Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі екінші ғасырына қадам басты
Облыстық тарихи-өлкетану музейі – өлкенің ежелгі мәдени мекемелерінің бірі әрі бірегейі. 1920 жылдың наурыз айында Көкшетау қаласындағы уездік халыққа білім беру бөлімі жанында құрылған музей 2020 жылы өзінің 100 жылдығын атап өтті. 1920 жылдың 1 тамызында көрнекі құралдар музейінің меңгерушісі ретінде педагог және ғалым И.Хохлов тағайындалған екен. Бастапқы қордың негізі қала мектептерінің коллекцияларынан жинақталып, тапсырылған.
1944 жылы Көкшетау облысының құрылуына байланысты музей 1945 жылдың қаңтар айынан бастап облыстық тарихи-өлкетану музейі болып қалыптасқан. 1974 жылдан бастап музей Көкшетау қаласының орталық алаңына жақын орналасқан ғимаратта орналастырылды. Музей ғимараты – 1904 жылы салынған, тарих және сәулет ескерткіші есебінде мемлекеттің қорғауында. 2000 жылы музей облыстық тарихи-өлкетану музейі мәртебесіне ие болады. Облыстық музейдің алғашқы ауқымды қайта жөндеу жұмыстары 2012 жылы жүргізілді. 2018 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінде Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихын, оның жетістіктері және Тұңғыш Президенттің ірі тарихи рөлін көрсететін «Елбасы және Тәуелсіздік» заманауи тарих залы ашылды.
2019 жылы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласының жарық көруіне байланысты облыстық тарихи-өлкетану музейі залдарында жаңа инновациялық технологияларды қолдану арқылы тағы бір реэкспозиция жүргізілді. Келушілерге ыңғайлы болу үшін жәдігерлерді дәстүрлі көрсетумен қатар мониторлар, сенсорлық моноблоктар жұмыс істейді, сонымен қатар, музейде алғаш QR кодтар орнатылды.
Облыстық музей біздің өңірдің маңызды мәдени-білім беру орталықтарының бірі, сонымен қатар, облыстық мемлекеттік және қоғамдық музейлердің ғылыми-әдістемелік орталығы болып табылады. Бай қоры жыл сайын жаңа коллекциялармен толықтырылып отырылады. Бүгінгі таңда 83 000 астам жәдігер бар. Музейдің өлкенің тарихын зерттеуге бағытталған ғылыми қызметі ұлттық тарихты дамытуға белгілі бір үлес қосуға мүмкіндік береді. Тылсым тарих тұнып тұрған залдың бірі – «Ұлы дала өркениеті» деп аталады. Негізінен Алаштың ардақты ханы Абылайға арналған. Көпшілік тарапынан қызығушылық туғызатын да осы жер. Залға қазақ батырларының ел мен жерді қорғаудағы жанын шүберекке түйіп ұстаған қару-жарағы, қазақ хандығы дәуіріндегі ақсүйектердің киген киімдері қойылған. Мәселен, Абылайдың немересі Шоқан Уәлихановтың шапаны және саяхатшы Шоқан Уәлихановтың жиенінің шолпысы қымбат заттар болып есептеледі.
«Елбасы және Тәуелсіздік» залында тәуелсіз Қазақстанның тарихында тағдыршешті маңызы бар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері, Қазақстан Республикасының Конституциясы қойылған. Ел тарихына елеңдейтін көзі қарақты көрермен Елбасының өмір жолы, жеке тұлға ретінде қалыптасуы, қарапайым жұмысшыдан саяси қайраткерге, Ұлт Көшбасшысына дейінгі өмір жолын айғақтайтын мұрағаттармен таныса алады. Зал экспозиция-
сында Ұлы дала астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының салынуына және дамуына байланысты мол деректер де қамтылған.
Өлкенің өңін бажайлап, өрісін көз алдына келтіргісі келген адам алдымен «Табиғат» залына соғар еді. Бұл жерде аймақтың жер қыртысы, ауа райы, флора мен фауна бөлімі бойынша мол мағлұматтар бар. Экспозиция эко жүйелерді қолдана отырып, ландшафтық көрсету әдістеріне сай жасалған «Көкшетау», «Бұйратау», «Бурабай», «Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығы тәрізді жұмақ мекеннің жылнамасын топтастырған материалдарға да орын берілген. Минералдар және тау жыныстарының жинағы қызығушылық туғызатыны сөзсіз. Бір айта кетерлігі, зал мультимедиялық қондырғылармен жабдықталған. Табиғат тақырыбын кеңейтіп көрсететін «Табиғи тарих» залында көз тоқтатып көретін дүние аз емес. Айталық, «Антропоген» бөлімінде әуел бастағы қалпына келтірілген мамонт, жүнді мүйіз тұмсық, бизон, үлкен мүйізді бұғы сияқты жануарлардың сүйек қалдықтары жинақталған.
Музейде тас дәуірінен бастап темір дәуіріндегі өлкеміздің тарихы қолмен қойғандай тәптіштеліп, екшеліп, көрермен назарына ұсынылуда. Бұл орайдағы негізгі жәдігерлер – Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында өткен археологиялық экспедициялар кезінде табылған жәдігерлер. Тас ғасыры ежелгі адам эволюциясының негізгі үш кезеңдерімен көрсетілген. Палеолит, мезолит және неолит. Палеолит тұрағы «Ақтас» диорамасымен бейнеленеді. Энеолит – неолит және қола ғасырлары арасындағы өтпелі кезең есебінде. Бұл орайда жабайы жылқыларды қолға үйрету, жылқы өсіру бағытындағы мал шаруашылығы туралы деректер де бар. Осы арада сонау қола дәуірінде әйелдердің қалай киінгендігін көруге мүмкіндік туып тұр. Көне қорғандардан табылған олжалар сақ тайпаларының жоғары және көп жағдайда өзіндік мәдениетін, көне дәстүрін сақтағандығын көрсетеді.
Біздің дәуіріміздің VІ-Х ғасырларында өлке Түрік, Батыс түрік, Қарлұқ, Қимақ қағанаттарының құрамына енгендігін білеміз. Ұлы Дала әлемге жылқы шаруашылығы мен салт ат мәдениетін сыйлағаны баршамызға белгілі. Шексіз, шетсіз даланың көзарбар көркем бейнесі диограмма аясында құлын пішінінде бейнеленген. Сонымен қатар, айбарынан ай ыққан Алаш жауынгерлерінің са-
уыт-саймандары мен қару-жарақтары да орналастырылған. Орта ғасырлық қытай қола айнасы бірегей жәдігер болып есептеледі.
Алаш жұрты – көшпелі өркениеттің ұлы өкілі. Өлкенің мәдениеті өткен заман мәдениетінің ерекшеліктерінің айқын көрсетіп тұр. Этнос өмірінің, шаруашылық-мәдени әдет-ғұрпы мен дәстүрлерінің ерекшеліктерімен, этнографиялық коллекциялардың үздік үлгілерімен «Қыстау» және «Этнография» залдары таныстырады. «Қыстау» залы мынандай бөлімдерден тұрады: шаруашылық және мәдени қатынастардың ерекшеліктері, егіншілік, аң аулау, қазақтардың қысқы тұрғын үйінің көрінісі тәрізді деректер қамтылған. «Этнография» бөлімінде Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Иманжүсіп тәрізді өлкенің өнерін өрге көтерген тұлғалар туралы толымды деректер бар.
Экспозиция киіз үйлерді құрастыру элементтерін, киіз өңдеудің, тоқымашылық пен кілем тоқудың бірегей үлгілерін ұсынады. Зергерлік өнер туралы зерделі жанның кәдесіне жарайтын деректер де бар. Дәстүрлі ұлттық киімнің үлгілерін көріп, халықтық музыка аспаптарының бірегей нұсқаларымен таныса аласыз.
Бір сөзбен айтқанда, облыстық тарихи-өлкетану музейінен алар тағылым аз емес.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Суреттерде: музей директоры Қуаныш Шақшақов және жәдігерлер топтамасы.
Суреттерді түсірген Советбек Мағзұмов.