Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстан Респуб-ликасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Ақмола-Көкше өңірлерінде ашылғалы отырған «Сәлем, Елорда!» – өңірлер өнерінің керуені» фестивалінің бағдарламасы мен мазмұн-мақсаты туралы баспасөз конференциясы болып өтті. Фестиваль 12-14 қазан аралығында биылғы жылы Қазақстанның мәдени астанасы болып жарияланған Көкшетау қаласында өтетін болады.
Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың шығармашылық ұжымдары мен озық орындаушыларын топтастырған «Сәлем, Елорда!» өнер шеруінің мақсаты – республика көлеміндегі мәдениет саласының мамандары үшін шеберлік сағаттарын ұйымдастырып, тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру, өңірлердің өнері мен мәдени жетістіктерін кеңінен насихаттап, озық үлгідегі орындаушыларды дәріптеу. Сонымен қатар, ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ел Тәуелсіздігінің 30 және Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы секілді биыл республикалық маңызы бар мерейтойлар мен жергілікті атаулы даталарды қамтитын болады.
Баспасөз конференциясы барысында алдымен сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова:
– Алматыдан бастау алған «Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер шеруі Қазақстанның мәдени астанасы атанған біздің Көкшетау қаласында жалғасын табуда. Осы үлкен жауапкершілікпен атқаратын жұмыс барысында 500-ден астам іс-шара жоспарланған. Бүгінге дейін есте қаларлық тамаша іс-шаралар өткізіліп жатқаны баршаңызға аян. Шаралардың бәрі «Ашық» мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылуда. ІІ республикалық өнер фестивалі таңертең «Көкшетау» мәдениет сарайында салтанатты жағдайда ашылатын болады, – деген басқарма басшысы, өңірімізге келген өнер ұжымына сәттілік тілеп, бірлесе жұмыс істейтіндерін жеткізді.
Одан әрі Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» жанындағы республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығының жетекшісі Болат Ерәлі мен аталмыш орталықтың ресми өкілі Ержан Алданазаров сөз алып, Ақмола өңірінде 12-14 қазан аралығында үш күн бойы төрт бағытта өтетін фестивальмен жан-жақты таныстыра отырып, халық шығармашылығын дамыту орталықтарының ақпарат, арт-менеджмент және хореография салалары мамандары үшін үш күндік шеберлік сағаттары өткізілетінінен хабардар етті. Сондай-ақ, өнер фестивалінің ұжымын құшақ жая қарсы алған облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа, облыстық мәдениет басқармасына ризашылықтарын білдірді. Бұдан бөлек, мәдениет саласының бір бағыты ретінде облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың аудандық кітапханалары меңгерушілеріне арналған шеберлік сағаттары да жоспарланып отырғаны айтылды.
Бұл шеберлік сағаттарында өнер ұжымдары арасындағы өзекті мәселелер ортаға салынады. Ал, фестивальдің өзі «Сен бе, Көкше, сұлулықтың арқауы!» атты Гала-концертімен қорытындыланатын болады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.