Көп тіл білген далада қалмайды

Ана тілі жөргегінде жатқанда-ақ сүйегіне сіңген ауыл балаларының ағылшын тілін үйренуі құптарлық. Көп тіл білгеннің келешегі кемел.

Ағылшын тілін үйрететін орталықтардың жұмысы жандана бастады. Облыс орталығында ғана емес, шалғайдағы шағын ауылдарда да. Тіл үйрететін орталықтардың ақысы да тым қымбат емес, небары алты мың теңгенің төңірегінде. «JAS OTAN» жас-тар қанаты «Болашақ» қауымдастығымен бірлесіп, ағылшын тілін үйренудің жаңа жобасын ұсынуда. Жобаны іске асырудың тәжірибеден өткізілген толымды тәсілі 6-9 сынып оқушылары үшін аптасына үш рет ағылшын тілінің қосымша курстарын өткізу. Бір айта кетерлігі, тіл үйрену сабақтарында оқушының ой-өрісін кеңейтетін әрі қызғылықты танымдық ойындар мен тренингтер өткізу жоспарланған.
– «English for jastar» жобасы бойынша ағылшын тілін үйрену сабақтары қолға алынып отыр, – Ақкөл орта мектебі директорының орынбасары Гауһар Қабдолова, – тың дәріс мектеп оқушыларына өте ұнайды. Балалардың тілді меңгеруге деген ықыласы да жақсы. Өмірдің өзі талап етіп отырған үрдістен шет қалмағанымыз оң емес пе?
«JAS OTAN» жастар қанаты облыстық филиалының әдіскері Александра Гомонованың айтуына қарағанда, жоба жұмысы өткен аптада басталған. Ауыл мектептерінің жоғарыда аталған сыныптарын қамтымақ. Негізгі мақсат ағылшын тілінде білімдерін жетілдіру. Жобаға он ауданнан 15 ерікті жұмылдырылып отыр.
–Бұл жоба балаларға ағылшын тілін үйрету үшін қолға алынып отыр, – дейді жоба еріктісі Мөлдір Болат, – балалардың қызығушылығын арттыру үшін ағылшын тіліндегі танымдық фильмдер де көрсетіледі, әндер де тыңдалады.
Ауыл мен қала мектептерінің арасындағы бір айырмашылық, анығырақ айтқанда, бір олқылықтың орны осылай толықтырылмақ. Өз ана тілдерін жап-жақсы білетін ауыл балалары заман талабына сай ағылшын тілінде тіл сындырып жатса несі айып. Жоба алдағы уақытта кеңірек қанат жаю үшін ел ертеңін ойлайтын еріктілер де тартылмақ.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар