Пошташылар риза болды

«Қазпошта» акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалының ұжымы пошта саласының дамуына сүбелі үлесін қосқан еңбек ардагерлеріне қошамет көрсетті.

Пошта күні мерекесі қарсаңында өткен бұл кездесуге бір топ зейнеткерлер жиналып, аталмыш филиалдың директоры Қайрат Бекенов поштаның тарихы және соңғы жылдары ұжымның атқарған жұмысы жөнінде айтып берді.
–Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде Дүниежүзілік пошта одағы 14-ші конгресінің шешімімен одақтың 1874 жылы құрылған күні құрметіне атап өтіліп келеді. Бүгінгі күні Дүниежүзілік пошта одағына 189 мемлекет мүше. Бүкіл әлемде 9 қазаннан бастап халықаралық хат апталығы өткізіледі. Қазақ жерінде де поштаның өзіндік дәстүрлі тарихы бар. Ресми түрде пошта бөлімдері ашылмаған тұста да қазақ даласының о шетінен бұ шетіне хабар жеткізетін арнайы қызметкерлер болыпты. Жаушының, елшінің жолға шыққандағы мақсаты жауластыру, не елдестіру болғанымен, бұл мақсаттың түп-төркінінде бір жерден екінші жерге ақпарат жеткізу мұраты тұрған. Мысалы, Әбілқайыр хан мен Әйтеке би саяси шаралар кезінде белгілі бір міндеттер атқаратын, сол заманның хабаршы-жаушыларын ұстаған. Қазақстанда ресми пошталық байланыс бөлімшесі алғаш рет 1860 жылы Верныйда (Алматы қаласы) ашылды, ол көп ұзамай пошта-телеграф кеңсесі болып қайта құрылған. Ал, 1883 жылы оған 14 пошталық байланыс бөлімшесі бағынатын болған. Қазақстан Тәуелсіздік алып, егеменді ел болғаннан кейін саладағы жағдай күрт өзгерді. 1992 жылдың 27 тамызында еліміз Бүкіләлемдік пошта одағына мүше болып кірді,–деген филиал директоры соңғы жылдары өздері атқарған жұмысына тоқталды. Өткен жылы астана поштасынан бөлінген филиал алдымен, пошта еңбеккерлерінің жалақысын көтерумен айналысыпты. Осы алты жылда ұжым өздерінің білікті мамандарынан және тұтынушыларынан айырылған екен. Қазір зейнетақыны жұрт банктерден алады. Көкшетау қаласында 27 мың зейнеткер тұрады. Олардың тек қана 1400-і зейнетақыны поштадан алады. Облыстағы 8 қалада тұратын зейнеткерлер де зейнетақысын банктерден алады. Филиал ауылдық елді мекен тұрғындарына қызмет көрсетеді. Дегенмен, филиал әкімшілігі жаңа жобаларды қолға алған екен.
–Бүгінгі күні әр пошташы өз еңбегіне қарай жалақы алады. Мәселен, бұрын 50 мың теңге еңбекақы алатын қарапайым пошташы Елена Кунанаева қазір 140 мың теңге алады. Қазір пошта ғимаратының ішінде күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Келесі жылы жертөлені жөндеуді жоспарлап отырмыз. Пошта курьерлері «Газель» автокөлігімен қамтамасыз етілді. Бұл көлік үш жылдан кейін жекеменшікке беріледі. Олар өз нормаларын асыра орындауда. Тіпті, демалыс күндері де жұмысқа сұранады. Олардың әрқайсысы бірнеше адамның жұмысын атқарып, тамыз айында 300 мың теңге еңбекақы алды. Бұрынғы 34 учаскенің біршамасы қысқартылды. Краснояр, Станционный селосында пошта бөлімшесі ашылды. Пошташылардың салығын филиал төлейді. Олардың еңбекақысы 30-40 пайызға көтерілді. Алдағы уақытта филиал қалааралық қызметті қолға алады. Қазір курьерлер мен пошташылардың жұмысы ортақ,–деген Қайрат Бекенов ұжымның мақсаты халыққа уақытылы әрі сапалы қызмет көрсету екенін, зейнеткерлерін газетке жаздыратынын айтты. Бұдан соң осы саланы дамытуға үлес қосқан Қапар Айтуғанов, Тамира Әркенова, Анатолий Воронин, Тансия Горбунова, Любовь Ефграфова, Сейітмәлік Әбішев, Төлеген Жақанов, Владимир Ганушевич, Сергей Ерденов сияқты еңбек ардагерлері сөз сөйлеп, өздерінің тәжірибесімен бөлісті. Кездесу соңында егде адамдарға естелік сый-сияпат көрсетілді.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар