Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов Дүниежүзілік туризм күні қарсаңында туризм саласы қызметкерлерін осы айтулы оқиғамен құттықтап, сала майталмандарына облыс әкімінің Алғыс хаттарын тапсырды.
Қанат Ыдырысов өз сөзінде пандемия кезінде карантин шараларын қатаң ұстанған, «Ashyq» жобасына қатысқан туризм нысандарының басшыларына алғыс білдіріп, алдағы уақытта да қауіпсіздік шараларын назардан тыс қалдырмай, халық денсаулығына баса назар аудару керектігін айтты. Салтанатты шарада сөз сөйлеген «Kazakh Torism» Ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы Қайрат Сәдуақасов та жиналғандарға ақжарма тілегін білдіріп, сала қызметкерлерін мерекемен құттықтады.
– Алға ілгерілеп, жылдам дамып жатқан туризм саласының болашағы зор. Қазіргі таңда адамдар өзге мемлекеттерге ғана емес, тіпті ғарышқа да туристік сапар жасауға құлшыныстық танытуда. Туризм саласының дамуымен қатар, біз өзіміздің ұлттық өркениетімізді, мәдени мұрамызды да сақтап қалуымыз керек. Өзге жұрт бізді өзіміздің ұлттық қолтаңбамыз, рухани құндылығымыз арқылы білгені абзал. Ұлтты ұлт ретінде танытатын оның рухани құндылығы, – дей келіп, Қайрат Сәдуақасов бір топ сала қызметкерлеріне Ұлттық компания басшылығы атынан Алғыс хаттар табыс етті.
Олардың қатарында «Турист» серіктестігінің жетекшісі Эсмиральда Есімова, Бурабай ауданының туризм және демалыс қауымдастығының директоры Сәния Ахметова, «Ботай» тарихи-мәдени музей қорығы директорының міндетін атқарушы Қуаныш Шақшақов және тағы басқалары бар. Мерекелік концертке ұласқан салтанатты шарада туризм саласының дамуына арналған көрме ұйымдастырылды.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.