Ардагерлер әрқашан алдыңғы қатарда

Өткен сәрсенбі күні Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің Х есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті. Оның жұмысына облыстық мәслихаттың хатшысы Мұрат Балпан мен облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысты.

Онлайн-офлайн режимінде өткен жиынға кеңес төрағасы Ғосман Төлеғұл төрағалық етіп, соңғы бес жылда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. «Қарты бар елдің – қазынасы бар» демекші, қазақ халқы әу бастан бір істі бастамас бұрын елінің ақсақалдарымен ақылдасып, кеңескен көреген халық. Бұл игі дәстүр өңірде әлі де сақталып, аймақта атқарылып жатқан әрбір істің басы-қасында олардың ақыл-кеңесі ескерілетіні белгілі. Жалпы, қоғамда ардагерлердің араласпайтын саласы жоқ. Аға буын өкілдерінің ақыл-кеңесі мен тәжірибесі бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екені даусыз. Бүгінде облыста ардагерлердің де әлеуметтік мәселесіне жіті көңіл бөлінуде.
Жиында күн тәртібіне сәйкес облыстық ардагерлер кеңесінің құрамы, тексеру комиссиясының мүшелері, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің съезіне делегаттар сайланды.
– Міне, 5 жылды да артқа тастап өмірдің келесі бір белесіне шығып отырмыз. Облыстық ардагерлер ұйымы үшін бұл зор өзгерістер мен ілгерілеу кезеңі болды. Президентіміз «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты соңғы мақаласында алдымызға бағдарламалық үлкен міндеттер қойды. Былтырғы жылдың 6 мамырында көптен күткен «Ардагерлер туралы» Заң қабылданды, рас, оған артқан үмітіміз мол еді, бірақ, бәрі 100 пайыз ойдан шықты деу қиын. Дегенмен, алдағы уақытта өмір талабынан туындайтын өзгерістер енгізіледі деп ойлаймыз, –деп бастады баяндамасын Ғосман Төлеғұл.
Бүгінде облыстық ардагерлер ұйымының құрамында 2 қалалық, 17 аудандық, 849 бастауыш ардагерлер кеңестері жұмыс істейді. Олардың құрамында 111 мың зейнеткер, 18-і Ұлы Отан соғысының ардагері мен мүгедегі, 1 мыңға жуық соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер, 3175 тыл еңбеккері, 730 Ауған соғысына, 55 Чернобыль атом электростансасының апатын жоюға қатысқандар бар.

Кеңес төрағасы өз баяндамасында облыстық әкімдік тарапынан көрсетіліп жатқан көмек-қолдаулар жайлы айтып, ұйымның жоспарланған іс-шаралары уақытында атқарылып жатқандығын тілге тиек етті. Былтыр Қарттар айлығы аясында облыстағы егде адамдар мен мүгедектерге 482,9 миллион теңгенің қаржылық қолдауы көрсетіліпті. Бұл қаржы алдыңғы жылдарға қарағанда біршама көбірек.
Облыстық кеңес былтырғы карантиндік ауыртпалықтарға қарамастан, 1522 іс-шара, 209 жиын, 183 қайырымдылық сенбіліктің, 79 әлеуметтік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін, 239 ашық есік шараларын, 824 концерттік бағдарлама, 170 спорттық іс-шара өткізіп, 29 мыңнан астам түстік ас ұйымдастырыпты. 13332 зейнеткер тегін және жеңілдетілген бағамен берілетін дәрі-дәрмектермен қамтылып, 14 мыңдайы азық-түлік жиынтықтарын алыпты. 1300 адамға тегін газет-журналға жазылу ұйымдастырылыпты. 1317 адам санаторлы-курорттық сауықтыру мекемелеріне жіберіліпті. Өңірдегі аудандық, қалалық, облыстық ардагерлер кеңестері жергілікті органдарға арқа сүйеп, зейнеткерлер мен мүгедектердің қажеттіліктерін тек дәстүрлі айлық шеңберінде ғана емес, жалпы жыл бойы қамтып келеді. Бұл орайда, Ақкөл, Бурабай, Атбасар, Зеренді, Ерейментау аудандары мен Көкшетау, Степногорск қалаларын ерекше атап өтуге болады. Оларда ұйым есебінен жұмыс істеп отырған әлеуметтік үйлер бар және олардың саны жыл сайын көбейіп келеді.
Облыс көлеміндегі ардагерлер ұйымдарының жұмысы жүйелі, жоспарлы түрде жүргізілетінін, олар жергілікті атқарушы органдардың ұдайы назарында болатынын атап айтқан орынды. Аға ұрпақ өкілдерінің құқығын қорғау, оларға қызмет көрсету, жан-жақты қолдау, тегін дәрі-дәрмек алуды ұйымдастыру, басқа да назар аударатын көкейтесті мәселелерді шешу мақсатында жұмыстың сан түрлі формалары мен тәсілдері қолданылуда. Барлық аудандардағы ардагерлер ұйымдарымен тығыз байланыс жасалып, интернет, «Ютуб», «Ватсап» жүйелері бойынша, баспасөз құралдары арқылы ауқымды жұмыстар жүргізілді.
Бұдан әрі кеңес төрағасы жастарды патриоттық тәрбиеге баулу бағытында атқарылып жатқан бірқатар жобалар мен атқарылған іс-шараларға жекелей тоқталды. Сонымен бірге, есептік-сайлау конференциялары кезінде кеңестердің материалдық-техникалық базасы мен қаржылық есеп-қисаптары жайлы да мағлұматтар айтылды.
Конференция барысында Көкшетау, Степногорск қалалары мен Целиноград, Шортанды, Ерейментау аудандарының ардагерлер кеңестерінің төрағалары жарыссөзге шығып, облыстық кеңес төрағасының есепті баяндамасын қанағаттанарлық деп танып, өз тараптарынан жергілікті жерлердегі ардагерлер ұйымдарына көрсетіліп жатқан көмек-қолдауларға алғыстарын білдірді.
Облыстық ардагерлер кеңесінің есеп беру сайлау конференциясында кеңес төрағалығына Ғосман Төлеғұл қайта сайланды. Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова өз кезегінде ардагерлердің қоғам өміріндегі орны мен оптимистік көзқарастарына ризашылығын жеткізіп, ынтымақтастықта жұмыс істейтіндіктеріне сенім білдірді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар