Тіл – рухани қазына бастамасы

Дана халқымыздың кемеңгер ұлдарының бірі Мұхтар Әуезов: «Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан-дүниесі. Ол жүректі соқтырып тұрған қан тамыры сияқты. Егерде қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?..» – деген екен.

Жерлестерімізге қазақ тілін үйрету жолында еңбек етіп, мемлекеттік тілді дамытуға өз үлесін барынша қосып жүрген мекемелердің бірі – қаламыздағы Тілдерді оқыту орталығының жұмыс істеп жатқанына қараша айында 14 жыл толады. «Тіл игеру тың игеруден де қиын», – деп Қонысбай Әбіл ақын айтқандай, тілдерді оқыту орталығының ұжымы тіл үйрету сияқты күрделі істі атқарып келеді.
Тілді үйренгісі келіп, мемлекеттік тілдің қажеттігін сезініп, болашағына көз жібере отырып, бүгінгі күнін босқа өткізбей тіл үйренемін деушілерге әрдайым есік ашық.
Жыл сайын қыркүйек айына дейін ауданымыздағы мекемелер мен кәсіпорындардан, жеке тұлғалардан келіп түскен өтінімдер мен өтініштердің негізінде топтар жинақталып, тыңдаушылар құрамы анықталып, кезекті оқу жылы басталады. Орталықтың оқу залында және мекемелерде өтетін сабақтардың кестесі өтінім берген мекемелер мен кәсіпорындардың басшыларымен келісіліп бекітіледі. Биылғы 2021-2022 оқу жылында құрылған 19 топта 223 тыңдаушыға мемлекеттік тіл оқытылуда. Оның ішінде 7 топ қарапайым, 8 топ базалық, 4 топ жоғары деңгей бағдарламасы бо-
йынша оқытылып жатыр. Тыңдаушыларға тіл үйрену үшін барлық жағдай жасалынған, орталықтың екі оқу залы, жинақталған кітаптар қоры бар. Сонымен қатар, 2 топта 12 адам ағылшын тілін оқып жатыр. Мекеме басшыларының сұрауы бойынша кейбір кәсіпорын және мекемелерге тыңдаушы саны 12 адамды құраған жағдайда Орталық оқытушылары барып оқытады.
Орталықтағы тіл үйренушілер – әртүрлі салада қызмет ететін білімді де білікті мамандар, түрлі лауазым иелері. Сонымен қатар, тыңдаушыларымыздың тілді меңгеру қабілеттері де, жас ерекшеліктері де, ынталары да әртүрлі болып келеді. Осының бәрі Орталық оқытушыларынан жоғары біліктілікті, терең білімді, ерекше шеберлікті талап етеді. Орталық ұжымының сапалық құрамы осы талаптарға сай. Орталықтың оқытушылары сабақ кестесіне сәйкес бағдарлама бойынша сабақ өткізумен ғана шектелмейді. Мемлекеттік тілді оқытумен қатар, оның қолданылу аясын кеңейту, маңызын насихаттау, оны оқып-үйренуге деген ынта-ықыласты арттыру мақсатында жоспар бойынша қосымша сабақтан тыс іс-шаралар өткізіледі. Жыл сайын оқу жылының басында тілдер онкүндігі аясында, желтоқсан айында Тұңғыш Президент күніне, Тәуелсіздік күніне орай, наурыз мейрамы қарсаңында, Қазақстан халқының бірлігі күніне, Жеңіс күніне арналған іс-шаралар өткізу, тыңдаушылар арасында конкурстар ұйымдастыру, оқу жылын сертификат табыс ету кешімен аяқтау дәстүрге айналған.
2010 жылы бастау алған аудандық «Луч» газетіне «Қазақ тілін үйренеміз» айдарымен Орталық оқытушыларының мемлекеттік тілді оқыту сабақтарын жариялау ісі де жалғасуда. Газет беттеріне шыққан сабақтарымыз бойынша тіл үйреніп жүрген жерлестеріміз хабарласып, туындаған сұрақтарына жауап алып, ризашылықтарын білдіріп жатады. Еңбегіміздің пайдасы бар екенін, оның еленгенін білу біз үшін үлкен қуаныш.
Осы мақсатта Тілдерді оқыту орталығында Оқу-әдістемелік кеңес, Педагогикалық кеңес және «Шабыт» шығармашылық тобы жұмыс істейді. Осы орайда тарихшы ғалым Нәбижан Мұқамедханұлының: «Алтынды басқаларға қаздырып алармыз, бірақ қазақ тілін басқалар арқылы дамыта алмаймыз. Қазақ тілін тек қазақ халқының өзі ғана мемлекеттік тіл деңгейіне жеткізе алады», – деген сөзін келтіре кеткіміз келеді. Басқалар алтынымызды да қазып берер, үйімізді де салып берер, көлігімізді жасап, жолымызды да түзеп берер, бірақ олар біздің ана тілімізді тиісті биігіне көтеріп бермесі анық. Ендеше, өз биігімізді төмендетпейік, асылымызды арзандатпайық, қасиетті ана тілімізді есіктен сығалатпай, төрімізге шығарайық, ағайын!

Жанар МАХМЕТОВА,
Бурабай аудандық тілдерді оқыту орталығының
директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар