Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде егін орағына әзірлік пен қысқы мал қыстату кезеңіне жемшөп дайындау, өңіріміздегі фитосанитариялық ахуал және ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянкестерден қорғау, облыста қоғамдық тәртіпті сақтап, құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланып, нақты міндеттер белгіленді.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кеңесті облыс әкімі ашып, жүргізіп отырды. Онда алдымен, өңір басшысы бірқатар басшылық қызметке тағайындалған басшыларды таныстырып өтті. Олардың қатарында, ағымдағы жылғы 8 шілдеден бастап Ақмола облысы кәсіпкерлік палатасының директоры болып тағайындалған Ерқанат Серікұлы Мұсылманбек, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалған Арман Тастемірұлы Рахымов, ағымдағы жылдың 21 шілдесінен бастап «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалының директоры болып тағайындалған Қанат Ақыжанұлы Шаймин, ағымдағы жылдың 26 шілдесінен бастап Ақмола облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы болып қызметке кіріскен Сансызбай Құсайынұлы Бейсенов пен Ақмола облыстық қазынашылық департаментінің басшысы болып тағайындалған Александр Григорьевич Щербак, ағымдағы жылдың 2 тамызынан бастап Ақмола облыстық ветеринария басқармасының басшысы болып тағайындалған Талғат Тоқбайұлы Жүнісов бар. Өңір басшысы жаңа қызметке тағайындалған басшыларға жұмыстарына сәттілік тілеп, нақты міндеттер жүктеді.
Кеңесте алдымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Таласбаевтың баяндамасы тыңдалды. Басқарма басшысының айтуына қарағанда, өңірімізде ауыл шаруашылығы дақылдарының жинау алаңы 5 миллион гектардан асады. Бұл өткен жылдың деңгейінен 179 мың гектарға жоғары. Оның ішінде: дәнді және дәнді бұршақты дақылдар – 4,5 миллион гектарға, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 108 мың гектарға, майлы дақылдар – 267 мың гектарға, бұл өткен жылдың деңгейінен 57 мың гектарға жоғары. Жемшөптік дақылдары – 191 мың гектар, бұл 2020 жылдың көрсеткіштерінен 6,1 мың гектарға жоғары. Картоп – 20,6 мың гектар, оның ауданы 2020 жылмен салыстырғанда 6,3 мың гектарға ұлғайтылды және көкөніс – 3,5 мың гектарға, бұл өткен жылдың деңгейінен 1,1 мың гектарға көп.
– Егістіктердің жай-күйіне келетін болсақ, осы жылдың мамыр-шілде айлары аралығында жауын-шашынның болмауы өзіндік кері әсерін тигізіп отыр. Өткен 2020 жылы осы уақыт аралығында жауын-шашын мол болған. 2021 жылғы 2 тамыздағы жағдай бойынша 1,5 миллион гектар алқапта дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егістігі немесе жалпы егіс алаңының 32,3 пайызы жақсы өсіп жатыр, ал, 2,7 миллион гектар немесе 59,9 пайыз орташа, яғни, қанағаттанарлық жағдайда. Өкініштісі, 318,6 мың гектар немесе 7 пайызы нашар жағдайда, 39,4 мың гектар болса құрғап қалған, – дейді Димаш Таласбаев.
Шөп дайындау мәселесі де өзекті. Алдағы 2021-2022 жылдардағы қыстауға барлық шаруашылық санаттарындағы есептік қажеттілік шөп 1 260 мың тоннаны, жемшөп 650 мың тоннаны, пішендеме 245 мың тоннаны, сүрлем 190 мың тоннаны құрайды. Ағымдағы жылғы 2 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 784,4 мың тонна шөп дайындалды, бұдан басқа барлық қолда бар жем қалдықтарына түгендеу жүргізілді. Осылайша шөптің қалдығы шамамен 85 мың тоннаны құрайды. Нәтижесінде қолда бар қалдықтарды ескере отырып, қажеттілік 69 пайызға қамтамасыз етілді.Диқандар пішендеме дайындауға да кірісіп кетті. Қажеттілік 245 мың тонна болса, бүгінге дейін 38,4 мың тонна дайындалды, сүрлемді жаппай дайындау тамыздың екінші онкүндігінде басталады. Өңір басшысы егін орағы компаниясына дайындық және қысқы кезеңге жемшөп дайындау мәселесінде жұмысты ширата түсіп, алдағы уақытта еш босаңсуға болмайтындығын баса айтты.
Басқарма басшысының айтуынша, ағымдағы жылдың өнімін жинауға 8,4 мың астық жинайтын комбайн тартылмақ, оның ішінде өнімділігі жоғары 4,1 мың бірлік заманауи комбайндар болса, 2,5 мың бірлік дестелегіштер бар. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың соңғы үш жылы мен алты айында 1059 астық жинайтын комбайндар, 1344 тракторлар, 270 егіс кешені сатып алынды. Жанар-жағар маймен қамтамасыз ету мәселесі де басты назарда. 2021 жылғы күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін облыстың агроөнеркәсіптік кешеніне 77 мың тонна дизель отынының кепілдендірілген көлемі бөлінді.
Өңір басшысы баяндалған жағдайға байланысты алдағы егін орағына тыңғылықты дайындық қажет екендігін әрі жұмысты ширата түсу керектігін баса айтты.
Кеңес отырысында ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянды, аса қауіпті организмдерден қорғауды қамтамасыз ету және Ақмола облысындағы карантиндік нысандарды анықтау жөнінде жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы аумақтық мемлекеттік инспекция басшысы Қанат Айтқожин баяндама жасады.
– Облыстың 15 ауданындағы 97 ауылдық округтерде карантиндік режим енгізе отырып карантиндік аймақтар жарияланды. Карантиндік объектілерді оқшаулау және жою бойынша химиялық іс-шаралар 3 мың 874 гектар алқапта өткізілді. Өңдеу жұмыстары неғұрлым көп атқарылып жатқан аудандар қатарында Жарқайың, Қорғалжын, Целиноград, Астрахан, Есіл, Егіндікөл бар. 2021 жылы өсімдіктер карантині саласындағы заңнамалардың сақталуына жүргізілген фитосанитарлық бақылау және қадағалаудың нәтижесінде 246 заңбұзушылық анықталды. Атқарылып отырған карантиндік іс-шаралар қолайлы карантиндік жағдайды тудырады. Алайда, карантиндік зиянкестердің, аурулардың арамшөптердің енуімен таралуының шынайы қаупі жоғары болып қала береді. Фитосанитарлық бақылауды, фитосанитарлық іс-шараларды, сондай-ақ, өсімдіктердің зиянды, аса қаупті зиянкестеріне және карантиндік объектілерге қарсы қорғау шараларын мерзімді жүргізу – ауыл шаруашылығы өнімін өндірудің дамуын жақсартуға және жалпы қолайлы фитосанитарлық жағдайға жетуге септігін тигізеді. Қазіргі таңда Ақмола облысы бойынша бірқалыпты фитосанитарлық жағдай қалыптасқан, – дейді басқарма басшысы.
Аппарат кеңесінде Ақмола облысында қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Серік Баймұқанов баяндама жасап, өңірде атқарылып жатқан іс-шаралар туралы тарқатып айтып берді. Жиын соңында өңір басшысы күн тәртібінде қаралған маңызды сұрақтардың барлығы бойынша тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.