Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмолалық диқандар табиғат сынынан сүрінбей өтті - АРҚА АЖАРЫ

Ақмолалық диқандар табиғат сынынан сүрінбей өтті

Ақмола облысының еңбеккерлері егістік алқаптағы барлық бидайды орып, бастырып бітті. Гектар берекесі 8,8 центнерден айналды. Құт қамбаға төрт миллион тоннадан астам дән құйылды.

Ел назары егінжайға ауған шақта көңілде үміттен күдік басым еді. Нәтижесін көрген соң күдік сейіліп, үміт оты жанды. Өңірде мамыр-маусым айында небары 13,1 және 19,1 миллиметр шамасында ғана ылғал түсті. Салыстырып қарайтұғын болсақ, өткен жылдардағы көрсеткіштен әлденеше есе аз. Танапқа дән сіңіріп болғанша қар суы кеуіп кетті. Білікті диқандардың айтуына қарағанда, биыл алқаптағы топырақ та кеш жылынған. Дәннің бойындағы нәр қуат беріп, көктеп шыққанымен бой салып өсе алмады. Сараптап қарасаңыз, кей өңірде дәнді кеш сепкендер тәуір өнім алған сыңайлы. Өйткені, ол алқаптардағы дән қара қарғаның миы қайнайтын шілденің ортасынан ауып барып жауған жауынға лекті. Шілденің 15-і күні Бурабай ауданында 17,4, Қорғалжын ауданында 15,9, Ақкөл ауданында 13,3 миллиметр мөлшерінде жауын жауды.
– Өңірдегі астық түсімі ала-құла, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Валерий Литовченко, – дер кезінде жауын жаумады. Астықтың денінің сабағы қатып қалды.
Өзге аудандарға қарағанда, топырағы құнарлы Сандықтау ауданының алқаптарындағы бидай шығымы тәуір. Биыл бұл ауданда гектар берекесі 13 центнерден айналды.
– Аудан диқандары 306,4 мың гектар бидай тұқымын сіңірген болатын, – дейді аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков, – құрғақшылық болған жылдың өзінде еңбектері ақталып, тәп-тәуір өнім жинап отыр. Жалпы егіннің шығымдылығы көптеген алғышарттарға байланысты. Үздік технологияны тиімді пайдаланған жерде биылғыдай ылғал аз болған жылы да толымды өнім алуға болатындығын дәлелдеп отырған ұжымдар бар. Мәселен, біздің аудандағы «Белградское», «USАгро», «Свободное», «Максимовка» серіктестіктері, «Любимовы» шаруа қожалығы гектар берекесін 20 центнерден асырды. Демек, бұл арадағы барлық гәп жермен жұмыс істей білуде деп айтуға болатын шығар.
Табиғат сынағы оңай болған жоқ. Мәселен, жылда мол өнім жинайтын Атбасар ауданының егістік алқаптарының 14,6, Аршалы, Бұланды аудандарының егістігінің 10 проценті көктемей қалды. Жаз ортасында жағдайы нашар саналған Қорғалжын ауданындағы егістік алқаптың 34 процентіне егін шықпай, қалған 70 проценті қанағаттанарлық деңгейде деп есептелгеннің өзінде тәп-тәуір өнім жинап, гектар берекесін 10 центнерге жеткізді. Мамандар бұл арада жаз ортасы ауа жауған жауынның септігі тиді десіп отыр. Биыл астықты өңірдегі Сандықтау, Зеренді, Бурабай, Егіндікөл, Целиноград, Шортанды, Аршалы, Астрахан аудандары салыстырмалы түрде алғанда біршама тәуір өнім жинады деп айтуға болады. Бұл аудандардағы әрқайсысындағы гектар берекесі 10 центнерден айналды.
–Талдап қарайтын болсаңыз, гектар берекесін арттыру үшін алқаптарды парға қалдырудың да маңызы зор, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркеш Әленов, – қар тоқтатудың да көп-көрім септігі бар. Негізінен әлеуеті зор ірі шаруашылықтардың гектар берекесінің артуы жаңа техникаға байланысты. Мәселен, ол техникалар жерді жырту, топырақты ұсату тәрізді бес-алты процесті бір-ақ атқарады. Ал, ескі техника әрқайсысын жеке-жеке орындаймын деп жүргенде топырақты қайта-қайта аударып, төңкеріп, ылғалынан айырылып қалады. Алдағы уақытта қуаңшылыққа төтеп беретін тұқым дайындауды қолға алмақшымыз. Бұл орайда, А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы қазір қуаңшылыққа төтеп беретін дән тұқымын дайындаумен шұғылдануда. Алқаптың үстіндегі жиналған қарды сығымдап, нығыздау тәсілі де жағымды жаңалықтардың қатарында. Сығымдалған қар кеш ериді де, ылғал рәсуа болмайды. Облыста машина-трактор паркін жаңғырту мықтап қолға алынған. Мәселен, өткен жылы облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары 47 миллиард теңгеге техника сатып алды. Осы арада мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына қаншалықты қолдау көрсетіліп отырғандығын екпін түсіріп айта кетуге болады. Мәселен, жаңа алынған техникалардың құнының 25 процентін мемлекет өтейді. Биылдың өзінде ғана мемлекет тарапынан қайтарымсыз 39 миллиард теңгенің субсидиясы төленді, 31 миллиард теңге несие берілді. Осы несиеге диқандар ауыл шаруашылығы техникаларын, тұқымын, тыңайтқышын сатып алды.
Биылғы астықтың бағасы сұранысқа байланысты. Әр тоннасы 130-150 мың теңге шамасында сатылуда. Бұл жердегі басты көрсеткіш – сапасы. Яғни, қамырлылығына байланысты. Биыл өнім аздау болғанымен, астық сапасы жақсы. Қазіргі күннің өзінде қамырлылығы 30 процент. Өңір диқандары мұндай көрсеткішке бұрын-соңды қол жеткізе алмаушы еді. Биылғы ыстықтың әсерінен қамырлылық жоғары болып отыр. Қатты бидайдың әр тоннасының бағасы 230 мың теңгеге жетті. Қазірдің өзінде 1 миллион 500 мың тонна астық сыртқа сатылды. Ақмола бидайына 30 мемлекеттен сұраныс бар, соның ішінде көп мөлшерде Өзбекстан, Пакистан, Иран мемлекеттері алуда.
Ендігі бір өзекті мәселе – мал азығы. Алдын ала түзілген жоспарға сәйкес 1 миллион 260 мың тонна шөп дайындау керек болса, 97 проценті орындалды. Қалған 3 проценттің есесін сабанмен толтыру көзделіп отыр. Осы орайда 1 миллион 20 мың сабан бумаларын дайындау керек болса, бұл межеленген жоспар бүгінгі күні 50 процентке орындалған. Қазір шаруашылықтар егінжайдағы сабанды буып, елді мекендерге тасымалдауда. Мал азығына қажетті жемнің бағасына келетін болсақ, әр өңірде әртүрлі. Арпаның бір тоннасы 90 мың теңгенің төңірегінде, шаруашылықтар тұрғындарға пай есебінен мал азығын босатуда. Ірі шаруашылықтың басшыларына малсақ қауымның мал азығынсыз қалмауы ескерілген.
– Осы орайда ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына мемлекет тарапынан қаншалықты көмек көрсетіліп жатқандығын түсіндіре отырып, енді өз кезегінде олардың да халыққа қарайласу керектігін парыздары екенін айтудамыз, – дейді Еркеш Әленов, – олар түсінікпен қарауда.
Қазір облыста нанның бағасын тұрақтандыру барысында қыруар шаруа атқарылуда. Әлеуметтік нанның бағасы 90 теңгеден аспауы керек. Таяуда ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, диірменшілер, наубайхана қожайындарының қатысуымен үлкен кеңес өткізілді. Кеңес барысында нан бағасын өсірмеуге уағдаласты. Жалпы қажетті көлем әр шаруашылықтың қауқарына қарай бөлініп, арнайы тізім жасалды. Ауыл шаруашылығы құрылымдары диірменге бидайдың әр тоннасын 80 мың теңгеден өткізеді.
–Мысалы, бір ауданға тұрақтандыру қорына мың тонна астық жинау қажет болса, – дейді Еркеш Әленов, – бұл көлем әр шаруашылыққа бөлгенде ешкім де аса көп зиян шекпейді. Бір қуаныштысы, барлық шаруашылық басшылары бірден келісіп, меморандумға қол қойды.
Қазір облыс диқандары алдағы көктемге қажетті 528 мың тонна тұқымды қамбаларына құйып, тазалауда. Астықты өңірдегі ахуал осындай.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Рамазан ТІЛЕУОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар