Жаңа аудан әкімінің алдына тың міндеттер қойылды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Есіл ауданында болып, Қазақстан Республикасының Президенті Əкімшілігінің келісімімен жəне аудандық мəслихат депутаттарының бірауыздан қолдауы негізінде өз өкімімен Есіл ауданының әкімі болып тағайындалған Еркебұлан Баяхметовты аудан активіне таныстырды.

Аудандық мәслихат депутаттарына аудан әкімі лауазымына ұсынылған кандидатураны бірауыздан қолдағаны үшін алғыс білдіре отырып, аймақ басшысы Ермек Маржықпаев Еркебұлан Баяхметовтың жоғары кәсіби қасиеттеріне тоқталып, оның облыстық және республикалық деңгейде басшылық лауазымдарда жұмыс тәжірибесі мол екенін атап өтті. Сондай-ақ, аймақ басшысы тоғыз айдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, жаңа әкім мен оның командасы атқаратын жұмыстың басым бағыттарын атап көрсетті.
Бүгінде астықты форвардтық сатып алу бойынша қаражатты толық көлемде қайтару – Есіл ауданының әкімдігі үшін бірінші міндет. Сонымен бірге, активте ауданның дамуында айтарлықтай рөл атқаратын АӨК-те агроөнеркәсіп кешеніндегі екі ірі инвестициялық жоба да атап өтілді. Бұдан басқа мал қыстату мәселесіне де ерекше назар аударылды. Барлық мал басының қолайлы қыстауы үшін ірі азық тапшылығын сабан есебінен толтыру қажеттігі ескерілді. Биыл Есіл ауданында алты ферма құру жоспарланған екен, алайда, іс жүзінде біреуі ғана іске қосылыпты. Жыл соңына дейін алынған міндеттемелер толық көлемде орындалуы тиістігі айтылды.
– Жалпы аудан жақсы дамуда, – деп атап өтті облыс әкімі. – «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бо-йынша мұнда 2,3 миллиард теңгенің 31 жобасы мақұлданды. Бұл көрсеткіші орташа есеппен небары 15 жобаны қамтитын басқа аудандармен салыстырғанда, өте жақсы көрсеткіш. Мемлекет «Бизнестің жол картасы» бойынша да айтарлықтай қолдау көрсетуде, сондықтан, бизнес-пен бірлесіп жұмыс істеп, кез келген бастамаға көмектесіп, қолдау қажет.
Есіл ауданында алғашқы қажеттіліктегі он тоғыз азық-түлік өнім бағасының 14-і облыстағы орташа көрсеткіштен қымбат тұрады. Бұл орайда, Ермек Боранбайұлы облыс орталығындағы «Kokshe Market» дүкендерін үлгі етіп, онда жергілікті өндірушілердің азық-түлік тауарлары, өңірдің тұрақтандыру қорынан алынған өнімдер төмендетілген бағамен ұсынылғанын атап өтті.
Ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту үшін қазынадан 1 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Елді мекендерді сумен жабдықтау бойынша бірнеше жоба іске асырылуда.
–Үздіксіз жылумен қамтамасыз ету аса маңызды. Өткен жылғы жылыту маусымындағы жағдай қайталанбауы үшін бар мүмкіндік жасалсын, –деп, өңір басшысы ауданның қысқы жылу беру маусымына дайындығына да сын-пікірлерін білдірді. Жылдың соңына дейін Есіл ауданында кемінде 3,5 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берілуі тиіс, қазіргі уақытта соның тек 900 шаршысы ғана дайын. Өңір басшысы кейбір әлеуметтік нысандардың, атап айтқанда, дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының ұзаққа созылғанын да еске салды. Активте сонымен бірге, жол құрылысы, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру, бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру, халық санағы мәселелері де талқыланды.

Алексей ЧАЙКА,
Ырысалды ШАМШИЕВА.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.
Есіл ауданы.

Еркебұлан Еркешұлы Баяхметов
1972 жылы 28 тамызда Көкшетау облысында дүниеге келген. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін экономист және РФ Президенті жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын іскери әкімшілендіру шебері мамандықтары бойынша бітірген. Солтүстік Қазақстан облысында бірқатар басшылық қызметтер атқарған. Одан әрі ҚР Қаржы министрлігінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті төрағасының орынбасары болды. 2006-2018 жылдар аралығында ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің өңірлік даму бөлімінің бас инс-пекторы, «Қазтеміртранс» АҚ кеңсесінің бастығы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Ақмола облысы бойынша өңірлік филиалының директоры, одан әрі Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасының директоры, «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ қаржы директоры болып қызмет атқарды. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін 2018 жылдың қыркүйегінен Степногорск қаласының әкімі болды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар