Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ядролық қаруды толық жою жолындағы Халықаралық күрес күніне арналған жоғары деңгейдегі пленарлық отырыста сөйлеген сөзі

Құрметті Президент мырза!

Құрметті Бас хатшы!Ханымдар мен мырзалар!

Президент мырза, осындай аса маңызды жиын ұйымдастырғаныңыз үшін Сізге алғыс білдіремін.

Бүгінде адамзат COVID-19 пандемиясының әсерінен әлі зардап шегуде. Індет қоғамның қаншалықты әлсіз әрі мұндай дағдарысқа дайын емес екенін көрсетіп берді.

Вирустың зардабы көп жағдайда ауыр екеніне қарамастан, адамзаттың шынайы тыныс-тіршілігіне қауіп төндірмейді. Алайда, оны ядролық қарудың нақты қаупіне қарсы бірлескен күш-жігерімізді арттыра түсу қажет екенін білдіретін дабыл белгісі деуге болады.

Кейбір елдерде жасалып жатқан ядролық бағдарламалардың қарқын алуын үнемі төнетін террорлық қауіп-қатермен байланыстыратын болсақ, ақырзаман орнататын қарулардың қолданылу қаупі арта түскенін байқаймыз.

Дегенмен, жуырда ғана бұл бағытта белгілі бір деңгейде оң қадамдар жасалып жатқанына куә болдық. Мысалы,

– Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт күшіне енді;

– Иранмен арадағы ядролық қаруға қатысты мәмілені қалыпқа келтіру жөніндегі келіссөздер қайта қаралуда;

– шабуылдауға арналған қаруларды азайту жөніндегі жаңа шарт ұзартылды;

– АҚШ пен Ресей арасында стратегиялық тұрақтылық туралы бірлескен мәлімдеме қабылданды.

Әрине, өзара жоюға кепілдік беретін доктрина ядролық державалардың жуық арада өз арсеналынан бас тартуы екіталай екенін білдіреді.

Сондықтан 2045 жылға дейін ядролық қарудан азат, бейбіт өмір қалыптастыруға ұмтылатынымыз туралы мәлімдей отырып, көңілдегіні нақты іске асыратынымызға скептиктер күмәнмен қарауы мүмкін.

Біздің тарихи тәжірибеміз мұның басқаша болатынын көрсетеді.

Қазақстанның Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім қабылдап, ядролық қуаты жағынан төртінші саналатын арсеналынан бас тартқанына биыл 30 жыл толды.

Он бес жылдан кейін Орталық Азия мемлекеттері өз өңірлерін ядролық қарудан азат аймақ деп жариялады. Бұл – толықтай Солтүстік жарты шарда орналасқан алғашқы ядросыз өңір.

Ядролық қару саяси таңдау болғандықтан жағдай мен стратегиялық әдістер тез өзгеруі мүмкін.

Құрметті Президент!

Қазақстанның Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енуіне қол жеткізуге бел байлағанын тағы да нақтылаймын.

Қазақстан адамзаттың дамуы жолында ядролық қарудан бас тарту жөніндегі басымдығын одан әрі пайдалана беретінін бұл бағыттағы оң қадам ретінде атап өткім келеді.

Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шарт ядролық энергияны азаматтық мақсатқа заңды түрді пайдалану мен ядролық қаруды таратудың ара-жігін ажыратады.

Ядролық қуат бірте-бірте төмен көміртекті энергияның маңызды көзіне айналуда.

Қазақстанда өз атом өнеркәсібін дамыту үшін кешенді техникалық-экономикалық негіздеме жасалып жатыр.

Ханымдар мен мырзалар!

Ядролық қарудан азат, бейбіт өмір қалыптастыру менің үкіметімнің саясатындағы басымдық болып қала береді.

Бұл ұмтылыс соңғы отыз жыл ішінде Қазақстанды ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыстың жақтаушысы етті. Сонымен қатар біздің ұлттық тұтастығымыздың бір бөлігіне айналды.

Біз қарусыздану және ядролық қаруды таратпау жолындағы күш-жігерімізді алдағы уақытта сіздермен бірлесе жұмсауға дайынбыз.

Рақмет!

https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-yadrolyk-karudy-tolyk-zhoyu-zholyndagy-halykaralyk-kures-kunine-arnalgan-zhogary-dengeydegi-plenarlyk-otyrysta-soylegen-sozi-2885446

 80 total views,  2 Views Today

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар