Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауылдастарына көмегі көп Қонай - АРҚА АЖАРЫ

Ауылдастарына көмегі көп Қонай

Қызылегіс ауылында тұратын жеке кәсіпкер Қонай Демесінов мал шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ, ол ауыл тұрғындарының шаруашылығына көмектесіп, олардың өзекті мәселесін шешуге де атсалысып жүрген абзал азамат.

Қонай орта мектепті 1976 жылы бітірген соң автокөлік жүргізушісі және механизатор курсын бітірді. Алғашында бұрынғы Көкшетау облыстық денсаулық сақтау басқармасында жүргізуші болып, дәрі-дәрмек тасымалдады. Отбасының жағдайына байланысты ауылға оралып, анасының қамқоршысы болды. Темір тұлпар тізгіндеп «Ленин жолы» кеңшарының қайнаған еңбегіне араласты. Оның еңбегі еленіп, «Бесжылдықтың жас гвардиясы» төсбелгісімен және көптеген грамоталармен марапатталды. Шаруашылық 1997 жылы «Казэкспорт-Астық» компаниясының құрамына кіргенде дизель маторын жөндеуші болып еңбек етті. Техниканың тілін жақсы меңгерген шебер әріптестерінің арасында үлкен беделге ие болды. Қонай Демесінов 2009 жылы өз жеке кәсібін ашып, мал шаруашылығымен айналысты. Алғашында 30 бас ірі қара, 10 жылқы, 60 қой-ешкі, 40 күрке тауық, 60 шақты қаз-үйрек бақты.
Бау-бақшада жеміс-жидек пен көкөністің түр-түрін өсірді. Өндірген өнімдерін Қызылегіс ауылдық округі атынан аудан, облыс, республика орталығында өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде сатып жүр. Ол өзінің 100 гектар шабындық жеріне көпжылдық екпе шөп егіп, мал азығын дайындайды. Ол үшін қажетті ауыл шаруашылығы техникасының бәрі бар. Биыл Дүйсен Атыхан екеуі бірігіп, жеткілікті мал азығын дайындады. Шөп маялары өзі салған үлкен мал қорасының маңына өрт қауіпсіздігі талаптарына сай үйіліпті. Оның үстіне «Зеренді Астық» серіктестігі жер үлескерлеріне сабан мен жем береді екен. Еңбекқор кәсіпкер көктем айларында ауыл маңын тазалауға үлесін қосып, Көкшетау қаласының саяжайларына көң тасымалдайды. Қызылегіс және Қарашілік, Көктерек тәрізді көрші ауылда тұратын тұрғындардың картоп участогының жерін жыртып береді. Жеке кәсіпкер қоғамдық жұмысқа да белсене араласуда. Мәселен, ауылға келетін жолды қар алмау үшін аудан әкімінің қолдауымен ағаш отырғызды. Қыс айларында ауыл тұрғындарының малын суару қиынның қиыны болатын. Қонай Әбітайұлы бірнеше бағана орнатып, ұңғымаға электр желісін тартты. Биылғы жылғы қуаңшылықта ауыл іргесіндегі тоғанда су болмады. Жайылым жердегі бұрынғы ұңғыманы тазалап, өзінің су сорғышын орнатты. Ауыл азаматтарының басын қосып бірнеше науа жасады. Сөйтіп, өткен жаз айларының аптаған ыстығында ауыл тұрғындарының малын сақтап қалды. Қонай Демесіновтың Жақсылық есімді кенже ұлы агроном мамандығын алып, әкесінің кәсібін одан әрі жалғастыруда. Яғни, Демесіновтер отбасының кәсібі одан әрі дами бермекші. Игі істеріңіз сәтті болғай.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар