Теміртас Жүсіпов бокстан әлем чемпионатына аттанды

25 қазанда Сербияның астанасы Белградта бокстан әлем чемпионаты басталды. Қазақстан құрамасы оған мына боксшыларды апарып отыр.

48 келі салмақ дәрежесінде Ақмола облысының тумасы, біздің жерлесіміз Теміртас Жүсіпов өнер көрсетеді. Ал, 51 келі салмақ дәрежесінде Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов шаршы алаңға шықса, құрама сапындағы қалған жігіттер Махмуд Сабырхан (54 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Саматәлі Төлтаев (60 келі), Санатәлі Төлтаев (63,5 келі), Абылайхан Жүсіпов (67 келі), Асланбек Шыңбергенов (71 келі), Нұрқанат Райыс (75 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Бек Нұрмағамбет (86 келі), Айбек Оралбай (92 келі), Нұрлан Сапарбай (+92 келі) да осы жолы намысты қолдан бермейді деген үміт бар.

Жасырып не керек, күні кешегі Токио Олимпиадасында боксшыларымыз да жарытып өнер көрсете алмай, бұрынғы алтын жүлдесіз оралмайтын дәстүрімізге сызат түскені белгілі. Небары екі қола әлемдік бокс додаларында мықтылардың бірінен саналатын Қазақстан құрамасы мен осы спорт түрі десе, ішер асын жерге қоятын миллиондаған жанкүйерлер үшін қуаныштан гөрі үлкен өкініш болғаны әлі де жадымызда. Сол Олимпиадаға барып, алдарына қойған міндет үдесінен дұрыс шыға алмаған боксшылардан бұл жолы ұлттық құрамада тек үшеуі ғана қалып отыр.

Тап осы жолы өткен қателіктерден азды-көпті сабақ алған бокс федерациясы мен жаттықтырушылар штабы әлем чемпионатына баратын құраманы іріктеу мәселесіне дұрыс көзқарас танытқан сияқты. Оны осындай әлемдік додалардан елімізге есімі кеңінен белгілі бола тұра, жиі шетқақпай қалатын жерлесіміз Теміртас Жүсіповтың да осы жолы Белградқа баратын құрама сапынан көрінуі жақсы аңғартады.

Теміртас мұның алдында ғана әскерилер арасында өткен әлем чемпионатына қатысып, алтыннан алқа тағып оралған-ды. Қазір нағыз бабында. 33 жастағы саңлағымыз осы әлем чемпионаты өзінің шаршы алаңда жарқ етіп бір көрініп қалар басты мүмкіндігі екенін жақсы түсінеді деген ойдамыз. Чемпионаттың алдындағы спарринг бәсекелерде өзінің негізгі қарсыластары Даниал Сәбит пен Қайрат Ернарды айқын басымдылықпен ұтып, бүгінгі таңда елімізде 48 келі салмақ дәрежесінде өзіне тең келер ешкімнің жоғын дәлелдегені де сол нағыз бабында екендігінің айғағы болса керек. Оның үстіне құраманың жаңа бапкері Қайрат Сәтжанов, басқа бокс мамандары да Теміртасты осы әлем чемпионатындағы жүлделі орындардан үміткер боксшылардың қатарында атап отыр.

Соған қарағанда, Теміртас осының алдында әскерилер арасында өткен әлем чемпионатында да ерлегеніндей, бұл жолы да ешкімге есе жібермей, бар күш-жігерімен жанкүйерлердің, соның ішінде туған Ақмоласы мен Көкшетауының сенімін ақтайды деп кәміл сенетіндейміз. Солай болса жарады! Оның үстіне құрамадағы әр боксшы намысты қолдан бермеуге салтанатты түрде Ант берді.

Дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні біздің боксшылар шаршы алаңдағы алғашқы кездесулерін өткізіп, алдымен 57 келі салмақта Серік Теміржанов, одан әрі 67 келі салмақта құрама капитаны Абылайхан Жүсіпов өз қарсыластарынан басым түсті. Осы жеңісті жол әрі қарай да жалғаса түсіп, бәріміз қасиетті Ақмола топырағынан құрама сапына қосылған Теміртасымыздың да 30 қазанда түрік боксшысы Мухаммет Унлумен өтетін алғашқы жекпе-жегінде бәсекені өз пайдасына шешуіне тілекші боларымыз анық.

Қ.ЗЕЙНОЛЛАҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар