«Оқжетпес» ақыры жоғары топтан шет қалды ма?!.

Көкшетаудың «Оқжетпесі» былтыр Премьер-Лигадан бірінші топқа түсіп қалып, биыл сонда күш сынасып келе жатқаны белгілі. Бұл топтағы чемпионат ойындары сонау 11 сәуірде басталған болатын. «Оқжетпестіктер» өз алдарына жоғары топқа өту міндетін қойып, маусым бойы сол үшін күрескенін айта кету керек.

Бірақ, клубтың қазіргі жағдайына қарағанда, бұл дегендері болмайын деп тұрғандай. «Оқжетпестің» Премьер-Лигаға өтуін қалайтын ақмолалық жанкүйерлердің өкінішіне қарай, клуб тап болған кейбір қолайсыз жағдайлар осыған әкеліп соғып отыр.

Әңгімені басынан бастасақ, жерлестеріміздің маусымның беташар ойынында Қаратаудың «Игілік» командасынан сырт алаңда ойламаған жерден 0:1 есебімен ұтылып қалуы да бүгінде алдымыздан айтарлықтай кедергі болып шығып отырғаны тағы бар. Неге дейсіздер ғой? Жоғарыда айтқанымыздай, биыл тек қана Премьер-Лигаға оралуды көздеген командамыз күні кешеге дейін бірінші топтағы 12 команда қатысатын чемпионатта барлығы жиырма ойын өткізіп, оның 14-інде жеңіске жеткен еді. Ал, бес ойынды тең аяқтап, бір ойында жеңіліс тапқан. Осыған қарағанда, «Оқжетпесте» барлығы 47 ұпай болуы керек еді. Бұл бүгінгі жинаған ұпай санымен жоғары топқа өтіп үлгерген, әрі чемпионатта бірінші орында келе жатқан Павлодар облысы Ақсу қаласының «Ақсу» клубы жинаған ұпай санымен бірдей. Онда да 47 ұпай бар. Екінші орындағы Түркістан облысының қос клубы – «Мақтаарал» 46 ұпай, ал, «Қыран» 42 ұпай еншілеп отыр. Осының бәрін салыстырғанда «Ақсумен» бірдей 47 ұпайдан жинаған біздің «Оқжетпес» те теориялық жағынан Премьер-Лигаға өтіп тұр еді.

Бірақ, олай болмай отыр. Бұған маусымның орта тұсында Қазақстан кәсіпқой футбол федерациясының «Оқжетпеске» қолданған санкциясы себеп. Бұл арада, пәленің бәрі 2020 жылы біздің команда жоғары топта өнер көрсеткенінде, клуб бірқатар шеттен шақырылған легионерлер мен Қазақстанның өз футболшыларына айлықтарын дұрыс төлемеуінде болып отыр. Бүгін жалғанның жарығына шығып отырғанындай, клуб сербиялық Дарко Зорич, Милан Стоянович, ресейлік Артем Дмитриев, тағы басқа команда мүшелеріне жалақы жағынан айтарлықтай мөлшерде қарыз болып қалған. Осы аталған футболшылар бұл күнде сол ала алмаған айлықтарын даулап, әртүрлі мәлімдеме жасауда. Мұның бір шеті еліміздің футбол федерациясына жетіп, «Оқжетпес» белгіленген уақытта жалақы қарызын төлей алмағандықтан, федерация шешімі бойынша жалпы ұпай санынан бірінші ретте 3 ұпайы, ал, екінші ретте 6 ұпайы бірдей алынып тасталды. Бұл ұпайлар егер команда қарызды толық жапса ғана қайтарылатын еді. Бірақ, клуб олай істей алмай, соның салдарынан жасыл алаңда маңдай терлерімен қол жеткен 9 бірдей ұпай күні бүгінге дейін текке кетіп отыр.

Осы арада әділін айту керек, клуб өзі қарыздар кейбір кешегі футболшыларымен келісіп, берешектерін жапқан. Алайда, жоғарыда біз әдейілеп аттарын атаған легионерлер команданың осы тұрғыдағы кей ұсыныстарын қабылдамай, өз дегендерінде тұрып бағуда. Бұл ретте, олардың аламыз деген сомасы мен клубтың атаған сомасында айтарлықтай айырмашылық байқалады. Егер осы мәселе дұрыс бір шешімін таппаса, соңы Қазақстан мүшесі болып табылатын Еуропа футбол одағы – УЕФА деңгейінде де дау-дамайға ұласып кететін түрі бар. Сондықтан, бұл мәселеге команданы ұстап отырған жергілікті билік органдары қалай қарап отыр, міне, осы жағы да жанкүйерлерге әзір түсініксіз.

Бұл екі ортада көп болып сенім артқан «Оқжетпестің» биылғы маусымда осындай шырғалаңға душар болып, 9 ұпайын жоғалтқаны, соның салдарынан жоғары топқа өте алмай отырғаны жанкүйер біткеннің арқасына аяздай батуда. Бұған сол маусым басында біз айтқан ортанқол клуб – «Игілікке» кеткен 3 ұпай да зардабын тигізе түскені анық. Өйткені, «Оқжетпес» бұл үш ұпайды жоғалтпаса, оған қоса, күні кеше «Ақсумен» өткізген шешуші ойында 1:3 есебімен есе жібермесе, сол 9 ұпайды былай қойып та, жоғары топтан ептеп үміт бар еді. Бірақ, олай болмады. «Игілікке» кеткен есе өз алдына, команда құрамы бір сыдырғы дұрыс болса да, жанкүйерлер үлкен үмітпен асыға күткен ойында «Ақсудан» ұтылып қалды.

Сондықтан, бұл күнде әлеуметтік желілерде осы біз жоғарыда айтқан «Ақсу» мен екінші орындағы 46 ұпай жинаған «Мақтаарал» жоғары топқа өтті деп жария етілуде. Ал, 9 ұпайы есепке алынбай отырған «Оқжетпес» болса, соңғы 22-інші турда өз алаңында сол бізге кедергі келтірген «Игілікті» жеңген күннің өзінде 41 ұпаймен турнир кестесінде төртінші орында қалмақшы. Әрине, осыны ойлағанда клуб жанкүйерлерінің не істерлерін білмей, өкініп-торығуының да жөні бар. Өйткені, жоғарыдағы 9 ұпай өзімізде болғанда, ұзын-ырғасы 50 ұпай «Оқжетпесті» жарқыратып бірінші орынға шығарып-ақ тұр еді.

Қазір қарызға байланысты мәселенің қалай шешілерін, шешіле қалса, Қазақстан кәсіпқой футбол федерациясы «Оқжетпеске» осы өзі алып қойған ұпай санын кері қайтарып, Премьер-Лигаға өтетіндей мүмкіндік бере ме, бермей ме, былайғы жұрттан ешкім де білмейді. Жағдай осы күйінде қала берсе, Ақмола облысы Премьер-Лигада өз өкілдері жоқ облыс күйін әлі де қанша кешері белгісіз. Бәрінен бұрын жасыл алаңда жақсы доп тепсін, жаман доп тепсін, үміт артар осыдан басқа командасы жоқ облыс жанкүйерлерінің де жанына бататыны осы.

Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар