Эпидемиологиялық жағдайдың аздап жеңілдегені байқалады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина «Қаулыға өзгерістер енгізу туралы» хабарлама жасады.

Соңғы аптада, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда, аурушаңдық 1,7 есеге төмендеп, күнделікті өсім 0,3 пайызды құраған. Ал, өткен тәулікте қауіпті індеттен 72 жағдай тіркелген. Науқастардың 49-ының індет жұқтырғаны емханаға өздері келіп тексерілген кезде анықталған, қалғаны олармен байланыс-
та, профилактикалық тексерісте болғандар. Дәл қазіргі таңда 433 науқас коронавируспен емделуде, ал, реанимация төсегінде 57 науқас ем қабылдап жатыр.
Оқу жылының басында облыста мектеп оқушылары арасында аурудың 440 жағдайы тіркелген. Өткен тәулікте мектеп оқушылары арасында аурудың 8 жағдайы тіркелген. Коронавирустық инфекцияның оқушылар арасында тіркелуіне байланысты, 76 білім беру ұйымындағы 130 сынып қашықтықтан оқытуға ауыстырылған.
Қазір Ақмола облысында коронавирусқа қарсы 3 вакцинаға қол жеткізуі қамтамасыз етілуде деді Айнагүл Мусина. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ағымдағы жылдың IV тоқсанында «Файзер» жеткізіледі деп күтілуде. Бұл ретте отандық вакцина тиімділігі жағынан шетелдік аналогтардан кем түспейді екен.
Ақмола облысында вакцинация науқаны басталғалы вакцинаның бірінші компонентімен 350 650 адам егілген. Бұл – 68,6 пайыз. Өкінішке орай, Целиноград, Бурабай, Зеренді аудандары мен Көкшетау қаласында вакцинациямен қамту облыстық орташа көрсеткіштен төмен.
Жыл сайынғы тұмауға қарсы екпе науқаны да үстіміздегі жылдың 15 қыркүйегінде бас-
талды. Бюджеттік қаражат есебінен Ресейде шығарылған «Grippol Plus» вакцинасының
87 961 дозасы сатып алынған. Мұнда ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың кем дегенде 10 пайызын қамту қажет екен.
Облыста 4397 нысан осы «Ashyq» платформасының мүшелері болып табылады. Сәуір айынан бері біздің облыс азаматтарының 1881-і санитарлық-карантиндік режимін бұзғаны анықталған. Оларға 19,9 миллион теңге сомасында 419 айыппұл салынған. Жыл басынан бері мониторингтік топтар 28 237 нысандағы карантиндік шаралардың сақталуын тексерген, нәтижесінде 604 рет режимді бұзушылық анықталған. Осы қыркүйек айында 1342 нысанға мониторинг жүргізіліп, 22 карантинді бұзу фактісі анықталған.
27 қыркүйектен бастап Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 31 шілдедегі №31 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. «Ashyq» платформасы арқылы қауіпсіз (жасыл) мәртебесі бар қызметкерлер мен келушілердің қатысуымен көпшілік іс-шараларға баруға (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар) рұқсат етіледі.
Айнагүл Мусина хабарламасының соңында өңір тұрғындарына барлық шектеу шараларын сақтауды, сондай-ақ, үйде көпшілік шараларды өткізуге тыйым салуды сақтауға шақырды. Яғни, қауіпті індетті жұқтыру қаупін азайту үшін адамдар көп жиналатын жерлерге барудан бас тарту, әлеуметтік қашықтықты сақтау, қолды жиі жуып, антисептикпен зарарсыздандыру, маска киюді ұмытпауымыз керек.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар