Көкшетау қаласы – Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы

Көкшетауда 2021 жылдың 17 – 20 қыркүйегі аралығында аймақтық театрлар фестивалі өтеді

Аймақтық театрлар фестивалі шақырады

Биыл Көкшетау топырағындағы ірі мәдени ошақтардың бірі, руханияттың алтын бесігі, өнердің қара шаңырағы Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрына 25 жыл. Ең алғаш театр шымылдығы Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері Ақтоқты» драмасымен ашылды. (Режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омаров.)
Ширек ғасыр бойы үздіксіз қызмет жасап сахнаның сәні боп келе жатқан Шахаң театры көптеген белестерді бағындырып өз көрермендерін ұдайы қуантып келеді.
– Әлемді сарсаңға салған індеттің кесірінен театр мен көрермен арасындағы байланыс әлсіреп, күллі сала шарасыз күй кешіп тығырыққа тірелгені әмбеге аян. Десе де қазақ театры өз бағытынан жаңылмақ емес. Театрдың кезекті XXV – маусымында көрерменге ұсынар тың қойылымдары мен жаңашыл жаңалықтары көп болмақ. Басты жаңалықтардың бірі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Шахаң театрының 25 жылдығына орай, III – Аймақтық театрлар фестивалі ұйымдастырылмақ. Фестиваль 2021 жылдың 17 – 20 қыркүйек аралығында өтеді деп жоспарлануда. Көкшетау төріндегі театр мерекесіне Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Петропавл қалаларындағы облыстық қазақ театрлары қатысады деп күтілуде. XXV театр маусымы 9 қыркүйек күні Медеу Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» драмасының премьерасымен ашылатын болады. Адами құндылықтарды алға тартып, қоғамның қордаланған мәселелерін өзек еткен жан тебірентер қойылымның сахналаушы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оразхан Кенебаев. Сонымен қатар, жаңа маусымда А. Цагарелидің «Ханума» комедиясы (режиссері Б.Абдрахманов), Д.Кабурнның «Жынойнақ» трагикомедиясы (режиссері А.Аян), М.Машадудың «Бразилия байлығы» ертегісі (режиссері М.Тасқын) сынды жаңа қойылымдар көрермен назарына ұсынылады, – дейді Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әдебиет бөлім меңгерушісі Манарбек Қыдырбайұлы.
Қазақ театры көрермен қауіпсіздігі үшін кезекті театр маусымын пилоттық режимдегі «Аshyq» қосымшасы арқылы жалғастыратынын хабарлайды. Өзіңіздің және жақындарыңыздың саулығы үшін басқа да сақтық шараларын ұмытпағайсыз. Театрда қауышып, Көкшетау қаласы Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы аталып отырған мерекелі жылы осы фестиваль қызықтарын бірге тамашалайық!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар