Көкшетауда студенттер TEDx форматында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды талқылады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру аясында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде TEDx форматындағы студент жастармен кездесу өтті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аумақтық департаментінің басшысы Арман Рахимов сөз сөйлеп, өскелең ұрпақты сыбайлас жемқорлыққа қарсы ойлауға, парасатты мінез-құлық пен патриоттық рухта тәрбиелеу сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шеңберіндегі бірінші кезектегі маңызды мәселе екендігін атап өтті.
«Біздің өңірде осындай белсенді, креативті және білімді жастарды көру көңіл қуантады. Алдағы уақытта да өз бастамаларыңыз бен идеяларыңызды іске асыруды жалғастыра отырып, әрқашан адал және кез келген сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзімсіз болып қала берсеңіздер екен деймін. ЖОО студенттерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған іс – шараларға белсенді қатысуы басқа жастар үшін жақсы үлгі болатынына сенімдімін», – деді Арман Рахимов.

Сондай-ақ, Департамент басшысы студенттерді ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясына түсу тәртібі туралы хабардар етіп, мақсатты жастарды алдағы уақытта Антикор қызметкерлерінің қатарын толықтыруға шақырды.

Іс-шара барысында әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, университеттің әдеп жөніндегі уәкіл, қоғам қайраткері Ғалым Байтук академиялық адалдықты қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Атап айтқанда, академиялық саясат ережелері енгізілді, оқу процесіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы пәндер енгізілді, ағымдағы жылы студенттерді жатақханаларға орналастырудың электрондық форматын апробациялау жүргізілді, «Адал ұрпақ» және «Саналы ұрпақ» ерікті клубтары жұмыс істейді.

Сондай-ақ, кездесуде медицина факультетінің 4-курс студенті Алмаз Теміров парасаттылық мәдениетін қалыптастыру аясында университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысу тәжірибесімен және алған әсерлерімен бөлісті.

Іс-шараға қатысушылар пікір алмасып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар мен идеяларды әзірледі. Сонымен қатар, белсенді студенттер мақтау қағаздарымен марапатталды.

Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша TEDx форматындағы кездесулер қатысушылардың пайдалы ақпарат, пікір және идеялармен алмасуын білдіреді. Қазіргі уақытта мұндай кездесулер бүкіл республика бойынша өзекті болып отыр.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар