Біздің кітапханада «Еңбек түбі – береке» тақырыбындағы іс-шара ұйымдастырылды. Сұхбат алаңында құрылыс саласының ардагері, кәсіпкер Амангелді Қаймолдин Көкшетау қаласының №1 құрылыс-техникалық колледжінің құрылыс және коммуналдық қызметтер бөлімінің студенттерімен кездесті.
Амангелді Абдрахметұлының бастамасымен өңірімізде ауқымды жұмыстар атқарылып, көптеген нысандар ел игілігіне берілді. Ерен еңбегінің арқасында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, небір зәулім ғимараттар бой көтерді. 50 жыл еңбек жолын экономикамыздың маңызды саласының бірі – құрылысқа арнаған ардагер бірінші курс студенттерімен өзінің бай кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, олардың қойған сауалдарына жауап берді. 1965-1970 жылдары Мәскеу қаласындағы Темір жол инженерлері институтында оқып жүргенде тәжірибе жинақтау үшін Байкал-Амур темір жолын салуға аттанғандарын, сол кездегі студенттер барлық жұмыстарды қолмен істеп, күркелерде тұрғанына қарамастан, суыққа, қиындыққа мойымай, керісінше қайраттанып, жақсы маман болып шыққанына тоқталды.
–Тәуелсіздік жылдары елімізде құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасалып отыр. Отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары көбейе түсуде. Сондықтан да, осы қарапайым мамандықты таңдағандарыңа еш өкінбеңдер. Құрылысшылар қарапайым мамандық иесі болғанмен, олардың кәсіпқойлықтары мен шеберліктерінің арқасында жаңа үйлер, мектептер, аурухана, жолдар салынып жатыр. Құрылыс саласында қазіргі заманға сай білікті де білімді, іскер де қабілетті маман болып, қаламыздың, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық деңгейінің артуына айтарлықтай еңбек сіңіретін болыңдар, – деген тілегін білдірді.
Іс-шара соңында сыйлы қонағымызға орталық қалалық кітапхана жүйесінің Алғыс хаты табыс етілді.
Бақытжан АЙДОСОВА,
Көкшетау орталық қалалық балалар
және жасөспірімдер үлгілі
кітапханасының меңгерушісі.