Исламдағы білім алудың орны

Білім – дамуға, тура жолға жетелейді. Сәйкесінше білімсіздік құрдымға, құлдырауға, адасушылыққа апарады. Исламда білім алуға ерекше көңіл бөлінген.

Яғни, Алла бірінші кезекте намазды, оразаны, зекетті, қажылықты емес, білім алуды бұйырды. Өйткені, білімді, ақылды адам ақиқатты қабылдап адаспайды. Абай атамыз да: «Ақылдыға иман парыз, имандыға ғибадат парыз», – деп айтпай ма?!
Орта ғасырда ислам барлық өркениеттерден жоғары тұрды. Не себепті? Білім-ғылымы дамыған себепті. Философия, математика, медицина, технология және тағы басқа салалардың дамуына өз кезегінде Алланың «оқы» деген пәрмені ықпал етті. Сол уақытта батыс әлемі білім алу үшін шығысқа баратын.
Әр маман өз саласынан білгір, хабардар болмаса, онда ол қауіпті жайт. Мысалы, медицинадан білімі жоқ кісі біреуді емдемекші болса ол қате шешім жасауы немесе тіпті өлтіріп алуы да ықтимал. Сол сияқты шариғи ілімдерде де білімнің болуы өте маңызды. Әйтпесе кейбір мәселелерді қате түсініп адасып, оған қоса өзгені де адастыруы мүмкін. Ал, бұл өте қауіпті. Өйткені, ислам барлық саланы қамтиды. Ол жеке адамның тазалығынан бастап этикалық нормалар мен қоғамдағы мәселелерді реттеп, мемлекетті басқару жүйесіне дейін қарастырады. Сондықтан, надандық өз басына зиян тигізуден қоғамға қауіп төндіруге дейін апарады.
Енді мына сұраққа жауап беріп көрейікші: «Біз не үшін білім алуымыз қажет?». Оның бірнеше мақсаттары бар.
Әуелі білім алу арқылы пенде Алланы танып, Оның көркем есімдерін, сипаттары мен затын біледі. Ал, Раббысын тани алмағандар бақыттан мақұрым қалады. Өйткені, Алла тағала: «Алланы ұмытқандар секілді болмаңдар! Олар өздерін ұмытты» («Хашр» сүресі, 19 аят), – деп ескертеді.
Сондай-ақ, біз пайғамбарымызды (с.ғ.с.) тану үшін де білім аламыз. Егер пайғамбарды және оның әкелген нәрсесін таныса, онда ол адам хабардың шың-өтірігін ажырата алады. Алла тағала ол жайында құранда былай деп айтады: «Өздеріне хақ ілім нәсіп болған жандар Раббыңнан өзіңе түсірілген осынау Кітаптың бастан-аяқ хақ әрі ақиқаттың нақ өзі екенін анық көруде» («Сәбә» сүресі, 6 аят). Адамзат үшін үлгі тұтар адамы ол – Мұхаммед пайғамбар. Демек кез-келген мұсылман әр іс-әрекетінде пайғамбарға бой түзейді. Алайда, білімсіз адам қателікке ұрынып адасуы мүмкін. Сондықтан, оған Құран мен сүннетті дұрыс түсінетіндей пайғамбарымыздың өмірін зерттеп, оқып білім алуы тиіс.
Әрі білім мұсылманды Аллаға серік қосудан сақтайды. Себебі, пенде серік қосуға білімсіздігімен ұрынады. Мына бір аятта: «(Һәм ел-жұрты): «Өз құдайларыңнан безуші болмаңдар! Әсіресе, Уәд, Суағ, Яғус және Нәсрден баз кешпеңдер» – деп үгіттеді» («Нух» сүресі, 23 аят), – білімсіздіктерінен Аллаға серік қосып тұрғандығын байқаймыз. Өйткені ибн Аббастан жеткен хабарда: «Бұлар Нұх қауымының ізгі адамдарының есімдері. Олар қайтыс болған кезде шайтан адамдарға уәсуәс салып, бұларға арнап ескерткіш орнатуды айтады. Осылайша ол жайында хабардар болғандар дүниеден озғанда адамдар ескерткіштерге табынып кетті». Демек білімсіздік кешірілмейтін күнәға апаруы да ықтимал.
Оған қоса білім адамға ақ пен қараны ажырататындай нұр сыйлайды. Ол сол арқылы шыңдықты жалғаннан ажырата алады.
Білім адамның тақуалығын, діндарлығын арттырады. Алла құранда: «Шын мәнінде Алладан шыңайы қорқатындар ол ғалымдар» («Фатыр» сүресі, 28 аят), – деген. Себебі, ол жақсы мен жаманды, сауап пен күнәні біледі. Тіпті, оған апаратын себептерін де таниды. Сондықтан, ол күнәдан аулақ болып, сауапты істерді көбірек жасайды.
Сондықтан, шариғат мәселелерінде білім өте маңызды. Надандықпен үкім шығаратындар өзін де өзгені де адастыруда. Әрі ғалым деп саналғанмен шет елдің азаматтарынан пәтуә сұрау да қате. Өйткені, ол жергілікті халықтың жағдайын, дәстүрінен хабарсыз. Ал, бұны білу пәтуә шығарарда өте маңызды. Сондай-ақ, бір елдің үкімі басқа елге жарамауы да мүмкін. Демек жергілікті халықтың жағдайынан, салтынан хабардар әрі шариғат заңдарын оқыған адамнан үкім сұрау қажет.
Алайда, білім аламыз деп кейбір азаматтарымыз шетел асып, сол елдің жағдайымен үкім беруге тырысады. Аллаға шүкір елімізде ислам ілімдерін үйреніп, білім алуға жағдай жасалған. Ол Орта Азиядағы ислам ілімдері бойынша алдыңғы қатардағы Нұр-Мүбарак университеті. Бұл жоғары оқу орны 2001 жылы ислам әлемінің Кэмбридж, Оксфорды деп саналатын мың жылдық тарихы бар Әл-Азһар университетінің қолдауымен ашылды. Ол жерде Әл-Азһар университетінің білікті де білімді PhD докторлары мен профессорлары дәріс оқиды. Оқу араб тілінен басталып шариғаттың барлық саласын қамтумен өткізіледі. Университетте бакалавриаттан бастап магистратура мен докторантураға дейін толыққанды маман болатындай жолы қарастырылған. Ислам білім алуға шақырады. Алла тағала Құранда: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?!» («Зумәр» сүресі, 9 аят), – деп айтса, ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізге: «Білім алу әрбір мұсылманға парыз», – деп бұйырған.
Нұржан Нұрсұлтан,
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, докторант.
Алматы қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар