Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бір қызық, ит жүгіртіп, аңға шықса... - АРҚА АЖАРЫ

Бір қызық, ит жүгіртіп, аңға шықса…

Өткенінен өнеге іздеген жұрт жеті қазынасын жалықпай түгендеуде. Кешегі кеңес заманында тұқымы тұздай құруға шақ қалған дегдар тазының бағы жанашыр жандардың арқасында қайта жана бастады.

Ел тәуелсіздігін алғалы рухани қазынаның жүгі жығылған жылдары кесапат уақыт көзін кіреукелеген, тоңмойын дәуір дидарын зұлмат шымылдығымен тұмшалаған халық қазынасы қайта жаңғырып, еңсесін көтеруде. Таяуда Аршалы ауданында республикалық тазы иттердің жарысы ұйымдастырылды. Жарыстың әр сәтіне қақпан бел, қаншырдай қатқан алты тазыдан қатысты. Шарт бойынша бір шақырым қашықтықтағы аңды қақпақ. Ақылды көздері шоқша жайнап, аңсырап тұрған тазылар үшін табан қыздырар-ақ қашықтық. Ілкі заманда қара жерде бес-алты қоян қаққан тазы жүйрік деп бағаланған. Төрт-бес қоян ілгені орташаның төңірегінде. Сол дегдар тазылардың сарқыты бүгін де тәп-тәуір. Желмен жарысқан жүйріктік сарапқа салынып, алғырлығы айқындалған тазылар ен даланың шын жүйрігі кім екен дегендей жер танабын қуырып, көз қуантты. Шамдағай ептілігі де, мойыны қатпаған икемділігі де жоғалмаған екен.
Бағы жанып, бабы келіскен Басар атты тазысы желден жүйрік желтабан атанып, Көкшетау қаласынан келген команданың өкілі Баймолла Ерғазы бір қуанып қалды. Екінші және үшінші орындарды Алматы облысының итбегілері иеленді.
Бас жүлде де қомақты. Болат тұяғымен жер тарпыған асыл тұқымды тұлпар сыйға тартылды. Екінші, үшінші орындар үшін берілген сыйлық тазы баптаған итбегілер үшін қанжығаларын майлайтын қомақты олжа болды. Жарысты ұйымдастырушылардың бірі «ASYL QAZYNA» ұлттық федерациясының мүшесі Ердос Кәрімқожаның айтуына қарағанда, жаман тұмауға байланыс-
ты өткен жылы жарыс өткізілмей қалыпты. Биыл алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылып отыр.
–Бәсеке өте шиеленісті өтті. Жарыстың бір жақсы жері әріптестерімізбен кездесіп, тәжірибемізді толықтырдық, – дейді екінші орынға ие болған Көкжал атты тазының иесі, Алматы облысының өкілі Сұлтан Исабеков, – тұлпар мініп, тазы ерткен Алаш баласы үшін бұл еріккеннің ермегі емес, ел басына күн туған аштық жылдары бір ауылды бір иттің асырағаны туралы қаншама деректер бар.
Тазының атауының өзі таза деген сөзден шыққан дейді білетіндер. Сайын даланың көркі іспетті дегдар, жүйрік итті жүгіртіп, сейіл құрудың өзі Алаш баласының маңдайына жазылған сыбаға. Қайта жаңғырған, зұлмат жылдары иесімен бірге қиналған жеті қазынаның бірі текті тұқымын жайып жатса несі теріс?!
Ендігі мәселе таза қанды тазыны сұрыптап, бағзы қалпына, бұрынғы бітіміне жеткізу.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар