Әркімнің көңілін алаңдатқан бір мәселесі бар

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, оларды толғандырған сауалдардың шешу жолдарын қарастырды.

Қорғалжын ауданында шыбын-шіркей мәселесі жылдар бойы шешімін таппай келеді. Ал, шыбын болса, жыл өткен сайын көбейіп барады. Оларды азайту үшін ешқандай шара қолданылмапты. Бұл жөнінде Қорғалжын ауылының тұрғыны Нұргүл Иманова онлайн режимі арқылы айтты. Өңір әкімінің орынбасары жыл сайын қайталанатын бұл проблеманың неге шешілмейтіні жөнінде Қорғалжын ауданының әкімі Берік Жанбаевтан сұрады.
–Қорғалжын ауданында су айдыны өте көп. Осы көлдер шіркейдің көбеюіне оң ықпалын тигізеді. Оның үстіне шыбын-шіркей Есіл мен Нұра өзендерінің ағысы көтерілгенде келеді, адамдарды шағады. Бұл жәндіктің көзін жою үшін көктем және күз айларында бұл аумақта дезинфекция жұмысын жүргізу қажет. Бұл жұмысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жүзеге асыру үшін қаржы көзін іздестірудеміз,–деген аудан әкімі бұл химиялық дәрі қоршаған ортаға кері әсерін тигізетінін, құс пен аң қырылып қалатынын айтты. Айна Мысырәлімова шыбын-шіркейді құртудың өзге жолын қарастыруды тапсырды.
Көкшетау қаласында тұратын зейнеткер Тасболат Нұрғалиев өз немересі Рауан
Ахметовтың Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан университеттегі оқуына грант алуға қатысты өтініш айтты. Әкесінен ерте айырылған Рауан туризм факультетіне түсерде грант алуға балы жетпей қалған. Анасы ипотека төлейді. Облыс басшысының орынбасары облыс бюджетінде туризм саласының студенттеріне грант қарастырылмағанын, грант тек қана дәрігер немесе мұғалім болам дегендерге берілетінін тілге тиек етті.
Бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласында тұратын ата-аналар өз балаларын Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқытуды дәстүрге айналдырған. Соның салдарынан Ақмола өңірінде тұратын осы мектептің оқушылары пәтер жалдауға мәжбүр. Мәселен, биылғы жылы астанада тұрып, осы зияткерлік мектептің 9 сыныбында оқитын Қайсар Әлімбаев пен Мұрат Әлтайырға жатақханадан орын тимеген. Бұған астаналық зейнеткерлер Сәуле Әлімбаева мен Жанар Қуанышева келіспейтіндерін жеткізді. Аталмыш мектептің жатақхана меңгерушісі Әсия Шарапиеваның айтуынша, 102 орындық жатақхана әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балаларына арналған. Облыс әкімінің орынбасары бұл оқушыларды Ақордада орналасқан Нұр-Сұлтан зияткерлік мектебіне ауыстыру жөнінде ұсынысын айтты.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар