Жаңа жобалар Ақкөл қаласының тартымдылығын арттырады

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Ақкөл ауданында болып, өңірде жоспарланған инфрақұрылымдық жобалардың жай-жапсарымен танысты, оның барысында өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салып, орындаушылармен бірге, жобаларды жетілдіре түсетін тұстарды пысықтады.

Ақкөл қаласында облыс әкіміне орталық мәдениет және демалыс саябағын қайта жаңарту жобасы таныстырылды. Жоба авторы-ландшафт сәулетшісі Роман Шнайдерманның айтуынша, саябақтың ауданы – 12 гектар жерді қамтиды.

–Саябақты өз пайдамызға айналдыруға болатын айқын артықшылықтарына тоқталсақ, мұнда табиғи қылқан жапырақты және жапырақты ағаштар көптеп өсуде. Шын мәнінде бұл жер нағыз орманға пара-пар. Жобада біз осы табиғи сұлулықты сақтап қалып, негізінен, табиғи материалдардан, яғни, ешқандай асфальт пен бетонды пайдаланбай, эко-саябақ стилінде жасауды көздеп отырмыз.

Мұнда балалар мен көру алаңдары, пикниктер, веложолдар, би алаңдары орнатылады, – деп жоба авторы веложолдардың қалай жасалатыны, оның қысқы уақытта шаңғы жолына айналатыны туралы кеңінен айтып берді. Ал, Ұлы Отан соғысының майдангерлеріне арналған ескерткіш сол қалпында өзгеріссіз сақталып қалады. Өңір басшысы оның сөзін тыңдай келе, саябақтың басқа аудандардың да тұрғындарын қызықтыратындай етіп жасалуына мән берілуі, осылайша туристерді тартатын көрікті орынға айналуы керектігін атап өтті. Себебі, жоба құны да аз емес, 450 миллион теңгені құрайды.

– Ілеспе инфрақұрылымды да қарастыру қажет, – деді Ермек Маржықпаев жобамен таныса келе, – Бурабай бұрыннан дамып келе жатқан курортты аймақ, онда ағылып жатқан туристер жеткілікті. Мұнда жаңа курорттық орталық құрудың тамаша мүмкіндігі бар. Егер бәрі жобадағыдай орындалса, керемет болар еді. Әдетте, саябақ аймағының бөлінбей, жер аумағының нысаналы мақсатының өзгертілмеуі сирек кездесетін жай.

Айта кетейік, орталық саябақты қайта құру – қазақстандық урбанистер қауымдастығы әзірлеген Ақкөл қаласын дамытудың шебер-жоспарында ұсынылған жобалардың біреуі ғана. Бұл ретте, қауымдастық мамандары өңір басшысына алдағы бес-алты жыл ішінде аудан орталығы қалай өзгеріп, қаншалықты ыңғайлы және жайлы болатындығы туралы кеңінен айтып берді.

Шебер-жоспар бойынша Ақкөл көлінің жағалауы қайта жаңғырып, қала ішіне веложолдар салынып, айналасы қылқан жапырақты ағаштармен көмкерілмекші. Мұнда туристік бағыттар белгіленіп, велосипед жолдары, глэмпингтер мен кемпингтер, отбасылық үлгідегі шағын пансионаттар, ерекше балаларға арналған инклюзивті спорт алаңдарын салу да жоспарланыпты. Болашақта Бурабайдан кем емес демалыс орнын жасақтауға болады, әрі Ақкөл Нұр-Сұлтан қаласынан бір сағаттық ара қашықтықта ғана орналасқан.

–Урбанистер қауымдастығының Ақкөл қаласына қызығушылық танытып отырғаны бізді қуантып отыр. Ішкі туризмге деген қызығушылық артып келеді, ал, Бурабай бүгінде бұл сұранысты қанағаттандыра алмайды. Бізге қазіргі уақытта туристерді көптеп тартатын басқа да нүктелер, айталық, Щучинск-Бурабай курорттық аймағына қарсы магнит болатын аймақтар керек, –деп облыс әкімі қауымдастық мүшелеріне жаңа қала – Қосшыға да назар аударуға кеңес берді.

Ақкөл қаласын дамытудың шебер-жоспарының кейбір тұстарын өзара талқылап алған Ермек Маржықпаев пен Қазақстан Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, қазақстандық урбанистер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Ерлан Аукенов ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Бұдан әрі жұмыс сапары кезінде аймақ басшысы Урюпинка ауылында жүзеге асырылып жатқан бірнеше инфрақұрылымдық жобалардың жай-жапсарымен танысты.
Ақкөл ауданының әкімі Алпысбай Қайыржановтың айтуынша, Урюпинка ауылының автожолдарын жөндеуге бюджеттен 104 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, мұнда 4,5 шақырымды құрайтын бес көшенің жолдарына жөндеу жүргізілген екен. Сонымен қатар, көшелерді жарықтандыруға облыстық бюджеттен 25 миллион теңге қаражат бағытталыпты. Көшелерді жарықтандыратын 3,2 шақырымды құрайтын желі монтаждалып, 98 энергия үнемдеуші шамдар орнатылыпты.

Облыс әкімі сондай-ақ жергілікті мәдениет үйінің жөндеу жұмыстарының барысымен танысты және ағымдағы жылы жылыту жүйесі жаңғыртылған жеке тұрған блоктік-модульдік қазандығының құрылысы жүргізілген жалпы білім беретін мектептің жағдайын барып, көрді. Құрылғыны сынақтан өткізу жұмыстары сәтті өтіп, отын қоры да осы бастан ойластырыла бастаған.
Сонымен бірге, аймақ басшысы Урюпинка ауылындағы бұрынғы балалар үйіне барды. Қазіргі уақытта бұл мекеме балабақша мен мектеп-интернатты қамтитын арнайы кешенге айналдырылыпты. Мұнда әлі де жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрады екен. Облыс әкімі кешен қызметкерлерімен әңгімелесіп, қажырлы жұмыстары үшін алғысын білдірді және сыйлық ретінде үлкен теледидар тарту етті.

Сапарының соңында Ермек Маржықпаев 1,5 мыңнан астам адамға медициналық қызмет көрсететін Урюпинка дәрігерлік амбулаториясында да барды. 1969 жылы салынған ғимарат жыл сайынғы жөндеу жұмыстары есебінен қанағаттанарлық жағдайда екен. Олай болса, мұнда жаңа медициналық мекеме салу қажеттілігі туындайтыны анық жағдай. Осы мәселе төңірегінде де пікір алмасылып, елді мекеннің әлеуметтік жағдайы одан әрі назарда ұсталатыны байқалды.

Алексей ЧАЙКА,
Ырысалды ШАМШИЕВА.
Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар