Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Министр Көкшетаудағы ауыл шаруашылығы өндірісімен танысты - АРҚА АЖАРЫ

Министр Көкшетаудағы ауыл шаруашылығы өндірісімен танысты

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеев жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, облыс орталығындағы бірқатар өндірістік нысандарды аралап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың жай-жапсарымен танысты. Министрдің сапары кезінде облыс әкімі Ермек Маржықпаев онымен бірге болды.

Таяуда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысында болған жұмыс сапарында өңірімізде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларды қуаттап, аймақты дамытудың басты бағыттарын айқындап берген еді. Ел Президенті өз сөзінде ауыл шаруашылығы машиналарын жасау ісін дамыту мәселесіне назар аударып, Көкшетау қаласы осы саладағы басты тірек орталықтарының бірі екендігін атап өткен болатын.
Ауыл шаруашылығы министрі Президент тапсырған басты бағыттардың орындалу мәселесіне баса назар аударып, алдымен облыс орталығындағы «Eurasian Group Kazakhstan» ауыл шаруашылығы техникасына қызмет көрсету және жөндеу орталығының ұжымымен кездесті. ТМД-дағы ең ірі дилерлік орталығы қосалқы бөлшектерді жеткізу, күрделі жөндеу және бұрын қолданыста болған техниканы қалпына келтіру қызметімен айналысады. Сондай-ақ, мұнда ең ірі оқыту орталығы да орналасқан, жаңа технологиялармен жабдықталған сыныптар фермерлер үшін де, ауыл шаруашылығы саласындағы жас мамандар үшін де қолжетімді болып табылады.
Бұдан кейін Ербол Қарашүкеев «Бижан» ет өңдеу кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, өндіріс процесімен жан-жақты танысты.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіқалықовтың айтуынша, 2021 жылдың сегіз айында өңіріміздегі жалпы өнім көлемі 112,7 пайызды құрайды. Бұл – Қазақстан Республикасы бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі. Өңірімізде ет, сүт өнімдерінің өндірісі ұлғаюда, мал басы, оның ішінде сүт және ет өнімдерін қайта өңдеу өндірісі қарқынды дамуда. Кәсіпорын басшылығы соңғы жылдары тұтынушылардың саны артқандығын баса айтты.
Ал, жарты ғасырдан астам тарихы бар «Көкшетау сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңір тұрғындарын сапалы өнімдерімен қамтамасыз етіп келе жатқан іргелі кәсіпорындардың бірі. Министр аталмыш өндіріс орнына да барып, ұжым тынысымен танысты. Сүт өндіру және өңдеу бағытында қолға алынған озық технологиялар жайлы зауыт директоры Ерсайын Жақсылықов егжей-тегжейлі тарқатып айтып берді.
Кәсіпорын директорының айтуынша, Көкше өнімдерінің Нұр-Сұлтан қаласында – 4, Көкшетау қаласында – 18 және өңіріміздің Бурабай ауданында өз фирмалық дүкендері жұмыс істейді. Екі жүзден астам адам еңбек ететін кәсіпорын соңғы жылдары мемлекеттің қолдауына сүйене отырып, өндірісті әртараптандыру, кластерлік қадамдарға ден қоюда. Мәселен, соңғы жылдары іске қосылған ұлттық цехта құрт, қоспа тәрізді сүт өнімдерінің бірнеше түрі шығарылады. Әсіресе, ірімшік пен сары майға сұраныс жоғары. Ал, кәсіпорынның брендіне айналған балмұздақтың қазіргі таңда құлпынай, қарақат, киви және тағы басқа түрлеріне сұраныс арта түскен. Сонымен қатар, чечил, ерітілген және қатты ірімшіктердің де өндірісі қолға алынған. Өңдеуден өткенде сүттің табиғи қасиеттерін сақтап қалудың барлық әдісі қарастырылған. Өнімнің барлығы табиғи шикізаттан да-йындалады. Кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта да өнім сапасы басты назарда болатындығын жеткізді.
Министр жұмыс сапарын Көкшетаудағы «Agrimer Astyk» астық өңдеу кәсіпорнында жалғастырды. Аграрлы аймақта қазір егін орағы аяқталып та қалды. 2007 жылы өз жұмысын бастаған кәсіпорында сұраныстың көбейгеніне байланысты бүгінгі таңда жылына 46,6 мың тонна өнім өндіріледі. Кәсіпорынның директоры Николай Казактың сөзіне сүйенетін болсақ, соңғы жылдары серіктестік өнімдеріне шетелдерден де сұраныс көбейген. Замануи технологиялармен жабдықталған серіктестікте итальяндық құрылғы арқылы қатты бидайдан макарон өнімдері де алынуда.
Министр тыныс-тіршілігімен танысқан «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорация» серіктестігінде ауыл шаруашылығы және коммуналдық техниканың 50-ден астам түрі өндіріледі. Серіктестік Қазақстанның 19 қаласында «Вираж» филиалдық желісі, сонымен қатар, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы, «Кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы сияқты мемлекеттік қаржы құралдары арқылы өз өнімдерін сатылымға шығарумен де айналысады.
Қазіргі таңда мұнда 200-ден астам адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта жұмысшылар санын екі есе көбейту жоспарланған. «КАИК» серіктестігінің бас директоры Олег Балыбиннің айтуынша, 2020 жылы өндірістік алаңдарда 800-ден астам МТЗ тракторы, 200-ге жуық энергияға қаныққан RSM тракторы жиналып, сатылды. Сондай-ақ, мұнда 150-ден астам ACROS және TORUM комбайндары және 2000-нан астам тіркемелер шығарылды. Жасыратыны жоқ, қазір кез-келген шаруашылыққа барсақ, ауыл шаруашылығы техникасы паркі тозған, жылдар бойы жаңармағаны байқалып тұрады. Ал, бұл елдің ауыл шаруашылығы өнеркәсібін дамытуда қиындықтар тудыратыны сөзсіз. Ескі техника ілкімді істерге қолбайлау болуда. Ал, аталмыш кәсіпорында мемлекет тарапынан қолдау бағдарламаларын ескере отырып, қазақстандық аграршылардың өз техникаларын жаңартып алуына мүмкіндік бар.
Министр осылайша Ақмола облысының орталығындағы іргелі кәсіпорындарды аралап, атқарылып жатқан ілкімді істерге оң бағасын беріп, бірқатар міндеттер жүктеді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар