларды жөндеуден өткізу мәселелері талқыланды. Отырысқа партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов қатысып, сөз сөйледі.

Биыл облыс аумағында құрылыс және автомобиль жолдарын жөндеу бағытында 232 жоба қолға алыныпты. Бұл жобалар толығымен жүзеге асса, жоспар бойынша автожолдарды күтіп ұстау сапасы 98 пайызға дейін жетеді деп көзделген. Биыл жергілікті маңызы бар автожолдарды салу мен жөндеуге республика бюджетінен 38 миллиард теңге қаржы қарастырылса, тағы 12 миллиард теңге қосымша бөлінген. Осының нәтижесінде аумақта барлығы 800 шақырым автожол жөнделмекші.
–Автомобиль жолдарын ретке келтіру бойынша 5 жоба қарастырылған. Бұл орайда, облыстық маңызы бар 50 шақырым жолды күрделі жөндеуден, 1 мың 200 шақырым жол орташа жөндеуден өткізіледі. Оның ішінде облыстық маңызы бар жол 700 шақырымды, аудандық маңызы бары 500 шақырымды құрайды. Зеренді, Бұланды, Атбасар және Есіл аудандарында 4 автожол көпірін салу жоспарда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 77 тірек ауылдардағы ұзындығы 423 шақырым көшені де орташа жөндеуден өткізіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 98 пайызға дейін ұлғайту көзделген, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков.
Саяси бюросының кеңесінде автожолдардың жалпы жай-күйі, қыста күтіп ұстау және ақпараттық белгілерді орнату бойынша халықтың өтініштері мен шағымдарына назар аударылды. Әсіресе, облыс орталығында жүріп жатқан жол құрылысына ерекше мән берілді. Мұнда 3,5 миллиард теңгеге 14 шақырым жол жөнделеді.
– М.Ғабдуллин көшесіндегі жолды қайта жөндеу жұмыстарын тамыз айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні Ғабдуллин мен Ақан сері көшелерінің қиылысында су құбырын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстың 90 пайызы аяқталып қалды. Бейбітшілік шағын ауданындағы Уәлиханов көшесінен басталған жолды қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Оған 300 миллион теңге бөлінді. Қосымша қаржы берілсе, жоба биыл аяқталуы мүмкін, –деді Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса.
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Мәдешұлы мен депутаттар өз кезегінде аудандардағы жол құрылысы нысандары сапалы жүргізіліп, уақытында аяқтап, пайдалануға беру мәселесіне ерекше ден қойды. Жиын соңында өңірде іске асып жатқан 4 инвестициялық жобаның мерзімінде аяқталмай қалу қаупі бар екені де айтылды.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар