Боранбай Сағындықұлы Рахымбеков Целиноград ауданының Шалқар ауылының тумасы. Ауыл шаруашылығы саласына ерен еңбек сіңірген кісі.
Жалпы, Шалқар ауылынан шыққан майталмандар өте көп. Елдің тарихын жақсы білгендіктен, Боранбай Сағындықұлы нақты деректермен байланыстырып, біртіндеп аңызға айналып бара жатқан сырға толы әңгімелерді көп айтады.
1929 жылы құрылған «Шалқар» шаруашылығын басқарған адамдардың ерен істерінен басқа, ол қол жеткізген жетістіктерін дәлме-дәл цифрлармен салмақтап, үнемі салиқалы сараптама жасап отырады. Әсіресе, айтуынша, ұзақ жылдар директор болған Есенжол Қамзебаев пен Жолымбет Тәшетовтың жасаған жұмыстары бәрінен де салмақты. «Шалқар» кеңшарында 12 мың бас қазақтың ақбас сиырлары бағылды. Одан басқа 15 мың гектар жерге егін, 3500 гектарға жүгері, 2000 гектарға моноазық егілсе, жыл сайын 12 мың тоннадан артық шөп маяланып отырған.
Боранбай Рахымбеков «Шалқарда» 40 жыл бойы бас экономист болып жұмыс істеді. Өзінің ерекше бір қасиеті, әркез тарихи деректерге көңіл қойып, елден шыққан еңбек майталмандары туралы естеліктер жазып отырады. Мысалы, Кеңес дәуірінде бұл ауылдың 100-ге жуық еңбеккеріне түрлі құрметтер көрсетіліп, қосқан үлестеріне қарай медальдар мен ордендер берілген екен. КСРО Жоғарғы Советінің депутаты болған Есенжол Қамзебаевтың шаруашылықтың дамуына қосқан үлесі бәрінен де қомақты. «Еңбек Қызыл Ту» орденіне Жолымбет Тәшетов, сондай-ақ, механизатор В.П.Дубинин ие болған. Жоғары награда алғандардың ішінде механизаторлар: М.Төлешов, К.Балтабеков, малшы Қ.Темірғалиев бар. Олардың еңбегі «Ленин» орденімен аталып өтілген.
Целиноград ауданының қоғам белсендісі, еңбек ардагері Б.С.Рахымбеков өзін елдің шынайы патриоты санайды. Мысалы, Президент сайлауы кезінде ол үш рет қатарынан Президентке үміткер Н.Ә.Назарбаевтың жергілікті жердегі сенімді өкілі болды. Сол үшін берілген Алғыс хатты зор құрмет тұтады. 40 жылдан астам бір жерде тапжылмай жұмыс істеген осы бір адамның ақжарқын жүзіне қарап, оның жасы 80-ге таяды дегенге аса сене қоймайсыз. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің қарсаңында дүниеге келген Боранбай Рахымбековтың шаңырағында 7 немересі өсіп келеді. Олар оның өміріндегі ең басты қуаныштары. Туған елдің қасиетін ол көңілі тасығанда өлең жолдарына да айналдырып отырады.
Шалқарым, Отаутүскен, Қаратомар,
Әр ауылдың ерекше бір орыны бар.
Нәр алып, қуат алған, білім алған,
Тарландар тұлғалар мен тумалар бар.
Осындай мекеніммен мақтанамын,
Шалқарда туғаныма шаттанамын.
Ошақ басын оттан ыстық көрмесең,
Отаныңды сүйе алмассың ешқашан.
Тамыз айында аудан орталығы Ақмолда Конституция күніне орай ізгі шара өтіп, онда біраз еңбек адамдары мен қоғамдық жұмыс белсенділеріне құрмет көрсетіліп еді. Солардың ішінде Боранбай Сағындықұлы Рахымбеков те болды. Оған Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің ардагерлер қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагер» медалі берілген сәтінің куәсі болған едік. «Еңбек түбі – зейнет» деп халқымыз бекер айтпаған ғой. Үлгілі шаңырақ иесінің бұл жетістігі – ұрпағы үшін де зор мақтаныш екені айтпай-ақ түсінікті.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Целиноград ауданы.