Болашақ ертеңгі білікті маманның қолында

Елімізде ІТ-мамандарының тапшы екендігі белгілі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ІТ-секторға қатысты нақты тапсырмалар берді. Өңірде Президент тапсырмасын жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыс қолға алынуда. Таяуда Бурабай ауданында ІТ лицей-интернаты ашылды.

Қоғамдық өмірімізге соны серпін берген жаңа Жолдауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу де маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет» деген болатын. Бұл болашақты бағдарлаған, ел келешегінің көкжиегін кеңейтуге бағыттайтын келелі пікір.
Мектеп оқушыларының туындысы таңдай қақтырарлық екен. Қарапайым ғана басқару тетігі арқылы өнерлі оқушылар роботтарды еркін басқарады. Әншейінде сәл ебедейсіздеу болып көрінген роботтар әлдебір тетіктерді құрастырып жатыр. Айтқаныңды екі етпейтін қолғанат тәрізді керек затыңды да лып еткізіп алып келеді. Бала қиялын баураған ғажап бір әлем. Күні ертең осы оқушылардың заманауи технологияларды бүге-шігесіне дейін меңгеріп, балалық қиялдағы әдемі арманмен астасқан мұраттарына жетері күмән туғызбайды. Жаңа білім ошағында робототехникамен қатар ІТ саласына да айрықша мән беріліп отыр.
–Оқу бағдарламасында өзіндік ерекшеліктердің болатыны сөзсіз. Басымдық ІТ саласына аударылады. Робототехника, бағдарламалау, 3D модельдеу сияқты пәндер оқытылады. ІТ саласы айрықша қарқынмен дамып келе жатқан сала, – дейді ІТ лицей-интернатының директоры Айбек Досымбеков, – біздің елде сала мамандары мол сұранысқа ие. Алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтыру бағытында жұмыс істейтін боламыз.
Білім ошағының басшысы ел Президенті қойған талап үдесінен шығуға ұмтылатындықтарын жеткізді. Жаңалықтың жаршысы болып отырған мектептің іргетасы 2019 жылы қаланған екен. Үстіміздегі оқу жылынан бастап ІТ лицей-интернатына айналып отыр.
–Оқушылардың әлемдік деңгейдегі ІТ маманы болуы үшін бар мүмкіндікті жұмылдыруымыз қажет, – дейді қамқорлық кеңесінің мүшесі Әділхан Мусин, – алдағы уақытта ІТ қауымдастығымен бірлесе жұмыс істейміз. Лицей-интернат 800 орынға лайықталған. Жаңа оқу жылында 500-ден астам оқушы білім алуда. Бір жақсысы, оқушылардың дені жергілікті жерден. Басқа аймақтардан келген оқушылар үшін жайлы жатақхана қарастырылған. Бурабай баурайында болашақтың іргетасы қаланып жатыр.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Бурабай ауданы.

 276 total views,  4 Views Today

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар