Бурабай курортты аймағы байрақты жарысты қабылдады

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапасымен Бурабай ауданында болып, өңірдің бүгінгі өмір тынысымен танысты, сондай-ақ, трамплиннен шаңғымен секіру бойынша жазғы FIS Гран-при әлем кубогы кезеңінің ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Іс-шараның ашылуына бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен Токиодағы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Давид Дегтярев, трамплиннен халықаралық шаңғымен секіру спорты федерациясының рейс-директоры Сандро Пертиле және трамплиннен шаңғымен секіру спорты және шаңғы көпсайысы федерациясының президенті Ескендір Қарсыбеков қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Облыс әкімі жұмыс сапарын Щучинск қаласында ашылған «Білім инновация» ІТ лицейінің материалдық-техникалық базасымен танысудан бастады. 2019 жылы пайдалануға берілген нысан 800 орынға арналған. Қазіргі уақытта онда қазақ және орыс тілдерінде 552 оқушы білім алады. Биыл 7 сыныпқа 72 оқушы қабылданыпты. Нысанда 130-дан астам адам қызмет етеді. 51 педагогтың 41-інің педагог-шебер, жоғары, бірінші, екінші санатты дәрежелері мен педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, педагог-модератор тәрізді атақтары бар.
–Аз уақыттың ішінде мектеп ішін ерекше дизайнмен өрнектеп, тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп шығыпсыздар. Мұнда облыс орталығындағы ІТ-лицейде жоқ озық технологиялар бар екен, сондықтан ең үлгілі оқу орны деп бағалауға болады. Аудандар мен шалғай ауылдардан келген дарынды балаларға білім берумен қатар, бос уақытта шұғылданатын үйірмелері мен спорт секцияларын да қамтып, олардың жан-жақты дамуына үлес қосатындықтарыңызға сенімдімін. Ең бастысы, бұл мектеп ақмолалық оқушыларға арналуы тиіс, себебі өзге облыстардан келіп білім алатын шәкірттер үшін мұнда ІQanat мектебі бар, сондықтан, облыс оқушыларына басымдық беріңіздер, – деді мектеп директорының міндетін атқарып жүрген Айбек Досымбековке. Қазіргі заман талабына сай ұйымдастырылған лицейде оқушылардың білім сапасы жоғары болады деген үміттеміз. Болашақта бұл оқу орнын бітіріп шыққан түлектер жоғары оқу орнын тәмамдамай-ақ, ІТ саласында жұмысқа орналаса алады. Және бір ерекшелігі, шет елдерде жұмыс істеп жатқан ақмолалық ІТ-мамандар қашықтықтан байланысып, оқушылармен түрлі тақырыпта тәжірибе алмаса алады. Болашақта мектепте республикалық, халықаралық деңгейдегі мамандарды шақыртып шебер-сыныптар өткізу жоспарланыпты.
Жолдардың жөнделуі Бурабай ауданында аса өзекті мәселелердің бірінен саналады. Аймақ басшысы ат басын бұрған Паровозная көшесіндегі жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған облыс қазынасынан 50,6 миллион теңге қаражат бағытталыпты. Аумағы 1,5 шақырымды құрайтын жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың қыркүйегінде аяқталуы тиіс.

–Барлық материалдар қымбаттап кетті деп жұмысты қалай болса солай жасауға болмайды. Сіздерден сұрау күшті болады. Қала көшелерінің жолдарына қатысты тұрғындар өте көп арызданады. Сондықтан, адал еңбек етіңіздер, –деп ескертті өңір басшысы мердігерге. Бұл жерде аудан әкімінің орынбасары аймақтағы бар жолдардың жайы туралы айтып берді. Ауданда бүгінде жолдарды жөндеу бойынша 8 жобаның 5-еуі аяқталыпты. Өз кезегінде өңір басшысы аудан әкіміне: «туризм саласы дамыған аймақта жолдардың сын көтермеуі басшылардың жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Мемлекеттік кірістеріңізді көбейтіңіздер де, осындай халық үшін қажетті бағытқа салыңыздар» деді. Сонымен бірге, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бөлінген жобаларды да тездетіп қолға алып, тапсыруларын ескертті.
Бұдан соң Киров көшесіндегі 55-үйдің ауласындағы абаттандыру жұмыстарын қараған өңір басшысы Щучинск қаласындағы орман шаруашылығы, экология және туризм жоғары колледжіне ат басын тіреді.Оқу орны 700 орынға шақталған. Қазіргі күні мұнда 440 студент білім алуда. Колледж директоры Азамат Қожақовтың айтуынша, мұнда 4 бөлімшеде 7 мамандық бойынша білім беріледі.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі трамплиннен шаңғымен секіру бойынша жазғы FIS Гран-при әлем кубогы кезеңі дүбірлі додасының ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ерлер арасында өтетін бұл жазғы жарыс «А» санатына жатады және осы іріктеу кезеңінен сәтті өткендер 2022 жылы ақпанда Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына жолдама алады. Әлемнің 15 мемлекетінен атап айтқанда, Австрия, Болгария, Канада, Корея, Италия, Норвегия, Ресей, Словения, АҚШ, Түркия, Украина, Эстония, Чехия, Жапония елдерінен келген спортшылар қатысқан дүбірлі доданың Щучинск қаласында ашылған заманауи трамплин кешенінде өтуі облыс үшін үлкен мерей екенін де атап өткеніміз жөн.
Өз сөзінде облыс әкімі өңірдегі спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып, спортшыларға дүбірлі додада сәтілік тіледі.
Сондай-ақ, салтанатты шарада спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев ведомство атынан барша жиналған қауымға ізгі тілектерін білдірді.
–Ақмола облысы әкімдігінің осы іс-шараны өткізуге қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдіремін. Әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізу республика үшін үлкен мәртебе. Трамплиннен шаңғымен секіру бойынша жазғы іріктеу туры – қысқы ойындарға лицензиялар алуға мүмкіндік беретін кезең, – деді ол.
Сондай-ақ, Халықаралық шаңғы спорты федерациясының рейс-директоры Сандро Пертиле мен трамплиннен шаңғымен секіру спорты президенті Ескендір Қарсыбековтер де сөз алып, спортшыларға ізгі тілектерін жеткізді.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар