Қабілетімен қадірі артқан азамат

Таяуда сексеннің сеңгіріне шығамын, осы уақыт ішінде азамат ретінде не бітірдім екен? – деп өткен өмірін көз алдынан өткізіп отырған шығар, менің кейіпкерім Болат Сманұлы Татыбаев. Соғыс басталғанда дүние есігін ашқан Болаттың балалық шағы сол кездегі замандастары сияқты ішсе тамаққа тоймай, кисе киімге жарымай, жүдеу өткеніне сөз жоқ. Өйткені, уақыттың өзі солай еді.

Ес біле бастағанда көргені туған қаласы Ақмоланың реңсіздеу көркі. Ол кездегі сауда орталығы, халықтың көп жиналатын жері базар. Онда көптеген халықтың өкілдері. Олардың көбі жер аударылған кавказдықтар, немістер, кәрістер, тағы басқалар. Туған жерлерінен айырылған халықтың хал-жағдайлары қандай болатыны белгілі. Қалада болып жатқан ұрлық, төбелес, кісі өлімдері тәрізді келеңсіз жағдайлар туралы органда істеп жүрген әкесі Сман ақсақалдан күнде естиді.
Осылай жүріп, жеті жасар бала Ақмола қаласының таяуда жүз жылдығын атап өткен Жамбыл атындағы № 4 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттапты. Мектепті жақсы аяқтаған Болат үй жағдайына байланысты жоғары оқу орнына бармай, шоферлық курсты бітіріп, мамандығы бойынша еңбек етеді. Алпысыншы жылдардың басында Отан алдындағы міндетін атқаруға аттанады. Армия қатарында жүріп біраз жетістіктерге жетеді. Партия қатарына алынып, батальонның комсомол ұйымын басқаруға дейін көтеріледі. Осы еңбегін байқаған бастығы майор Егоров пәтер алуына көмектеседі. Әскери міндетін абыроймен орындап келгеннен кейін №1 такси паркіне жұмысқа орналасады. Мұнда да басқару қабілетінің барлығын байқаған басшылар бас инженерлікке дейін көтереді.
Өндіріске жиырма бестен аса жаңа жетілдіру ұсыныстарын енгізеді. Осында екі рет коммунистер өздеріне басшы етіп сайлайды. 1975 жылы сауатты инженерді, партия қызметінде тәжірибесі бар қызметкер ретінде Совет аудандық партия комитетіне қызметке шақырады. Осыған келердің алдында институтты бітіріп алады. Осында үш жыл абыройлы қызмет атқарғаннан кейін аудандық партия комитетінің бюросы «Автоматика» комбинатын басқаруды сеніп тапсырады. Осы қызметте 1985 жылға дейін істеп, комбинат ССРО-да Ленинградтан кейін екінші орынға не болады. Комбинат төңірегінде тұратын халыққа барлық жағдай жасалынады. Алматы, Мәскеу қалаларымен телеграфтық байланысты жақсартады, «Телетайп» орнатады. Қазақстан бойынша екі рет ауыспалы Қызыл Туды жеңіп алып, Қазақстанның БХШК (ВДНХ) құрмет тақтасынан орын алады.
Ақмола қалалық партия комитетінің бюросы Болат Сманұлын Автомобилистер басқармасының біріктірілген партия комитетіне хатшылыққа ұсынады. Партиялық тізімде алты жүзге тарта коммунистер болған, соны 77 адамға ұлғайтқан. Мұнда да коммунистердің екпінді жұмыстарының арқасында Автомобилистер басқармасы екі рет республиканың ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алады.
Кеңес Одағы құлағаннан кейін Автомибилистер оқу комбинатының директоры, ірі кәсіпкер Е.С.Манаевтың автобазасының директоры, тағы басқа қызметтерді абыроймен атқарады.
Бөкең осы қызметтерді атқару кезінде А.Ф.Козловский, Л.Л.Огонезов, А.Қ.Бөлекпаев, А.А.Шәкіров, Е.С. Манаев, И.Г.Янсон сияқты керемет жақсы азаматтармен қызметтес болып, көп нәрсені сол кісілерден үйрендім деп еске алады. Сексеннің шыңына шыққалы отырған Болат ақсақал өзінің өмірін, еңбек жолдарын көз алдынан өткізіп отырған кезең ғой деп ойлаймын. Абыройлы қызмет атқарғаны осы мақалада жазылғанынан ақ көрініп, мықты басшы, ұйымдастырушы қабілеті жоғары болған.
Алғашқы партия қызметіне келгендегі басшысы, ұстазы болған Қазбек Фатихұлы Ахметжанов «сол кезде жас Болат Сманұлы сауатты, тәртіпті, адамгершілігі мол, жауапты қызметкер екендігін байқатты. Осы қасиетінің арқасында барлық қызметте де зор ұйымдастырушылық, басқару қабілетінің жоғары екендігін сезіндім.
Бүгінде бәйбішесі екеуі немерелерін сүйіп, тәрбиелеп отырған, сыйлы ақсақал. Болат Сманұлы Ақмола облысында туып, осы облыстың халық шаруашылығында аянбай отыз жылдан астам еңбек етіп, қалған зейнетке дейінгі уақытын жаңа астананың дамуына үлес қосты» деп еске алады.
Болат Сманұлы Татыбаев сияқты басшылар егеменді еліміздің дамуына қажет-ақ. Ондай менеджерлер көбейеді деп сенейік. Отанымыз бай-қуатты болуға жазсын!
Еркін Дәуешұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар