Астық егумен айналысатын негізгі аймақтар жаппай егін жинауды тамыздың үшінші онкүндігінен бастайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биылғы егін жинау науқаны уақытында басталды. Бүгінгі күні республика бойынша барлығы 1,5 миллион гектарға жуық дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар немесе көрсетілген облыстардағы жалпы егін жинау алаңының 14 пайызы жиналды. Өткен жылы дәл осы күнге 1,6 миллион гектар немесе 15,7 % жиналған болатын. Орташа түсімділік гектарына 10,1 центнер құрап, 1,5 млн тонна астық бастырылды.
Астық егумен айналысатын негізгі аймақтар жаппай егін жинауды осы айдың үшінші онкүндігінен бастайды», – деді Ербол Қарашөкеев . Оның айтуынша, жаппай егін жинау жұмыстарының басталуына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер барлық қажетті техниканы дайындады. Жалпы республикада егін жинау жұмыстары үшін 141,7 мың трактор, 73,5 мың трактор тіркемесі, 36,9 мың астық жинайтын комбайн, 12,8 мың егін орағы бар. «Жұмыстың ұзақ уақыт тоқтап тұруын болдырмау үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жөндеу бригадаларын құрды.
Сервистік компаниялармен олардың далалық қызметін күшейту, сонымен қатар қоймаларды қажетті қосалқы бөлшектермен толықтыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 396,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Энергетика министрлігімен бірлесіп облыстардың операторларын мұнай өңдеу зауыттарына бекітіп беру графигі жасалды. Шілдедегі көлемдерді өңірлер толығымен алды. Қазіргі уақытта тамыз айының көлемдері жөнелтілуде», – деді Ербол Қарашөкеев.
Дереккөз: www.inform.kz