Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов «Nur Otan» партиясы өңірлік филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтардың жеке мәселелеріне назар аударды.
Алдымен, қоғамдық қабылдауға облыс орталығында тұратын Әсия Сембаева, Роза Мусина, Тасжан Тайлақов сияқты зейнеткерлер келіп, өздерінің шипажайға бұрынғыдай тегін бара алмай жүргендерін жеткізді. Оларға өңір басшысының орынбасары еңбек ардагерлері жөніндегі Заңның өзгергенін, шипажайда тек қана мүгедек зейнеткерлер өз денсаулығын тегін түзейтінін айтты. Көкшетау қаласында тұратын екінші топтағы мүгедек Көпей Өтенова коммуналдық қызметті төлеуге және азық-түлік тағамдарын сатып алуға көмектесуді өтінді. Себебі, 48 мың теңге ғана жәрдемақы алатын көрінеді. Оның үстіне оған мүгедекті оңтайландырудың жеке бағдарламасы жасалмаған, осыған қатысты техникалық заттармен және шипажайлық-курорттық сауықтырумен қамтамасыз етілмеген.
Сондай-ақ, Көкшетау қаласында тұратын 1 топтағы мүгедек Ермек Мейрамқұлов өзінің жалғыз тұратынын, 60 мың теңге жәрдемақы алатынын, бұл қаражат дәрі-дәрмекке кететінін айтты. Көкшетау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ардагерлермен және мүгедектермен жұмыс жөніндегі секторының меңгерушісі Қарлығаш Уайысова өз сөзінде Ермек Мейрамқұлов ақ төсекпен және өзге де қажетті бұйыммен қамтамасыз етілгенін, коммуналдық қызметін төлеуге 30 мың теңге берілгенін, материалдық көмек тұрғындарға қызмет көрсету орталығы арқылы жасалатынын айтып берді.
Көкшетау қаласындағы Васильковка шағын ауданының №1 үйінде тұратын Кенжегүл Ерғалиева Галина Белоусова басқаратын «Кристал» пәтер иелері кооперативінің жұмысына көңілі толмайтынына шағымданды. Бұл үй қыс айларында суық. Жертөледе сантехникалық ақаулар көп. Оның үстіне кооператив төрайымы подъезд тұрғындарының жөндеуге жұмсаған 47,3 мың теңгесін қайтармай отырған көрінеді. Пәтер иелері подъезге 140 мың теңгенің есігін сатып алып, орнатыпты.
Өңір басшысының орынбасары осы айтылған кемшіліктің анық-қанығын анықтауы үшін Көкшетау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Дулат Жахинге тапсырма берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.