Димаш ағамен үш рет жүздескен абзал азамат

«Алғыспен ер көгерер, ер көгерсе ел көгерер» демекші, 80 жастың сеңгіріне шыққан Қызылсая ауылының тумасы, ауыл шаруашылығы өндірісінің білгір маманы Аманкелді Қасымұлы Шүйкеновтың ғибратты ғұмыры – еліне адал қызмет етудің жарқын үлгісі.

Көкше өңірінде дәулеті шалқып, миллионер шаруашылық атанған «Қызылсая» колхозын артель кезінен ширек ғасыр басқарған Қасым Шүйкеновтың шаңырағында 1941 жылдың 25 қыркүйегінде өмірге ұл бала келіп, әулетті шексіз қуанышқа бөледі. Бейбіт өмірдің шырқы, тұрмыстың сәні бұзылып, ер азаматтардың алды майданға аттанып жатқан қиын-қыстау шақта той тойлаудың реті келмесе де, Қасым мен Дәмеш кішкентай сәбиінен үлкен үміт күтті.
Шүйкеновтер отбасының өнегелі дәстүрлері жайлы әңгіме қозғағанда, оны алдымен Қызылсая ауылының қалыптасу тарихымен байланыстырамыз. Өйткені, атамекеннің қол жеткізген әр табысында Қасым ақсақалдың жүрек жылуы мен маңдай терінің іздері жатқандай. Таза қазақ ауылдарының басын біріктіріп, ауызбірлікке, ұжымдық еңбекке жұмылдырудың нәтижесінде колхоз орталығындағы үй санын 480-ге жеткізіп, егіншілік пен мал шаруашылығындағы жетістіктерінің арқасында, атақ-даңқы облысқа жайылды. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, техника күші жетіспегенде, құрылыс материалдары өгізбен де тасымалданған. Ал, мыңдаған қаракөз ұл-қыздарымызды білім нәрінен сусындатып, үлкен өмірге қанат қақтырған Қызылсая мектебіне бұйырса,100 жыл толады екен.
Пүлішпен қапталған 450 орындық ауыл клубының сахнасында Алматыдан келген өнер саңлақтары ән шырқаса, облыс деңгейіндегі келелі жиындар осы колхозда жиі өткізілетін. Ауылдағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік-өндірістік нысандарға электр жарығы теплоход моторының көмегімен берілген. Ал, мұндай күшті қуат көзі облыс шаруашылықтарында некен-саяқ кездесетін-ді.
Бір жылға броньмен елде қалдырылған колхоз төрағасы Қасым аға әскерге 1942 жылы шақырылып, Смоленск майданындағы шешуші ұрыстарға қатысады. Өжеттігімен танылған ержүрек жауынгер елге Жеңіспен оралысымен, бейбіт еңбекке бел шешіп, кірісіп кетті. Шаруашылықты басқарудағы тәжірибесі ескеріліп, «Мәдениет» колхозына төраға болып сайланды. Жеті жылдың ішінде колхоздың күйзелген шаруашылығы қалпына келтіріліп, озаттар қатарынан көрінді. Ал, Қызылағаш, Биіктесін, Қызылсая ауылдары ірілендіріліп, дербес колхоз болып құрылғанда, жергілікті тұрғындар төрағалық қызметке жоғары жақтан жіберілген адамды қабылдамай, Қасым Шүйкеновтың сайлануын талап еткен. Колхозшылардың райынан қайтпайтынына көзі жеткен аудан өкілінің көнбеске лажы қалмапты.
Міне, осындай өнегелі ортада тәлім-тәрбие алған Аманкелді Қасымұлы жаста-йынан білімге құштар болды. 1959 жылы Қызылсая орта мектебін бітірген соң, Мәскеудің орталық жоғары оқу орындарына түсу үшін Алматыға барып көшпелі комиссияға емтихан тапсырады. Негізгі емтиханды 4-пен 5-ке тапсырғанымен, неміс тілінен сүрініп, Мәскеудің автомобиль жолдары институтына түсудің сәті түспейді. Алайда, үнжырғасын түсірмей, Бурабайдағы ауыл шаруашылығы техникумында оқиды. Бір жылдай Зеренді ауданының Партияның ХХ съезі атындағы совхозында механик болып істейді. Асқақ арманы алға жетелеп, 1963 жылы Мәскеудегі К.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясына оқуға түседі.
Мәртебелі оқу орнын бітіргеннен кейін білікті жас маман Аманкелді Шүйкенов әуелі «Күсеп» совхозында аға агроном, «Молодежный» совхозында он екі жылдай бас агроном, төрт жылдай партия комитетінің хатшысы болып істейді. Бар ынта-жігерін ауыл шаруашылығы өндірісін өркендетуге арнаған ол шаруашылықтың жер жағдайын ескере отырып, ауыспалы егіс жүйесін енгізуге, топырақты тынайтуға айрықша көңіл бөледі. Осыған орай бидайдың «Харьковская» қатты сортын көбірек септіреді. Нәтижесінде гектар түсімі артып, тұрақты өнім жинауға қол жеткізіледі.
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев егін орағы қызған шақта еліміздің астықты өңірлерін жиі аралайтын. «Өз басым халқымыздың асыл перзенті Димаш ағамен үш мәрте кездестім. Бір сапарында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімовпен бірге келді. Атақ-даңқтарына сырттай қанық болғанымызбен, үлкен адамдармен бетпе-бет дидарласқанда жүрексінетін сәттер жиі болады. Менің қобалжып тұрғанымды байқап қалған Димекеңнің: «Аманкелді ағаңа сәлем бермедің ғой»,–деуі мұң екен, бойымды тезірек жинақтап, Үкімет басшысына иіліп ізет білдірдім»,–дейді Аманкелді Қасымұлы. «Ұлық болсаң, кішік бол» дегендей, Дінмұхамед Ахметұлының қарапайымдылығы, кішіпейілдігі жайлы осы тақылеттес әңгімені басқалардан да жиі естігеніміз бар еді.
Өмір бойы әке өнегесін пір тұтқан Аманкелді Шүйкенов кішіпейіл, қарапайым мінезімен еліне адал қызмет етті. «Молодежный» совхозында партком хатшысы болған кезіндегі мына оқиғаны жиі еске алады. Үлкен Жамантұз селосының ішімен жеңіл көлігімен баяу жүріп келе жатқанында, қарт әженің жолдың жиегімен кетіп бара жатқанын көзі шалады. Бес жүз метрдей озып кетіп, кері бұрылып қарт ананың жанына тоқтап: «Әже барар жеріңізді айтыңыз. Апарып тастайын»,–дейді.
Танымайтын жігіттің мейірімділігіне риза болған әжей: «Қарағым, қай елдің баласысың, әке-шешеңнен жақсы тәрбие алған жігіт екенсің. Қолыңды жай, батамды берейін»,–депті. «Мен Қызылсаядағы Қасым Шүйкеновтың ұлымын»,–дегенінде, бейтаныс кейуана көзіне жас алып: «Әкең адамгершілігі мол тамаша азамат еді ғой. Мен СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған кезімде сан мәрте кездесіп, қолдау-көмегін көп көріп едім»,–депті.
Иә, өмір бір арнада тұрмайды. Бертіндері Біржан сал атындағы совхозда ауылдық Кеңестің төрағасы, Шағалалы техникумында мұғалім болып істегенде отағасы ретінде отбасылық құндылықтары қатаң сақтап, зайыбы Дәмет екеуі ұл-қыздарына жақсы тәрбие беріп, жемісін көруге тырыс-ты. Қарағанды медицина институтының түлектері, дәрігер қыздары Гүлнәр мен Ләззаты Алматы мен Көкшетауда өз мамандықтары бойынша істесе, Айнашы – экономист, Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Әйгерім Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің шет тілдер факультетін бітіргенімен, заман ағымына сәйкес кәсіпкерлікке тез бейімделіп, бүгінде ауыл шаруашылығы құрал-жабдықтарын сататын ЗИП-КЗ фирмасының директоры болып істеп жүр. Кенжесі Біржан да Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітіріп, кәсіпкерлікпен айналысуға ден қойды.
Табиғатынан биязы азамат Аманкелді Қасымұлы академияда бірге оқыған шетелдік курстастарының шақыртуымен Египет, Жапония, Италияда демалыста болғаннан басқа, Көкшесінен ұзап сыртқа шыққан жан емес. Туған жерді аялы алақанымен аялап, маңдай тердің ләззатын көруге ынтықты. Еңбегі зая кеткен жоқ. Халқының қошаметіне бөленді. Бұдан артық қандай бақыт бар десеңізші.
Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.
Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар