Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов Қазақстан кәсіподақтары күнін мерекелеуге арналған салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар кәсіподақ төрағалары мен кәсіподақ мүшелерін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде 2019 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10 қазан – Қазақстан кәсіподақтарының күні болып бекітілгенін, бұл мереке кәсіподақтар үшін еңбек адамының құқын қорғау және әлеуметтік кепілдігін қамтамасыз ету жолындағы жаңа бір жетістік екенін атап өтті. Біздің облыста кәсіподақтар қатарында 79 мыңнан астам адам бар. Облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталғандар арасында «Көкше Энерго» серіктестігі кәсіподақ ұйымының төрағасы Сапар Малхаров, «Тыныс» акционерлік қоғамы кадр бөлімінің басшысы Гүлден Есмағамбетова, «Семізбай-U» серіктестігі кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерлан Сапаров және өзгелері болғанын атап өткен жөн.
Салтанат барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінекеев құттықтау сөз сөйлеп, Кәсіподақтар қоғамдағы әлеуметтік даулы мәселелерге араша болатынын, азаматтар, бизнес пен билік арасында үш жақты келісімдер бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол өз сөзінде кәсіподақтар алдында тұрған басты міндет – еңбек адамы құқының бұзылуына жол бермеу, еңбектің қауіпсіз және қолайлы жағдайын жасау, еңбек дауының туындауының алдын алу екенін айтып, Ақмола облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қали Рахметовты «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» медалімен, Қорғалжын аудандық кәсіподақтары филиалының төрағасы Нұрлан Тәжинді «Кәсіподақ ардагері» медалімен, Қорғалжын аудандық ауруханасының бас дәрігері Марал Архабаеваны «Еңбек озаты» медалімен, бірқатар кәсіподақ мүшелерін Құрмет грмотасымен және Алғыс хатпен марапаттады. Одан әрі облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Қали Рахметов өздерінің атқарған жұмысы жөнінде айтып, кәсіподақ қозғалысының дамуына үлес қосқан Гүлнәр Асқапова, Хауиа Ысқақова, Болатбек Қажаев сияқты кәсіподақ мүшелерін Алғыс хатпен марапаттады. Салтанат соңы шағын концертпен жалғасын тапты.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.