Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Арқа ажарының» бір жанашыры - АРҚА АЖАРЫ

«Арқа ажарының» бір жанашыры

«Зерлі Зеренді» газетінің шеф-редакторы Қайрат Қазиақпаров көп жылдардан бері облыстық «Арқа ажары» газетіне мақалалар жолдап, басылымның осы ауданда таралуына өз ықпалын тигізіп келеді.

Қайрат жан-жағын қалың орман қоршаған Қарашілік ауылындағы мұғалімдер отбасында 1958 жылы туды. Әкесі Есентемір Қазиақпаров бұрынғы Көкшетау ауданының Қараөзек ауылының, шешесі Шәмшия апай Қарағай ауылының тумасы. Анасы белгілі ауыл шаруашылығы ұйымдастырушысы Еңбек Қабдановқа туыс болып келеді. Ата-анасы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жолдамамен сол кезде атағы алысқа тарап тұрған Қарашілік он бір жылдық мектеп-интернатына келіп, бірі қазақ тілі мен әдебиеті, екіншісі ән-күй пәнінен сабақ берді. Кейін Есентемір Қазиақпаров мектеп директоры болды. Бұл білім шаңырағында сол кезде Зеренді, Бурабай және Сандықтау ауданының балалары оқыды. Өз басым да осы мұғалімдердің алдынан дәріс алғанымды бүгінгі күнге дейін мақтан тұтамын. Бақытты балалық шағымыз табиғаты әсем осы ауылда өтті. Төлеген Хикметов, Балабек Шаяхметов, Қайыргелді Иманғалиев, өзім, Ғұзайыр Забиров, Мұсылманбек Рахметов, Алмас Абдуллин, Кенже Насибуллин және басқалары жиналып, Қайрат Қазиақпаров үйінің жанындағы мұз айдынында түннің бір уағына дейін хоккей ойнайтынбыз. Бізді іздеп келгендер хоккей жанкүйерлеріне айналатын. Мұз айдынын құю және екі бағанадағы жарықты ілу жұмысын Қайраттың әкесі қамтамасыз ететін.
Жаз айларында ауылдағы құрдастар жиналып, Қарағаш пен Қыратағашты, Саздыағаш пен Дәленді, Құлабие мен Қайнарды, Жаншолпан мен Шоққарағайды аралап, жеміс-жидек теретінбіз. Аптаған ыстықта Қарасу тоғанында шомылатынбыз. Сегізінші сыныптан кейін біріміз Көкшетау облыстық орта мектеп-интернатында, екіншіміз Зеренді қазақ орта мектеп-интернатында оқыдық. «Тұлпар аунаған жерде түк қалады» демекші, Қайрат әкесі сияқты қазақ тілі мен әдебиеті пәнін сүйіп оқыды. Қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын қолынан түсірмейтін.
Дегенмен, тағдыр оны Целиноград ауыл шаруашылығы институтына алып келді. Жоғары оқу орнында қазақ күресімен айналысты. Оқуын ойдағыдай бітіріп, мал шаруашылығы мамандығын алып шықты. Сол кездегі жолдамамен Зеренді ауданының «Ленин жолы» кеңшарында еңбек етті. Қайрат Қазиақпаров өзінің ерекше мінезінің арқасында адамдармен тез тіл табыса білді. Адамның арманы алға қарай жетелейтіні белгілі.
Осы орайда, ол Зеренді аудандық әкімдігінде аудармашы, баспасөз хатшысы болып еңбек етті. Оны тіл мен әдебиетке деген сүйіспеншілігі аудандық «Зерлі Зеренді» газетіне алып келді. Газет жұмысына төселіп, көп жылдардан бері аталмыш газетті штаттан тыс тілшілерімен бірге өзі шығарып келеді.Қайрат Есентемірұлының бір ерекшелігі, қазақ тіліндегі материалды орыс тіліне еркін аудара береді. «Зерлі Зеренді» газеті жылт еткен жаңалық пен құнды материалдарды жариялап, өз оқырмандарының көңілінен шығуда. Өз газетімен бірге облыстық «Арқа ажары» газетіне жазылуды да ұйымдастырып жүр, газетімізге мақалалар да беріп тұрады.
Отбасы жөнінде аз-кем тоқталсақ, құдай қосқан қосағы Зейнегүл Балтакескенқызы екеуі екі қыз тәрбиелеп өсірді. Оларды қияға қондырып, жиендер сүйіп отыр. Зейнегүл Қазияқпарова көп жылдар бойы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін басқарды. Зейнеткерлікке шықса да қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқ. Аудандық сайлау комиссиясы төрайымы қызметін абыроймен атқарып жүр. Бүгінгі күні Қайракеңнің қолы босай қалса, жиендерінің тәрбиесімен айналысады. Оларға ана тілін үйретуден бір жалыққан емес. Алпыстың асқарына шыққан әріптесімізге әлі де жазар көбейсін дейміз.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар