«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың төрағалығымен облыстық мәслихаттағы партияның депутаттық фракциясының отырысы болып, онда облыстық экономика мен бюджетті жоспарлау, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, денешынықтыру және спорт, денсаулық сақтау, білім басқармаларының басшылары есеп берді.
Отырыста сайлауалды бағдарламаны іске асыру бойынша Жол карталарын орындаудың алдын ала қорытындылары шығарылды. Сонымен қатар, Жол картасындағы орындалмау қаупі бар нысандардың мәселесі қаралды. Күн тәртібі бойынша қаралған екінші мәселенің де жүгі жеңіл емес. Яғни, Ақмола облысында инклюзивті білім беруді әрі қарай дамыту сияқты өзекті тақырып талқыланды.
Өңірлік және аумақтық сайлауалды бағдарламаларын талдайтын болсақ, ағымдағы жылдың 8 айында 1899 іс-шараның 506-сы орындалды. Бұл тиісінше 26 және 15 пайыз. 294-і бойынша орындау мерзімі әлі жеткен жоқ.
«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы аясында Ақмола облысында ірі өндіріс ошақтары мен қызмет көрсету орталықтары іске қосылуда. Мәселен, биыл ғана Көкшетауда ТМД-дағы ең ірі «John Deere» сервистік орталығы ашылды. Мұнда ауыл шаруашылығы техникасын сату және жөндеу бойынша қызметтер көрсетіледі. Аграрлы өңір үшін ауыл шаруашылығы саласындағы мұндай іргелі жобалардың маңызы зор екені сөзсіз. Сонымен қатар ,Бұланды ауданындағы қуаттылығы жылына 25 000 тонна құс етін өндіретін «Макинск құс фабрикасы» ЖШС-нің 2-кезеңі пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда кәсіпорында 1381 адам жұмыс істейді. Қызметкерлерді қабылдау жүргізілуде. 14 миллиард 800 миллион теңге сомасында инвестиция тартылды.
Облыс орталығында жұмыс істеп тұрған «Қазақстан Агро Инновациялық корпорациясы» мен «Гормолзавод» ЖШС-і сияқты екі кәсіпорында жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Мәселен, еліміз бойынша балмұздағы брендке айналған «Гормолзавод» серіктестігі қышқыл сүт өнімдерін өндіру желісін іске қосты. Сөйтіп, екі кәсіпорында да қосымша жұмыс орындары ашылды.
Сондай-ақ, облыстық көпбейінді аурухана жанынан бір ауысымда 150 адам қабылдайтын онкологиялық емхана мен 200 төсек-орынға арналған модульді жұқпалы аурулар ауруханасы іске қосылды.
«Жыл аяқталуға жақын. Сондықтан партияның сайлауалды бағдарламаларын орындаудың «Жол картасын» жүзеге асыру бойынша жасалып жатқан жұмыстарды тиянақтауымыз керек.
Яғни, «Жол картасы» аясында салынып жатқан нысандардың құрылыстарын аяқтап, пайдалануға беруге барынша күш салуымыз қажет. Өкінішке қарай, түрлі себептерге байланысты орындалмау қаупі бар нысандар баршылық. Сондықтан, бүгін біз оның себептерін анықтап, әрі қарай жұмыс істеудің стратегиясы мен тактикасын айқындап алуымыз қажет. Сөйтіп, проблемаларды шешу жолдарын тұжырымдап, орындалмау тәуекелдерін барынша азайтуымыз керек» деді облыстық депутаттық фракция жетекшісі Ғалым Бекмағамбетов.
Сөйтіп, мәжілісте бірінші кезекте қаржылық қолдауға байланысты нысандарды уақытылы тапсырмаудың себептері тыңдалды. Құрылыс материалдарының қымбаттауы кейбір нысандардың сметалық құнының артуына себеп болған. Салдарынан жұмыстар кестеден ауытқыды. Басқа да себептер бойынша облыстың Жол картасында орындалмай қалуы ықтимал индикаторлар талқыланып, оны шешу жолында бірлескен жұмыс жалғасатын болды.
Мәжілісте қаралған екінші мәселе «Nur Otan» партиясы мен «Болашақ» корпоративті қорының «Әр бала мектепке лайық» атты бірлескен әлеуметтік жобасын бюджеттік қаржыландыру мен Ақмола облысында инклюзивті білім беруді әрі қарай дамыту болды.
Айта кетейік, Көкшетаудағы №4 орта мектепте «Болашақ» корпоративтік қорының қолдауымен инклюзия кабинеті ашылған болатын. Кабинет материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықталды, одан қалды инклюзия бойынша мамандар іріктеліп, жоба аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Алайда, ұстаздарға әдістемелік көмек көрсету қажеттілігі туындап, «Болашақ» корпоративтік қоры қаржылай көмек көрсетуді сұрап хат жолдаған. Білім басқармасы техникалық сәйкессіздіктерге байланысты хатты кері қайтарады. Алайда, «Nur Otan» партиясы депутаттарының араласуымен мәселе оңтайлы шешілді. Білім басқармасы бюджет қаражатын үнемдеу есебінен инклюзиялық білім беру кабинетіне жыл соңына дейін әдістемелік көмек үшін жалпы көлемі 648 мың теңге көлемінде қолдау көрсететін болып шешілді.
Жиын соңында депутаттық фракция мүшелері Жол картасының орындалуы бойынша сұрақты Саяси кеңестің Бюро отырысында қарауды шешті.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.