Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетін қызыл дипломмен бітірген, жергілікті ұлт тілін, мазмұнды салт-дәстүрін, мағынасы мол әдет-ғұрпын жетік меңгерген Юлия Лагуткина Көкшетау қаласында қазақтың балаларын мектепке дайындап жүр.
Юлия Николаевна туралы кездейсоқ естідім. Көршім айтты. Уайымы немересін ана тілінде тәлім-тәрбие беретін білім ошағының табалдырығынан аттату еді. Өзінің айтуына қарағанда, балалары тәуекел ете алмайтын тәрізді.
–Заманында қызмет қудық, – деген көршім, – шынын айтқанда, бала тәрбиесіне де мойын бұра алмадық. Қазір заманды кінәлаймыз. Заман емес, өзімізден екен. Енді сол олқылықтың орнын толтырып, немерелерімді ана тілінде оқытсам деп едім. Оған балалардың өзі тілге шорқақ болған соң сабаққа дайындалуға көмектесе алмаймыз деп қорқып жүр. Өзім көмектесемін дедім.
Содан соң жанындағы немересіне бұрылған. Желке тұсы құйқасына дейін қырылған, самайынан төбеге дейін үш жолақ тартылған, немересінің басынан аялы алақанымен бір сипап қойып:
–Әлішер, айналайын қазақша оқисың ғой? – деді мерейленіп.
Әлішер болса тіс жарған жоқ, бар болғаны иығын қиқаң еткізе түсті. Атасының не айтқанын толық ұқпаған да шығар.
–Әлішердің тілін сындырып жүрмін, – деген атасы, – қаршадай орыс қызын тауып алдым. Керемет білімді екен, сол үйретіп жатыр.
Қаршадай қыздың қабілетіне разы болдым. Сөйтсе де, санама бір ойдың сап ете түскені. Қазақ тілін атасы мен әжесінен емес, орыс қызынан үйренгені үшін намыстану керек тәрізді. Іле көршімнің айтуымен Юлия Лагуткинаны таптым. Тілімізді жетік білгені үшін кінәлі емес, әрине. Өз тілімізді өзіміз меңгере алмай жатқанымыз үшін өзімізді кінәлағанымыз жөн.
Юлия Николаевна Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарасты Лавровка селосының тумасы екен. Мектепті осы жерде бітіріпті. Бастауыш сыныптан қазақ тіліне көңілі құлаған. Өзінің айтуына қарағанда, тілді, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты тереңдей меңгергені үшін орыс тілінде тәлім-тәрбие беретін ауыл мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанар Құсайыноваға қарыздар. Анасы Светлана Александровна да әжептәуір уақытын алатын қазақ тілі мен әдебиетін тереңдей оқуға қарсы болмаған. Анасының өзі де жергілікті ұлт тілін тәп-тәуір түсінеді.
–Мектепте оқып жүрген кезімде Нарқыз, Жасқыран тәрізді балалармен дос болдым. Сол достарымнан тілді үйрендім, кейін көркем әдебиеттерді оқуға көштім. Тұңғиығына үйіріп алып кетті. Әдебиетке құмар болғаным соншалық, қазақ жазушыларының кестелі тілімен өрілген, көркем образға бай шығармаларын басыма жастанып оқитынмын, нәтижесі де жаман болған жоқ. Бесінші сыныптан бастап мектепішілік, аудандық, облыстық, тіпті республикалық тіл байқауларына қатыса бастадым, – дейді Юлия Николаевна.
Топ жарған байқауларын тізе берсеңіз ұзаққа созылатын түрі бар. 2012 жылы республикалық тіл байқауында ұлы Абайдың «Ескендір» поэмасын жатқа оқып, топ жарыпты. 2017 жылы республикалық қазақ тілі пәндік олимпиадасында алтын медаль иеленген.
Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебін үздік бітіргеннен кейін Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне оқуға түскен. Қызыл дипломмен тәмамдапты. Бұл кезде де қазақ тілі мен әдебиетін тереңдей оқудан жалықпаған. 2018 жылы жалпыреспубликалық қазақ тілі мен әдебиеті пәндер олимпиадасында топ жарып бірінші орын алған.
–Тіл білгенім үшін туған жердің тарапынан көрсетіліп жатқан құрмет те аз емес, – дейді Юлия Николаевна, – 2018 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына араласа бастадым. 2020 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы өткізілген сәтте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында сөз сөйледім. Көңілім құлай сүйетін қазақ тілінде. Жиынға қатысушылардың бәрі разы болған тәрізді. Қобалжығаным сондай, жүрегім кеудемнен шығып кете жаздады. Бірақ, тілді еркін меңгергендігімнің арқасында сүрінген жоқпын.
Қазақ тілінің кірпігі ғана қимылдайтын солтүстік өңірде қаршадай қызға қандай құрмет көрсетілсе де артық емес-ау деген ойдың оралғаны. Өзінің айтуына қарағанда, тіл үйренудің түк қиындығы жоқ, тек ынта болса болғаны.
–Балаларға тілді меңгеру үшін орта қажет, – дейді жергілікті ұлт тілінің жанашыры, – сол орта болмағандықтан олқылық орын алып тұр. Үйде де, көшеде де орыс тілінде сөйлейді. Мен орыс тілін білуге қарсы емеспін, бірақ, әр адам өз ана тілін білуі міндет емес пе? Қазір мен тіл үйренуге талабы бар балаларды қазақ және ағылшын тілдерінде оқытып, дайындап жүрмін. Егер білемін деген, оқимын деген талпынысы болса, қабілет-қарымы толық жететіндігіне сенімдімін.
Үш тілді қатар меңгерген, еркін сөйлеп, еркін жазатын, мәйегінен нәр алған Юлияның көңіл көкжиегінің кеңдігіне еріксіз сүйсіндік. Өсем деген жас үлгі алатын-ақ дүние.
–Юлияның қабілеті өте мол, – дейді ауыл мектебіндегі алғашқы мұғалімі Жанар Құсайынова, – одан басқа да тілімізді жақсы меңгерген өзге ұлт өкілдерінің балалары көп болды. Біздің ауыл негізінен өзге ұлт өкілдері қоныстанған мекен, тілдік ортасы шектеулі болғанымен, тіл білсем деген ынталары күшті болғандықтан облыстық, республикалық сайыста аудан мен ауылдың намысын қорғаған үздіктер көп шықты.
Жанар Қазезқызы оқушыларына бастауыш сыныптан бастап таңғы жаңалықтарды тыңдатыпты. Қазақ тіліндегі балаларға арналған әндерді жаттатқан екен. Сұлу сазбен өрілген құнарлы сөз оқушы сүйегіне солай сіңсе керек. Әр сөздің тура мағынасын, астарындағы ойды әуелі қазақша айтып, кейін орысшаға қотарып, жетелеріне жеткізген. Балаларға арналған әдебиет оқушы жанын баурайтындай әсерлі, әдемі болуы керек екен. Сонда ғана қызығушылық тууы мүмкін. Көркем әдебиеттегі шым-шытырық оқиға желісі енді не болар екен деп жетелеп отырса, құба-құп.
Тілімізді тірілтемін деп тынбай еңбек етіп жүрген Юлия Николаевнаның көкірегінде бір арман бар. Жарқын болашақтың жасампаз құрылысшылары санатындағы бар достары жергілікті ұлт тілінде жетік сөйлесе дейді. Өйткені, тіл қашанда достық дәнекері.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Көкшетау қаласы.