Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Целиноград және Қорғалжын аудандарында болып, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер бой көтеріп жатқан құрылыс алаңдарын аралап көрді. Сондай-ақ, ауылдық жерде өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартатын инфрақұрылымдық жобалармен танысты.
Целиноград. Қараөткел ауылында құны 900 миллион теңгеге 280 орындық балабақша салынуда. Мердігер компания – «Астана Көктем-S» серіктестігі құрылыс кестесінен артта қалып отыр, ал, жобаны түзету алтын уақытты алатыны белгілі.
– Біз Қараөткел ауылында балабақша мен отбасылық-дәрігерлік амбулатория, екі бағдарлама бойынша жолдар салып жатырмыз. Көп нәрсе жасалып жатқан сияқты, бірақ, анықтай бастағанда, барлық жерде кемшіліктер бар екені белгілі болды. Бұл жұмыста бірізділіктің болмағанынан, – деп сынға алды мердігерлерді өңір басшысы.
Жаз басынан бері ауысымына 25 келушіні қабылдай алатын заманауи отбасылық дәрігерлік амбулаторияның құрылыс алаңында жағдай сәл жақсырақ. Жоба сонымен қатар, біраз түзетулерді қажет етті, бірақ мердігер тарапынан құрылыс жұмыстары бір күнге де тоқтамады. «ДЕЛО ФБК» серіктестігінің басшысы Ғабит Қаппасовтың айтуынша, құрылыс серіктестіктің өз есебінен жалғасты, соның арқасында кестеден кешіктірілмеді. Қазір түзету аяқталып, құны 20 пайызға өсті. Алайда, облыс әкімі құрылысшылар қандай да бір себептермен абаттандыруға неге асықпайтынына назар аударды. Ал, суық ауа райының басталуына санаулы күндер қалды.
Қараөткел ауылының солтүстік бөлігінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында спорт алаңы пайда болады. Ол балалардың да, ересектердің де қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған. Мердігер құрылыс жұмыстарын 18 қазанда бастауға және айдың соңына дейін нысанды тапсыруға уәде берді. Әрине, үш елді мекенді қамтитын Қараөткел ауылдық округінде әлі де көптеген мәселелер бар. Ермек Маржықпаев Қараөткел, Қаражар және Жаңажол ауылдарының өкілдерімен кездесіп, олардың негізгілерін шешу жолдарын талқылады. Әңгіме әлеуметтік мектептер, коммуналдық инфрақұрылым, жолдар, көлік байланыстары және тағы басқа инфрақұрылым туралы болды.
Жергілікті қауымдастық өкілдерімен әңгімеде Ермек Маржықпаев астаналық аймақтардың барлық дерлік елді мекендерінде жиі кездесетін мәселе – тіркелген тұрғындар мен нақты өмір сүретіндер арасындағы айырмашылықты еске салды. Өкінішке орай, Қараөткел ауылында ресми түрде 7500 тұрғын тіркелген, ал, іс жүзінде одан бірнеше есе көп тұрады. Дәл сол мектептерді, балабақшалар мен ауруханаларды салуға қаражат сұрау үшін экономикалық негіздеме қажет. Егер адамдар тұрғылықты жері бо-йынша тіркелсе, мұны істеу оңай болатынын да жеткізді.
Сондай-ақ, өткен және ағымдағы жылдары Қараөткел ауылының жол торабын қайта құру мен салу жобаларын ескере отырып, 27 шақырым жолдың беткі қабаты қатты жабындылармен жабылды. Бұл 97 шақырымға жететін жолдардың жалпы ұзындығының үштен бірі. Жобаларға тротуарлар, жарықтандыру және көгалдандыру жұмыстары кіреді. Алайда, соңғы пункттің орындылығы күмән тудырады, өйткені, Қараөткелдің көптеген тұрғындары мал ұстайды.
– Целиноград ауданында жолдардың сапасына қатысты көптеген шағымдар бар, құрылыс сапасына мамандандырылған ұйымдардың тұрақты зертханалық бақылауы болуы керек, – деп түйіндеді Ермек Боранбайұлы.
Өтеміс ауылында Ермек Маржықпаев 120 оқушыға арналған мектептің құрылысымен танысты. Ауыл тұрғындары үшін бұл маңызды нысанның құрылысы екі жылға созылды, өйткені, коронавирустық пандемияның әсері басым болды. Уақыттың жоғалуына және жоба құнының өсуіне байланысты 100 миллион теңгеден астам тапшылық қалыптасты. Сондықтан, өңір басшысы құрылысты аяқтау үшін жетіспейтін қаржыны бөлуге уәде етті. Абаттандырудың ұзаққа созылуына байланысты мектептің уақытында берілуіне әлі де қауіп бар. Аудандық әкімдікке объектіні тұрақты бақылауға алу тапсырылды.
Ағымдағы оқу жылын Оразақ ауылындағы оқушылар толық жөндеуден өткен мектепте бастады. Бұл мектеп 2015 жылғы су тасқыны кезінде зақымданған болатын. Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында осы мектеп ғимаратын күрделі жөндеуге және абаттандыруға 207 миллион теңге бөлінді.
II. Іс тетігі – сапа мен қарқында
Қорғалжын. Аудан орталығындағы тұрғын үй тапшылығы мәселесі жеке үйлердің құрылысы арқылы ғана ішінара шешілуде. Аудан әкімі Берік Жанбаев өңір басшысына мәлімдегеніндей, әзірге бұл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған бір ғана көп қабатты үйде бір шаршы метрдің бағасы 140 мың теңгеден аспайды. Пәтерлер тұрғын үйге мұқтаж халықтың әлеуметтік осал топтарының үш санатына арналған.
Қорғалжын ауылының көше мен жол торабын жөндеуге тек «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша биыл облыстық бюджеттен 182 миллион теңге қарастырылған. Нәтижесінде аудан орталығында асфальт жолдардың 40 пайыздан астамы бар. Жол желісін жөндеу мұнымен бітпейді, ауылдың тағы бірнеше көшелерін жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Облыс әкімі атап өткеніндей, қаржыны игеру мақсат емес, бастысы жол құрылысының сапасы жақсы болуы керек.
Қорғалжын аудандық орталық ауруханасында медициналық кадрлардың жетіспеушілігі, бекітілген тұрғындарға қызмет көрсету сапасына қатысты мәселелер көтерілді. Медициналық мекеменің бас дәрігері Марал Архабаева орталық аудандық аурухананың ғимаратына 2014 жылы күрделі жөндеу жүргізілгенін мәлімдеді. Екі жылдан кейін шығындарды үнемдеуге байланысты аурухана ішінде ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылған.
Тұтастай алғанда, аурухананың жағдайы қанағаттанарлық. Облыс әкімі Ермек Боранбайұлы аурухананы одан әрі модернизациялау үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындауды тапсырды.
Медициналық кадрлардың, әсіресе, жетіспейтін мамандардың тапшылығына келетін болсақ, әзірге бұл мәселе Целиноград ауданының дәрігерлерінің есебінен шешілуде. ЛОР дәрігері, офтальмолог, хирург және психиатр-нарколог жергілікті науқастарды Қорғалжын аудандық орталықтандырылған ауруханасында демалыс күндері қабылдайды.
Жылдың соңына қарай Қорғалжында жайлы пәтерлері бар толыққанды тұрғын үйге арналған қайта жаңартылған бұрынғы екі жатақхананы да тұрғындарға беру жос-парлануда. Олардың құны – 220 миллион теңге. Мердігер ұйым «SCS Engineering» серіктестігі келісім-шарт бойынша үйлерді ағымдағы жылдың желтоқсанында тапсыруға міндеттеме алған. Бірақ, қазіргі құрылыс қарқыны ондай сенімділік тудырмайды.
Мемлекеттің тендерді ұтып алған мердігерлер алдында бір ғана міндеті бар, ол ақша аудару, – деді Ермек Маржықпаев «SCS Engineering» серіктестігі басшысына қаратып. – Сіздер он шақты нысанды бір-ақ аласыздар да олардың бірде біреуін ойлағандай соңына жеткізбейсіңдер. Егер есептесек, бұл арада бір шаршы метр тұрғын үй алаңының құны 160 мың теңге болып шығады, бұл осы жағдайда көп сома.
Облыс әкімі екі объектінің аяқталу мерзімін, соның ішінде іргелес аумақты абаттандыруды еске сала отырып, жұмыс қарқынын жеделдетуді талап етті.
Жұмыс сапарының соңында, Ермек Маржықпаев Қорғалжын агротехникалық колледжіне барды. Мұндағы әңгіме болашақ мамандарды даярлау сапасы туралы болды. Ал, бұл мәселе негізінен, аталмыш оқу орнының материалдық-техникалық базасын жаңартқанда ғана жүзеге асатын болады.
Алексей ЧАЙКА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.
Целиноград және Қорғалжын аудандары.