Білім мен ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, Көкшетау қаласындағы бірқатар білім ордаларын аралап көрді және облыс мұғалімдерінің жаңа оқу жылы қарсаңындағы дәстүрлі тамыз кеңесінің пленарлық мәжілісіне қатысып, сөз сөйледі. Министрдің облысқа сапары кезінде онымен Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев бірге болды.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов облыстағы жұмыс сапарын Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжін аралаудан бастауы бекер емес. Бұл оқу орны биыл республикалық кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері арасында өткен рейтингте «Білім беру» бейіні бойынша үздік оқу орны атанған болатын. Оның үстіне колледжде биыл жаңадан «Логопедия» мамандығы ашылуда.

– Оқу орнында 8 мамандық, 14 біліктілік бойынша мамандар даярланады. Биылғы жылы «Логопедия» мамандығы бойынша логопед қолданбалы бакалавры біліктілігіне 20 талапкер қабылданды. Биыл колледжге жалпы негізгі орта білімнен кейінгі 224 талапкер оқуға түсуге қатысты, жоспарланған мемлекеттік тапсырыс 200 болса, қабылданғаны 168, ал, 11 сыныптан кейін 110 студент мемлекеттік тапсырыспен оқуға түсті, –деп колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Әсел Рахымжан қабылдау комиссиясының жұмысын жан-жақты түсіндіріп берді.

Оқу орнының білім беру рейтингісінің жоғарылығына байланысты биыл колледжге талапкер көбірек құжат тапсырыпты. Оқуға қабылдаудың жаңа форматы бойынша қандай қиындықтар барын сұрап білген министрге білім ордасының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Нұртас Ахат ауыл мектептерінің балалары үшін бастапқы кезде құжат тапсыру түрлі қиындықтар туғызғанын алға тартты. Десе де, колледж қызметкерлері талапкерлерге қажетті көмек көрсетіп, бағыт-бағдар берудің нәтижесінде оқуға ниет білдіргендердің барлығы құжаттарын тапсырып үлгерген. Сонымен бірге, министрге оқу орнындағы еліміздегі білім беру бейіні бойынша жұмыс істеп жатқан кәсіптік-техникалық мекемелерге әдістемелік көмек көрсететін республикалық оқу-әдістемелік орталығының жұмысы, қашықтықтан білім беру мүмкіндігі зор заманауи үлгідегі конференц-зал және тағы да басқа жаңа кабинеттер таныстырылды.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіндегі кездесуден кейін еліміздің Асхат Аймағамбетов Ақмола облысының педагогикалық қызметкерлерінің «Білім мен ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі» атты тақырыпта «Болашақ» сарайында ұйымдастырылған тамыз конференциясының пленарлық мәжілісіне қатысты. Өткен оқу жылының нәтижелері қорытындыланып, биылғы жылға қойылып отырған мақсат-міндеттер белгіленген жиынды аудандық және қалалық білім бөлімдерінің қызметкерлері, барша ақмолалық мұғалімдер мен әдіскерлер қауымы онлайн түрінде қашықтықтан тамашалады. Конференцияны облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов ашып, өткен жылы білім беру саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында жан-жақты баяндама жасады, өңірдің педагогтарын оқу жылының басталуымен және келе жатқан Конституция күнімен құттықтады.

–Педагогтардың дәстүрлі облыстық тамыз конференциясы аясында 24 секциялық отырыс өтуде. Онда 139 ұстазға өз тәжірибесімен бөлісуге мүмкіндік берілді. Облыстық секция отырыстарына 13 мыңға жуық мұғалім қатысуда. Өткен оқу жылында пандемияға байланысты оқу үрдісі дәстүрлі, қашықтықтан және аралас форматтарда өтті. Соның салдарынан білім беру саласында бірқатар проблемалар анықталды. Атап айтқанда, қашықтықтан оқыту форматына көшуге біз дайын болмадық, Интернет байланысының әлсіздігі де өз кедергісін келтірді, білім беру онлайн-платформаларының жеткіліксіздігінен мұғалімдер көбінесе ватцап мессенджерін ғана қолданды.

Компьютерлердің нашарлығы мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуы проблемасын ашып берді. Сондай-ақ, мұғалімдердің ІТ-компетенцияларының төмендігі айқындалып, бұл мәселе жедел шешуді талап етті. Қиындықтарды ұйымдаса жеңіп, білім беру ұйымдары тұрақты түрде оқыту барысын жалғастырды. Бұл – әр мұғалімнің қажырлы еңбегінің арқасында жеткен нәтиже. Мен Ақмола облысының әрбір мұғаліміне пандемия жағдайындағы баға жетпес еңбегі үшін алғыс айтамын, – дей келе басқарма басшысы білім беру сапасы, кадрлардың біліктілік деңгейі, білім ордаларының материалдық-техникалық базасы, жылыту маусымына дайындық, мектепке дейінгі білім, жалпы орта білім, кәсіп-техникалық оқу орындарындағы мамандар даярлау тәрізді мәселелерге де егжей-тегжейлі тоқталды.

Жалпы білім беру сапасына тоқталатын болсақ, өткен оқу жылының қорытындысы бойынша 61,8 пайызды құрапты. 2019-2020 оқу жылымен салыстырғанда білім сапасының көрсеткіші 2 пайызға төмендеген. Өңірдің бас ұстазы биыл бұл көрсеткішті көтеру мақсатында біраз жұмыстар жүргізуді көздеп отырғандығын алға тартты. 2020-2021 оқу жылында 5053 оқушы 11-інші сыныпты тәмамдаса, 384-і «Алтын белгі» иеленіп, 269-ы үздік аттестатпен аяқтаған. Олардың 224-і ғана немесе 58 пайызы мемлекеттік грантқа ие болыпты.

Конференцияда сөз сөйлеген облыс әкімі Ермек Маржықпаев ең алдымен барша педагогтарды келе жатқан мемлекеттік мейрам –Конституция күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, алдағы жаңа оқу жылына табыс пен сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде:

–Білім – адами капиталды дамытудың маңызды факторы, ал, оның сапасының және қолжетімділігінің мәселелері кез-келген мемлекет табысының кепілі және құрамдас бөлігі саналады. Ел тәуелсіздігін алғаннан бері Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың бекіткен әрбір құжаты мен жоспарлы бағдарламаларында білім саласы үнемі алдыңғы орында тұрды. Егемендік алғаннан бері облыста 50 шақты жаңа жалпы білім беру мекемесі, 5 қосымша оқу корпусы салынып, 18,5 мың орынды қамтыды. 24 жаңа балабақша бой көтеріп, 5,5 мыңға жуық орын ашылып, бүлдіршіндер игілігіне ұсынылды. Өткен жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында балалардың теңдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, оқытудың күндізгі дәстүрлі нысанына қайтып оралу туралы міндет қойды.

Бүгінгі таңда, ол міндет қабылданып, жаңа оқу жылы барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, көптен күткен дәстүрлі, оффлайн-форматта басталады, –дей келе өңірдегі білім саласы бойынша қол жеткен жетістіктер мен мектептердің күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстарының қарқынды жүргізілуі, салаға бөлінетін жыл сайынғы қаржы мәселесі, оқушылардың талабы мен талантын ұштау мақсатында әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдау-көмектер жайында кеңінен әңгімелеп берді. Биыл 160 маман баспаналы болу үшін жеңілдетілген несие алыпты. Ағымдағы жылы білім саласына бюджеттен 132 миллиард теңге құйылыпты.

Биылғы оқу жылындағы ерекшеліктердің бірі – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппе» және «Ана тілі», «Букварь» және «Обучение грамоте» пәндерінің қайтарылуы. 1 қыркүйек күні мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге «Әліппе» және «Букварь» оқулықтары салтанатты түрде табыс етіледі. Сонымен бірге, мұғалімнің жүктемесі 18-ден 16 сағатқа азайтылды. Сабақ ұзақтығы 45 минутқа қайтарылды. Тағы бір өзгеріс – салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында дене шынықтыру бағдарламаларына шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі ойындары енгізілді. Биылғы оқу жылынан бастап, 3 сағаттан артық секция жұмыстарын жүргізетін дене шынықтыру мұғалімдеріне ынталандыру ретінде 18 мың теңге көлемінде үстемақы тағайындалады.

–«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғанына бір жарым жыл болды. Бүгін сол заң шеңберіндегі мүмкіншіліктер белсенді әрекетке кірісті. Төрт жыл көлемінде жыл сайын мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға өсіп, магистрлік дәрежесі бар, педагогикалық шеберлік деңгейін растаған ұстаздарға қосымша үстемақы тағайындалады. Сонымен қатар, мектеп басшылары мен олардың орынбасарлары үшін де аттестаттау механизмі құрылды.

Бұл заң мұғалімдерді өзіне қажеті жоқ функциялардан, артық есептіліктен босатты. Мұғалім, яғни, педагог аты айтып тұрғандай, есеп берумен емес, бала оқытумен айналысуы тиіс. Заң қабылданды деп педагогтардың өктемсуіне болмайды, бала тәрбиесі мен білім сапасына ұқыпты, жауапкершілікпен қарап, сол мәртебеге лайықты қызмет етуіміз керек. Осы заң шеңберінде жасалған тағы бір ерекшелік жоғары және орта арнаулы оқу орындарын тәмамдап, педагог жолын таңдаған жастар мектептерге енді арнайы аттестациялық тестілеуден өтіп қабылданады.

Мектептерде биылдан бастап аттестаттау тексерістері жүргізіледі. Бұл жұмыс біреуді жазалап, жауапқа тарту мәселесі үшін емес, саладағы кемшіліктерді жойып, педагогтарға дұрыс нұсқау көрсету мақсатында ұйымдастырылады, дей келе Білім және ғылым министрі өткен оқу жылында барша еліміз оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдаған мәселеге тоқталды. Бұл орайда, бүгінде қалалық және аудан орталығындағы бала саны көп мектептерге түрлі қауіпсіздік шаралары ұйымдастырылуда. Арнайы турникеттерден бастап, дабыл түймелері орнатылуда, бейнебақылау камералары мүмкіндігінше құқық қорғау органдарының жедел басқару орталықтарына қосылуда. Дегенмен, Асхат Аймағамбетов бұл ретте:

– Әрине, білім беру мекемелеріне, әсіресе, ел болашағы – балалар жүрген жерге қауіпсіздік шараларын ұйымдастырған жөн. Ал, шағын жинақталған, мәселен, 5-6 оқушысы бар мектептеге мұндай қауіпсіздік шараларын жүргізудің қаншалықты маңызы бар? Ондағы әр бала мұғалімнің көз алдында, қызметкерлер кімнің не істеп жүргенін анық байқап отырады, –деп атап өтіп, жаңа оқу жылында енгізіліп отырған тәрбие жұмысының ерекшеліктеріне тоқталды. Енді мектептерде пікірсайыс, өзін-өзі басқару, медиация жұмысын ұйымдастыру, мектеп түлектерін меценаттық қызметке тарту, күн сайын 20 минуттық кітап оқу деген жобалар жүргізіледі.

Конференция соңында облыстың білім беру мен тәрбиелеу процесін ұйымдастыру, оқыту мен тәрбиелеудің біртұтастығын қамтамасыз етудегі елеулі табыстары, кәсіби шеберліктері мен педагогикалық үрдістегі жетістіктері үшін бірқатар педагогтар «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен және 100 мың теңге ақшалай сертификаттарымен марапатталды.

Олардың ішінде облыстық мектепке дейінгі, орта, кәсіптік-техникалық білім беру салалары бойынша өткен «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары, Көкшетау қалалық «Өркен» бөбекжайының музыка жетекшісі Ольга Корябкина, Жақсы ауылының №1 мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләззат Қасқаева, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің арнайы пәндердің оқытушысы Әлия Заманбекова бар.

Марапатталғандар ішінде «Ең үздік орта білім ұйымы» облыстық байқауы бойынша Бас жүлде алған Зеренді ауданының Зеренді ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназиясының директоры Эльмира Халеловаға 20 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Дәл осындай сертификат «техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін үздік ұйым» атты байқауда жеңіске жеткен Степногорск қаласының жоғары колледжіне тапсырылды. Оқу орнының басшысы Елена Крайнева да сахнаға көтеріліп, жиналған қауымды жаңа оқу жылымен құттықтап, барша педагогтар атынан облыс әкімі мен Білім және ғылым министріне зор алғыс білдірді.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар