«Ұлттық театрдың ғасырға бет алған тағдыры бар»

Қазақстанның мәдени астанасы Көкшетау қаласына Алматыдан қазақ өнерінің қара шаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы академиялық Қазақ ұлттық драма театры қыркүйектің 23-28 аралығында гастрольдік сапармен келіп, өнер сүйер қауымның назарына бірнеше спектакльдерін тарту ететін болады. Осы театрдың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбекпен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Еркін Тілеуқұлұлы, алдымен, ғасырға жуық тарихы бар театрдың өткеніне сәл шегініс жасасақ?
– Әрине, өткенсіз бүгініміз жоқ. Қазақ өнерінің қара шаңырағы, қазақтың тұңғыш кәсіби театры Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының шымылдығы 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылорда қаласында ашылған. Алғашқы режиссерлері – Серке Қожамқұлов, Жұмат Шанин және Қалибек Қуанышбаев болды. Қазақ әдебиетінің шырағы сөнбей, келешек ұрпаққа мұра болсын деген ниетпен театр өміріне Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Жұмат Шанин және Орынбек Беков белсене араласқан. Ал, алғашқы қойылымдары Қошмұхамбет Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы мен Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзінділер болды. Театр шаңырағын көтеруге Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Құрманбек Жандарбеков, ақын Иса Байзақов, әнші Әміре Қашаубаев, палуан Қажымұқан Мұңайтпасов, тағы басқалары атсалысқан. 1937 жылы Академиялық театр атағы беріліп, репертуар М.Әуезов, Б.Майлин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқановтардың тарихи тақырыптағы туындылары, орыс және шетел классикасымен толықты. 1965-1994 жылдары араға аздаған үзілістер салып, Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов көркемдік жетекшлік еткен отыз жыл театрдың өрлеу кезеңі болды десек, артық айтқандық болмас. Еліміз Тәуелсіздік алған 90-жылдарда театр төл тарихымызды, қоғамдық құбылыстарды жаңаша көркем зерделеуге бет бұрды.
Биылғы жылы театрымызға 95 жыл толып отыр. Баршамызға белгілі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен театрдың 95 жылдығы қарсаңында «Ұлттық» мәртебесі берілді. Бұл ғасырға жуық театрдың шығармашылығына берілген үлкен баға. «Ұлттық» мәртебе Қазақстандағы ең маңызды, үлкен мақсаттарды орындай алатын, шығармашылығы толысқан, репертуары жан-жақты, актерлік, режиссерлік құрамы кәсіптік деңгейде ең жоғары болғандықтан берілетінін білеміз.
Қазіргі таңда театрымыз атына лайық жұмыс атқаруды жалғастыруда. Біздің М.Әуезов театры – Қазақстанның рухани байлығы ретінде елге танымал. Алматыға келген әрбір көрермен театрымыздың бір спектаклін көруді өзіне парыз санайтын киелі мекені. Сондықтан, театрдың жыл сайын бірді-екілі облысқа гастроль жасап тұруы да бұрыннан келе жатқан үрдіс. Өткен жылы пандемияға байланысты гастрольге шыға алмай қалған жайымыз бар. Аллаға шүкір, қазір індет бәсеңдеп, халық қалыпты жұмысын, жастар оқуын жалғастырып, театрдың алыс сапарға шығып, өзінің репертуарындағы бірнеше спектакльді халыққа көрсетуге мүмкіндік туғанына қуаныштымын.
Гастроліміз биылғы жылы Қазақстанның мәдени астанасы Көкшетау қаласында басталуында үлкен сыр жатыр десек те болады. Ең алдымен, гастрольді ұйымдастыруға мұрындық болып отырған ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, сонымен қатар, Ақмола облысының әкімдігіне үлкен алғысымды білдіремін. Қазақта «көрген де арманда, көрмеген де арманда» деген сөз бар. Осы орайда, көкшетаулықтарды спекталь көруге шақырамын!
– Ұлттық драматургияны дамыту мақсатында театр қандай туындыларымен көрерменін қуантып жүр?
– Театрдың репертуарын жан-жақты дамыту ол қашанда өзекті мәселе. Бүгінгі таңда елімізде М.Әуезов театрынан бөлек қаншама қазақ театрлары жұмыс істейді. Театрлардың репертуа-ры бірін-бірі қайталамай, өзіндік келбетін қалыптастырғаны заңды болса керек. Осы тұрғыдан алғанда, М.Әуезов театрының репертуары қашанда елдің, әріптестердің, театрлардың назарында сахналанатын шығармалар озық үлгідегі туындылар болса керек. Спектакльдеріміздің жан-жақты болуы біздің негізгі мақсатымыз. Мысалы, үлкен классикалық туынды Б.Брехтің «Мамаша Кураж и ее дети» пьесасының желісі негізінде «Пері қатын» спектаклі жарыққа шықты. Шыны керек, қай театр болса да классикалық туындыны сахналап, көбінесе У.Шекспирмен, Ж.Мольермен, орыс драматургиясынан А.Чеховпен, Н.Гогольмен шектеліп қалатындай жағдай бар. Біз бұрын-соңды қазақ сахнасына шықпаған дүниелерді сахналауды мақсат тұтқанбыз. Б.Брехт шығардық, енді Бернард
Шоуды сахнамызға шығарсақ, қазақ сахнасын көрмеген дүниелер бүгінгі көрермен үшін қызықты болады деген ойдамын. Әрине, қазіргі таңда театрдың жүз жылдығы келе жатқандықтан, ең алдымен қазақ сахна өнерінің алғашқы драматургиялық шығармалары ретінде танылған М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің дүниелері сахнаға келсе деген ойымыз бар. Алдағы бесжылдықта, яғни, театрдың 100 жылдығына дайындық кезеңді «Еңлік Кебектен» бастап қазақ классикасын сахнаға шығаруды мақсат тұтып отырмыз. Бұл да алдағы күндердің үлкен жұмысы. Сөз жоқ, бүгінгі таңдағы өзіміздің қазақ драматургтерін сахнаға шығару – бұл да үлкен мақсат. Былтыр біз Т.Әбдікті, Т.Нұрмағамбетовты, жас драматургтердің ішінен О.Жанайдаровты сахналадық. Алдағы күндері жаңа туындыларды сахнаға шығару үшін авторлармен тығыз байланыста жұмыс істедік. Өткен жылы «Монодрама» жанрында байқау жариялап, соның нәтижесінде жақсы деген 5-6 шығарманы қазір әрбір актерға, режиссерға бөліп бердік. Олардың барлығы алдағы уақытта сахналанып, өз көрерменін қуантады деген ойдамын.
– Театрға Мұхтар Әуезовтің есімі қашан берілді? Академиялық театр аталуының да мән-маңызына тоқталсаңыз?
– 1961 жылы 10 тамызда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрына ұлы суреткер М.Әуезовтің есімі берілді. Бұл кезеңде «Асауға-тұсаумен» қатар Шекспирден «Отелло», «Ричард-ІІІ»,
Гогольдің «Үйленуі», Лопе де Веганың «Сенек қорыған ит», Пушкиннің «Шағын трагедиялары», М.Каорудың «Шығыстағы бір бейбақ», М.Фриштің «Дон Жуанның думаны», Г.Лорканың «Бернарда Альбаның үйі», Пиранделлоның «Өгей қыз», М.Булгаковтың «Жендеттер», Чеховтың «Ваня ағай», тағы басқа қойылымдар репертуар сәнін кіргізіп, көркемдік көкжиегін кеңейтті десе болады.
Жалпы театрды жақсы көруден, театрға деген үлкен құрметтен, оған деген сүйіспеншіліктен, өнерге деген жанкүйерліктен қазақта еркелетіп, құрметпен атау, таңу бұрыннан бар үрдіс. Сондықтан, «Әкемтеатр» деген сөздің өзі біржағынан академиялық театр деген сөзден туындаса, екінші жағынан қазақтың алғашқы театрына, тұңғыш ұлттың театрына «Әке» деп құрметтеп баға беру халықтың жадынан шыққан дүние. Әкемтеатр деген сөзді біздің театр қашанда үлкен мақтанышпен алып жүргісі келеді. Шыны керек, қазіргі таңда Ұлттық театр болғанымызбен, әкемтеатр деген атаудан бас тартудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл жас театрларға үлкен мектеп болатындай. Біздің театрымызда жыл сайын түрлі шаралар өтіп, басқа театрлар келіп, премьераларды көріп тәжірибе алмасып жататын жайлар бар. Сондықтан, бұл атаудың көптеген жан-жақты мәні мен мағынасы зор деп ойлаймын. Қазір, міне, гастрольге дайындық үстіндеміз. Облыстың әкімінен бастап, әрбір жұртшылықтың бізбен кері байланысқа шығып, спектакльдерімізге үлкен қызығушылық танытуының өзі Әкемтеатрға деген құрмет пен қошеметтің белгісі деп білемін.
– Ғасырға жуық тарихы бар театрдың иеленген жүлделері мен марапаттары да ауыз толтырып айтуға тұрарлық қой. Солардың біқатарына тоқтала кетсеңіз?
– Жүлде, марапат деген бәсекелес өнердің ішінде болатын нәрсе. Бірақ, театр ол – спорт емес. Бұл жерде жарыс жоқ. Театр қашанда табалдырығын аттаған көрерменнің қошеметіне бөленіп, риза болса біз үшін үлкен марапат сол деп ойлаймын. Шыны керек, осы пандемия кезінде түрлі шектеулермен жұмыс істедік. Алматы қаласында оқушылар, жоғары оқу орындарының студенттері болмай қалды десек те болады. Карантиндік шектеулер театрдың өзіне 20-30 пайыз көрермен залын толтыруға деген рұқсатпен жұмыс істеген кезде көрермендерімізді сыйғыза алмаған жайымыз бар. Көбісі есіктің алдынан қайтып кетуге мәжбүр болды. Сөз жоқ, біз мұндай қауіпті індет кезінде тек қана тәртіппен, белгіленген талаптың шеңберінде ғана жұмыс істеуге мәжбүр болғандықтан, мұндай жайттар орын алғаны рас. Дегенмен де, сол қиын кезеңдерде спектакль көруге ниеттенген көрерменнің шынай көзқарасы біз үшін үлкен марапат. Сол көрерменінің қажеттілігіне сай болу театрдың ең үлкен жеңісі. Әрине, фестивальдарға қатысып, жүлделі болу, үлкен сыйлықтарға ие болу Әуезов театры үшін жаңалық емес деп есептеймін. Соңғы бесжылдықта Жапонияда, Францияда, Ресейде өнер көрсетіп келудің өзі театрдың әлеуетінің, шығармашылық жаңашылдығының жақсы деңгейде екенін де мақтанышпен айтуға болады деп ойлаймын. Сондықтан, ең үлкен жүлде – көрерменнің қошеметі деп айтудан жалықпаймын.
– Қазіргі таңдағы театрдың шығармашылық ұжымы кімдермен толығуда?
– Бір айтарым, М.Әуезов театры ешқашан маманнан кенде болған емес. Театрымызда ең үлкеніміз С.Оразбаев, А.Әшімов ағаларымыз бен апаларымыз Н.Мышбаевадан бастап, ең жасымыз кешегі сынақ мерзіммен келіп жатқан жас таланттарға дейін осы театрды армандап, осы театрдың сахнасына құштар болып, спектакліне қатысуды өмірлік мақсат ретінде ұстанған қыз-жігіттер жұмыс істейді. Бұл театрға жұмыс істеуге сұраныс та, өтініш те көп. Сондықтан, жас актер болатын болса, бірді-екілі бейне жасап, кейіпкер жасап, көзге түспейінше біз оларды жарнамаламаймыз. Барынша, жұмыс істеуіне жағдай туғызып, болмай жатса ол актерлармен тез қоштасудың мүмкіндігін қарастырамыз. Өйткені, актер болу деген адамның жанқиярлық еңбегін талап ететін мамандық. Оларды түсінуге де тырысамыз. Жас толқын актерларымыздың өзі тек қана театр спектакльдерінде емес, қазақ киножобаларында танымал болып, бірінің аяғын бірі басып, өсіп келе жатыр. Ал, сол актерлардың ішінен Көкшетауға кімдер өнер сапарымен келеді дейтін болсақ, бар ғұмыры аңызға айналып бара жатқан Асанәлі Әшімов ағамыз бастаған топ Б.Тұрыс, Д.Ақмолда, А.Боранбай, Ж.Толғанбай, актрисаларымыз Г.Жақыпова, Д.Жүсіп, Ш.Асқарова, К.Шаяхметова, Н.Қарабалина, одан кейінгі буын Е.Дайыров, А.Шаяхметов және қазірдің өзінде елге танылып қалған жас актерларымызды мақтанышпен көрерменге хабарлайтын боламыз.
– «Арқа ажары» газетінің патша көңіл оқырмандарына өзіңіздің шығармашылығыңыз бен отбасыңыз туралы да қысқаша баяндасаңыз?
– Мен осы театрда 15 жылға жуық жұмыс істеп келе жатырмын. Театрды Е.Обаев басқарып тұрған тұста екінші басшы болғанмын. Өз өнер жолымда бұл театрда бір емес, екінші рет басшылық жасап жатқан жайым бар. Сонымен бірге, Қазақстанның Қ.Қуанышбаев, Ғ.Мүсірепов және республикалық неміс театрларында басшылық қызметте болдым. Менің де шығармашылығым, жазылған пьесаларым көрермендерімнің көзайымына айналып жатқанын мақтан тұтамын. Ал, отбасымда екі ұл, бір қыз, төрт немере тәрбиелеп отырған қарапайым қазақтың азаматымын. Шамам жеткенше қазақ өнеріне қызмет етуге қашан да дайынмын!
– Мазмұнды әңгімеңізге үлкен рахмет!

Сұхбатты жүргізгенАсылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар