Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті Томск мемлекеттік университетімен және «Тиолайн» серіктестігімен бірлесіп, «Геология және асыл металдарды өндіру мен бөлудің және олардың негізінде заманауи материалдар жасаудың іргелі мәселелері» тақырыбында IV халықаралық симпозиум өткізді. Оның ашылу салтанатына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Аталмыш іс-шараның басты мақсаты – ғылыми қоғамдастықта ақпарат алмасудың деңгейі мен қарқындылығын және жүргізілетін зерттеулердің нәтижелілігін арттыруға ықпал ететін пәнаралық сипаттағы коммуникацияның тиімді құралдарын қалыптастыра отырып, ғылыми-зерттеулер мен әзірлемелер саласына жас мамандарды тарту болып табылады.
Симпозиум бағдарламасында пленарлық отырыстар, дөңгелек үстелдер мен ғылыми секциялық жұмыстар жоспарланған. Іс-шараларға қашықтықтан да қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Симпозиумның ғылыми комитетінің құрамында Ресей, Қазақстан және Арменияның тау-кен өндіру және оған қатысты салаларының көрнекті ғалымдары бар.
Өңіріміздегі іргелі оқу ордасында өткен салтанатты жиынды Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры, экономика ғылымдарының кандидаты Марат Сырлыбаев құттықтау сөзбен ашып, симпозиум жұмысына сәттілік тіледі.
Жиында Қазақстан Республикасының Ұлттық тау-кен Академиясының Президенті, техника ғылымдарының докторы Нұрлан Рыспанов, химия ғылымдарының докторы, Ресейдің белгілі ғалымдарының бірі Виктор Сачков, «Тиолайн» серіктестігінің атқарушы директоры Виктор Долгалев және тағы басқалары сөз сөйлеп, Қазақстандағы тау-кен өндірісінің өркендеу жылдары туралы, жалпы күн тәртібіндегі мәселелер турасында өз ойларын ортаға салды.
Симпозиум жұмысы ағымдағы жылдың 20 қыркүйегіне дейін жалғасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сенбі-жексенбі күндері оған қатысушылар Бурабай өңірінде болып, курортты аймақтағы ғылыми отырыстар мен дөңгелек үстел жиындарына қатысатын болады.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.