Ақын жүрек «туған ел» деп соғатын

«Өзің өлсең де сөзің өлмейді» деген Абай,
Сондықтан, ауыл атын өшірмеуге тырыстым…
Жәмеш Сауытов.

Ол өзінің туған жерін қатты сүйетін. Үнемі «әркімнің туған елі өзіне жақын әрі ыстық. Өйткені, ол жерде кіндік қаны тамып, кір-қоны жуылады, нағыз бақытты балалық шағы өтеді» деп айтып жүретін. Дәл осылай туған ауылы жайында жазған кітаптарында еліне, Отанына деген сүйіспеншілік пен махаббат іздері мен мұндалап жатыр. Мен біреуге ақылымен бөліскен аға, енді біреуге ізет көрсеткен іні, тағы біреуімізге арқа сүйер жезде болған Жәмеш Қазезұлы Сауытов жайында әңгіме қозғап отырмын. Мына жалған дүниенің ауыры мен жеңілін, ащысы мен тұщысын көрген қымбатымыз бүгінде әлем дүрлігіп, қорқып отырған індеттің құрбаны болып, өмірден өтті. Ағымдағы жылдың 26 қыркүйегінде ардақты жездеміздің қырық күндік асы беріледі.
Жәмеш Сауытов 1938 жылы Бурабай ауданының Қарағай ауы-лында дүниеге келіп, тағдыр тәлкегін, яғни сұрапыл соғыстың зардабын балалық шағынан-ақ сезініп өседі. 1945 жылы ауыл мектебіне барады. Соғыстан кейінгі қиын кезеңдерде өгіз айдап, қара жұмысқа да жұмылдырылады. 1955 жылы Щучинск қаласындағы орта мектепті бітіріп, алғаш еңбек жолын туған ауылында механизатор болудан бастайды. Кейін Көкшетау қаласындағы сол кездегі Ш.Уәлиханов атындағы педагогикалық институтқа оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдап, 1962-1969 жылдар аралығында Бурабай ауданындағы Жасыл ауылында мұғалім болды.
Одан кейін партия комитетінде бірнеше жыл қызмет атқарып, кейін ауыл шаруашылығы саласына ауысады. Целиноградтағы ауыл шаруашылығы институтында зоотехника инженері мамандығы бойынша білім алып, білігін арттырады. Содан зоотехниктен бас-тап, элеватор жағында жетекшілік жұмыстарға дейін атқарады. Аяулы жары Мария Қосмағанбетқызы екеуі екі ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Сол Сайранбегі мен Досболының қызығын көріп, төрт немере сүйіп, шаңырағы шаттыққа тола түсті.
Бейнетінің зейнетін көретін жасына жеткен соң, қаламды жанына серік етіп, шығармашылықпен айналысады, бірнеше кітап басып шығарды. Бурабай ауданының гимніне айналған «Жер жаннаты Бурабай» өлеңі де жездеміздің сөзіне жазылыпты. Кейін Қазақстанның мәдениет қайраткері Нұрлыбек Байшұнғыловпен бірлесіп, «Чемпион» әнін жазыпты. Бұл шығарма шаңғыдан Олимпиада чемпионы атанған Владимир Смирновқа арналған еді. Жалпы, Жәмеш Сауытов зейнет жасында жүріп, өзінің өскен ортасы мен туған жеріне, еліне, халқының мақтаныштарына айналған тұлғаларға арнап, көптеген шығармалар жазып, кітаптар бастырды. «Жасыл туралы балладасы» ауылдың тарихы мен сол жердің марқасқа ұлдарына арналыпты. «Жаңарған жасыл», «Өмірі өзгелерге үлгі» кітаптары да жездеміздің қолынан туған танымдық маңызы зор еңбектер деп есептейміз. «Қазақстанның тұңғыштары» кітабы үшін еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатына ие болды.
Кіндік кесіп, кір жуған Қарағай ауылы туралы да сыр шертпей қоймады. «Қайран ауылым», кейін оның жалғасы іспеттес «Сағындым ауылымды» кітаптары бүгінде Бурабай ауданының тұрғындары үшін баға жетпес құнды қазынаға, шежіреге айналып үлгерді.
Елінің тарихын жинап, зерделеп, келешек ұрпаққа мәңгі азық болардай мұра қалдырып кеткен абзал азаматтың шығармашылыққа дейінгі де еселі еңбегі ескерілмей қалған жоқ. Ол ересен еңбегі үшін «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен және салалық ведомстволардың бірталай Алғыс хаттарымен марапатталған. Өзі кейінгі жылдары Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болып та бірқатар жұмыстар атқарды.
Жәмеш Сауытовтың кітабын оқып отырып, мына сөздерді көзім шалды. «Құрметті Қарағай ауылының жеткіншектері! Қазақтың әйгілі ақыны Мұқағали Мақатаев бір өлеңінде жазып еді: «Неменеге жетістің бала батыр, Қариялар азайып бара жатыр. Біреу мініп келместің кемесіне, Біреу күтіп кезегін жағада тұр», –деп. Келместің кемесінің кезегінде тұрғандардың тізімінде қазіргі ақсақалдар, біздер бармыз. Сендер де біздей боласыңдар. Сонда алдымен, ауылымызды сағыныңдар…». Иә, ол өзі де осылай ауылын үнемі сағынып, алыс кетсе оған жетуге асығып жүретін.
Шығармашылықпен айналысатын арда азаматымыздың бойында ақындық қабілеті зор еді. Туған жеріне деген махаббаты мен аппақ мөлдір сезімін өлеңмен де, қара сөзбен де жеткізген абзал жанның бірі болатын.
Сағындым топырағыңды, Шұбарағаш,
Ауаңды иіскеген жан болатын мас.
Алыстан аңсап-шөлдеп келгенімде,
Туған жер, жатырқамай құшағыңды аш!
деп Шұбарағашы мен Қарағайын, қайыңды алқаптарын, шөбі шүйгін даласы мен қыр-ойпатын әрқашан аузынан тастамай, жүрегінен орын берген асыл ағаның сағынышы мәңгіліктей көрінетін еді. Шынында, ауылыңды сен ешқашан ұмытпадың, ауылың да сені ұмытпайды. Жатқан жерің жарық болсын, Жәмеш Қазезұлы!
Болат СЕЙПИЕВ,
еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар