106-ыншы кавалериялық дивизияның қайғылы тағдыры

Ақмола облысының мемлекеттік архив қорында біздің облыс тұрғындарының Ұлы Отан соғысындағы жеңіске қосқан үлесі ерекше көрініс тапқан. Архив қорының құжаттар коллекцияларында, оқиғаға қатысушылардың жеке шығу тегі бойынша қорларында майдан мен тылда танытқан ерліктердің талай айғағы сақталған. Соғыстың бірінші күндерінен-ақ облыс тұрғындары КСРО-ға опасыз шабуылды қатты сынға алып, зұлым жаудан кек алуға ант етті.

Ақмола жерінде 3 атқыштар және 1 кавалериялық дивизия құрылып, майданға аттанған болатын. Бәрінен бұрын 1941 жылы 17 шілдеде соғысқа 310-ыншы атқыштар дивизиясы аттанды. 310-ыншы дивизия Ленинград майданында аты аңызға айналған «Дорога жизни» – «Өмір жолы» үшін талай шайқасты. Новгород қаласы жанындағы немістердің қорғанысын бұзғаны үшін «Новгородская» құрметті атауы берілді. 387-інші атқыштар дивизиясы 1941 жылдың тамыз айында құрылды. Мәскеуді Тула бағыты бойынша қорғады, Сталинградты азат ету, Қырым және Севас-
топольды босату операцияларына қатысты. 1942 жылдың басында 29-ыншы атқыштар дивизиясы құрылды. Сталинград шайқасына бірінші күнінен соңғы күніне дейін қатысты. Жауынгерлік ерлігі үшін 72-інші гвардиялық атқыштар дивизиясы болып қайта құрылды. Дивизия Курск доғасы, Днепрды азат ету үшін күресті, соғысты Прагада аяқтады.
1942 жылдың мамыр айында 106-ыншы кавалериялық дивизия құрылды. Құрамына төрт мыңнан астам адам кірді, ұлты бойынша 90 пайызы қазақ болды. Дивизия небары 102 винтовкамен, 68 мина атқышпен және 3100 қылышпен қаруланды. Есеппен айтқанда 40 адамға бір винтовкадан келді, қылыштың өзі бәріне жетпеді. Қосымша не пистолет, не автомат мүлде болған емес.
Көп уақыт бойы 106-ыншы Ақмола кавалериялық дивизиясының тағдыры белгісіз болды, бірақ, энтузиастардың жаңа іздестіру жұмыстары нәтижесінде 70 жылдан астам уақыттан кейін қазақстандықтардың трагедиялық тағдыры жалғанның жарығына шықты. Дивизия Харьков операциясына қатысып, кеңес әскері басшылығының қателігінен жау дивизияны қоршауға алады. Соның салдарынан бұл операцияның бас- аяғы қайғылы болды. Тарихта «Харьков котелы», яғни, «Харьков қазаны» деген атпен қалған дивизия көрінер-көзге қарусыз қалпында жау күшімен жойылып кетті. Ер есімдері ел есінде, жасаған ерліктері ешқашан ұмытылмайды.
Гүлмира КАСИМОВА,
Ақмола облысы мемлекеттік архивінің археографы.
Суретте: 106-ыншы кавалериялық дивизиясының командирлері мен саяси қызметкерлері. 1942 жыл 2 сәуір.
Сурет архив мұрағатынан алынды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар