Гастрольдік сапармен ат басын Ақмола өңіріне тіреп, көкшетаулықтарға өнер мерекесін сыйлаған Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ ұлттық драма театрының соңғы үш күндегі қойылымдары да көрерменнің көңілінен шықты. Ағымдағы жылдың 24 қыркүйегінен бері театр майталмандары «Бес бойдаққа бір той», «Қоштасқым келмейді» және «Сыған серенадасы» спектакльдерін сахналады.
Бес бойдаққа бір той
Белгілі жазушы-драматург Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Қырманбайдың тойы» шығармасының желісі бойынша қойылған «Бес бойдаққа бір той» комедиясының шымылдығы түрілмес бұрын театрдың көркемдік жетекшісі, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов сахнаға көтеріліп, көрерменімен тағы бір қауышты. Халқына ізгі ниет, игі тілегін білдіріп, өнерге бет бұрған жастарға оның құдіреттілігі мен қасиеттілігін айтып, киелі сахнаға адал болуын аманат етті. Қойылымды тамашалауға сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет комитетінің төрағасы Ақан Абдуалиев, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев қатысып, өнер ұжымына оң сапар тіледі.
Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов, қоюшы суретшісі – Ерік Әдісбек.
Ұлтымыз үшін мән-маңызын жоймайтын ұрпақ тағдыры мен оның болашағы мәселесін күлдіре отырып, ойландыратын бұл туынды қай уақытта болмасын театр сахналарында өз өзектілігін жоймайды. Бүгінгі күннің өзекті мәселелерін ұлттық дүниетаным мен болмыс-бітім аясында қарастыратын шығарма әзілге толы, әрі спектакль барысындағы әсем ән мен қазақы қалжыңдар көрермен назарын бірден ұйытып әкетіп, залды жандандырып жібереді.
Шығармадағы бес бойдақ – Қырманбай шал және оның ересек екі ұлы мен екі қызы. Жер ортасынан ауғанда шалдың кемпірі дүние салып, Қырманбай ұл-қыздарының тұрмыс-тіршілігіне көңілі толмай, ұлдарын үйлендіре алмай, қыздарын ұзата алмай, олардың тағдырына, өз әулетінің ертеңіне алаңдайды, ұлдарына отбасылы болуларын меңзейді, ал, балалары болса әкесін үйлендірмекші. Бұрыннан келе жатқан әкелер мен балалар мәселесін заманауи қалыпта, ұлттық болмыс тұрғысында суреттелген комедияда әрбір кейіпкердің іс-әрекеті күлкі шақырады. Режиссер кейіпкерлердің әңгімесі барысында бүгінгі күннің өзекті тақырыптары саналатын жемқорлық, коронавирус пандемиясы, теңгенің құнсыздануы, бағаның шарықтауы, қазіргі әлеуметтік жағдайларға байланысты жастардың отбасын құруға асықпауы, ар-ұят, намыс, балалардың ата-анасын қадірлемеуі секілді мәселелерді де көтереді. Бұл комедияны әкемтеатры осыдан 10 шақты жыл бұрын Көкшеге гастрольдік сапармен келгенде де көрермен назарына ұсынып, жоғары бағасын алған болатын. Осы жолы да өнер ордасының майталмандары комедияны жоғары деңгейде қойып шықты.
Актерлерге тоқталсақ, Қырманбай шалды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері Бекжан Тұрыс ойнап, өзінің асқан шеберлігімен қазақ ауылының қарапайым қара шалын көз алдымызға елестетті. Барболды – Бауыржан Манжігітов, Нарболды –Жансұлтан Қонысбай, Күйкетайды – Мадина Келгенбай, Шүйкетайды – Ажарлым Бақытжанова, ерке бала Жарболды – Елжан Тұрысов, күйеуге шығуға үмітті Гүлбарамды – Күнсұлу Шаяхметова сомдады. Спектакльге қатысқан әрбір актердің сахнаны әбден меңгергені, өзіндік кәсіби шеберліктері көрініп-ақ тұр. Әсіресе, кенже баланы сомдаған Елжан Тұрысовтың ерке қылықтары, Гүлбарамның қимыл-әрекеттері еріксіз езу тарттырады. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген қойылымда көтерілген тақырыптар, ұлттық мүдде көзделген қағытпа қалжыңдар мен қимыл-әрекеттерден жастар қауымы адамгершілік қасиеттерді бойларына сіңіреді деген ойдамыз.
Қоштасқым келмейді…
Терең психологизммен ерекшеленетін көрнекті орыс драматургы Александр Володиннің «С любимыми не расставайтесь» шығармасының желісі бойынша сахналанған «Қоштасқым келмейді» драмасы көрерменін өмірдің мәні не деген ойға жетелейтін қарапайым әрі ауыр драма. Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ ұлттық драма театры ұсынған бұл қойылымнан жастар отбасының қадірі, кездескен адамдардың бір-бірін қашан да кешіре білуі, өздері құрған шағын одақты күйретпей, сақтап қалуы қажеттігі секілді мәселелерді түйсінді. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.
ХХ ғасырдың 70 жылдары жазылған шығармада көтерілген отбасы, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасындағы әлеуметтік мәселелер, достық пен махаббат секілді мәңгілік тақырыптар әлі күнге өзектілігін жойған жоқ, сондықтан бұл шығарма өміршең туынды деуге келеді. Қойылымға ажырасуға бел буған сегіз отбасының әрқилы тағдыры арқау болған. Жасы, әлеуметтік мәртебесі, дүниетанымы жағынан әртүрлі бірнеше шаңырақ иелері сан түрлі өмір драмасына ұшырайды, күмән мен күдікке, тіпті тәкаппарлыққа бой алдыртады. Осылайша кезіндегі бақытты кездесулері баянсыз қоштасуларға ұласа жаздайды. Заңды некелерін бұзу үшін сотқа келген оларды татуластырмақшы болған судьялар барын салады. Алайда, бірін-бірі әбден тыңдаудан қалған өзімшіл ерлі-зайыптылар бір-бірін түсінгісі жоқ. Естігілері де келмейді…
Спектакльде шарттылық басым. Сондықтан, әр кейіпкер әртүрлі таным, жеке дүниетанымын алға тартады. Әрбір кейіпкер, яғни, әрбір адам өзінше жеке бір әлем. Тек сол әлемге үңілу, оны түсіну, тіпті қажет болса оны кешіре білу – үлкен қасиет. Театрдың белді актерлері қатысқан спектакльден өмірдің осы бір қарапайым да күрделі философиясына бойлауға болады.
Әрбір кейіпкердің «біз бөлек жандар екенбіз», 7-8 жыл, тіпті 20 жыл бір шаңырақ астында өмір сүрген жандардың «мінезіміз үйлеспейді» деген жауаптары бір жағынан күлкі шақырса, енді бір жағынан терең ойға жетелейді. Сонда, кезіндегі махаббат деп жалындаған ұлы сезімнің де сөнетін, өшетін кезі бола ма? Әлде адамдар өмір сынағында олар бір-біріне қол ұшын бермей, сыннан өте алмай қала ма? Міне, осындай сұрағы көп, жауабы аз өмірдің жұмбағын әр кейіпкер өзінше шешеді, өз тағдыры арқылы ұғынып, пайымдайды. Осындай өмірлік тақырып көтерілген спектакльде театр актерлері тазалық пен сатқындық, өмірдің мәні мен мәнсіздігі туралы ой-толғамдарымен де бөліседі, сырласады. Тіпті, залдың ішінде отырған көрерменмен сұхбаттасып, жүректегі жазуларды оқиды десе болады.
Қойылымда актерлер бірде кейіпкерге, бірде куәгерге, бірде көрерменге айналады, енді бір сәтте өздерінің азаматтық ұстанымдарын айтады. Осындай әрекеттер арқылы актерлер мен көрермен арасында жіпсіз бір байланыс орнағандай сезім қалыптасады. Образдарды сомдап шыққан актерлер әлемдік және классикалық шығармаларда салмақты рөлдерді ойнап жүрген майталмандар. Сондықтан да болар, әр актер өз кейіпкерін зерттеп, психологиялық тұрғыдан да зерделеп барып, ойнағандары көзге анық көрініп тұрды.
Режиссер шығарманың соңында әр шаңырақтың шайқалмай, аман қалуымен, басты кейіпкерлері Митя мен Катя Лавровалардың бір-бірін қимай, қайта қауышуымен аяқтайды. Спектакльде басты рөлдерде Абзалбек Асхатұлы мен Индира Меңдібаева ойнаса, сонымен бірге онда Қазақстанның халық әртісі Гүлнар Жақыпова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бекжан Тұрыс, Еркебұлан Дайыров, Асылбек Боранбай, Дәрия Жүсіп, Шынар Асқарова, Жалғас Толғанбай да өнер көрсетеді. Бұл күнгі қойылымды тамашалауға қазақтың атын әлемге танытып жүрген ерекше дауыс иесі, еліміздің мақтанышына айналған Димаш Құдайбергеннің ата-анасы Қанат пен Света Айтбаевтар келді.
Сыған серенадасы
Бірнеше жылдардан бері ұлттық театрдың сахнасында үзілмей қойылып келе жатқан «Сыған серенадасы» музыкалық драмасы қазақтың талантты сазгері Шәмші Қалдаяқовқа арналған шоқтығы биік көркем туынды. Қазақ вальсінің королі атанған Шәмшінің өмірі өрнектелген музыкалық шығармада оның тағдыры әсерлі бейнеленеді. Аталмыш қойылымды көкшеліктер ерекше ыждаһаттылықпен тамашалап, композиторды сомдаған актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыстың шын талантына тағы бір мәрте көзайым болды.
Шығарма авторы – көрнекті ақын Исраил Сапарбай, қоюшы режиссері – Есмұхан Обаев пен Төлеубек Аралбай.
Жалпы, шығарма жүрекке жылы тиіп, әуезді әндерімен тұла бойды шымырлатады. Азырақ, шығарма желісіне шолу жасасақ, қойылым шымылдығы Шәмшінің консерваториядан шығып қалуымен түріледі. Оқудан шығып қалып, дел-сал болып, оңашада аласұрып, Мұқағалиды іздеп, кейін анасының елесімен сырласып, сергелдеңге түсіп жүргенде, сыған қыздарына кез болады. Олардың бірі болашағын болжап, оның шығармашылық иесі екендігін, ән жазатынын, туындылары мәңгі халық жадында сақталатынын жорамалдайды. Шәмші Барон қызы Изольдаға ғашық болады. Сөйтіп, сыған қызы оны табырға шақырады. Табырдың арасында жүрген өнерлі Шәмшіге сыған қызының махаббаты оянады. Алайда, сығандар еркін, көшіп-қонып жүрген халық болғандықтан, қазақ жерінен кететін сәт жетіп, ғашықтардың қоштасуына тура келеді. Шәмші туған жерін, елін тастап сүйгеніне еріп кете алмайды, еркіндікке үйренген сыған қызы да табырдан қалғысы келмейді. Осылайша қос жүректің қимастығы мен махаббатынан «Сыған серенадасы» дүниеге келеді.
Нәзік сезім мен романтикаға толы шығарма кіршіксіз, таза махаббаттың жемісі іспетті. Изольда рөлін сомдаған «Құрмет» орденінің иегері Назгүл Қарабалина еркін өскен, сыған қызының болмыс-бітімін, мінез-құлқын шынайы ойнап шықты. Барон қызының ерік-жігері мен өрлігін барынша сомдап берді. Лирикалық шегініспен суреттеліп, Шәмші еске алатын Сағыныш қазақ қызының сезімге берік, өнерді бағалай алатын, десе де тағдырына бас ие білетін ару ретінде бейнеленеді. Сағынышты сомдаған Ажарлым Бақытжанова таза, кіршіксіз, өнерге бас иген қызды әп-әдемі, ерке назымен ойнап шықты. Алайда, шығармада оларды тағдыр бір арнаға тоғыстыра алмайды. Қойылымда Баронның рөлін «Құрмет» орденінің иегері Үсіпхан Сейтімбет, Баронессаны Қазақстанның халық әртісі Гүлнар Жақыпова, Шәмшінің анасын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шынар Асқарова ойнады.
Спектакль Шәмшінің әндерімен сүйемелденіп, ерекше сезімге бөлейді. Поэтикалық драма желісіндегі арпалыс, сезім машақаты, Шәмшінің ер мінезді өнегесі көрерменді бейжай қалдырмай, еріксіз спектакльге ұйытып әкетеді. Драма толығымен Шәмшінің тағдыр жолындағы махаббатына өзгеше бояу берген. Сыған қызына арналған әні, оның өнермен өрілген өмірінің бір көрінісі іспетті. Шығарма сезімді серпілтіп, көпшілікке махаббаттың машақатын көрсеткенімен, бұл тек Шәмшіге тән даралық, мөлдір махаббат қана деп түсінеміз, түйсінеміз.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.