Әкенің өнегелі ізін жалғаған

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді дана қазақ. Бүгінде әке жолын жалғастырып жүрген жандардың бірі – Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының 2 курс курсанты Қамбар Құрманғалиев.

Қамбардың әкесі Нұрланбек Құрманғалиұлы Кенебаев ғұмырының 27 жылын азаматтық қорғау саласына арнаған. Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында дүниеге келген ол мектепті бітірген соң, әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеп келеді. Кейін Алматы облысы, Қаскелең қаласындағы өрт сөндіру бөліміне жұмысқа орналасады. Алдымен қарапайым өрт сөндіруші, кейін бөлім командирі болады. 2016 жылы азаматтық қорғау старшинасы шенімен құрметті еңбек демалысына шығады.
Тілсіз жаумен арпалысып, адам өміріне араша түскен абыройлы мамандық иесі атанған әкесіне Қамбар әрдайым қызығып қарайтын. Асқар тауын мақтан тұтып, қашан да өзіне үлгі санайды. Қамбар алғашында әскери қызметкер болуды армандаған болатын. Алайда, өрт ішінен талай адамды аман алып шыққан әкесінің бастан өткерген оқиғаларын тыңдап өскен бала өмірлік жолын құтқарушы мамандығымен байланыстыруға шешім қабылдайды.
– Әкем осы саланың қызығымен қатар, қиындығын да жасырмайтын. Кейде, тіпті, өрт болған орыннан адамның мүрдесін де алып шығатынын айтатын. «Оқуға түспес бұрын жан-жақты ойлан» деді әкем. Мен өзімнің дайын екендігімді жеткізіп, болашағыма нық қадам жасап, еліміздегі айтулы оқу орнына оқуға түстім, – дейді бүгінде арманы орындалып, академияда білім алып жатқан Қамбар.
Қалай дегенмен де, Қамбардың бұл арманы бірден орындала қоймаған көрінеді. 2019 жылы мектеп бітіріп, медициналық комиссиядан өтіп, оқуға енді тапсырамын деп жүргенінде, ұлттық бірыңғай тестілеуден төмен балл алған ол оқуға түсе алмай қалған екен. Алайда, жігерін жасытпай, табандылық танытып, үмітін үзбейді. Араға бір жыл салып, дайындығын ұштап, мүмкіндігін тағы бір сынап көреді. Бұл жолы бағы жанып, болашақ мамандығына бір қадам жақындайды.
Қамбардың арманы – әкесінің жолын қуып, білікті маман иесі атану. Бүгінде азаматтық қорғау қатарындағы курсант Қамбар Құрманғалиевке жетер жетістіктерің, алар асуларың мен шығар биіктерің көп болсын дейміз біз де.

Айгүл МЫРЗАҒАЛИҚЫЗЫ,
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар