Бірбеткей, сабырлы мінезінің, ел игілігі жолындағы қажырлы еңбегінің арқасында жерлестерінің ыстық ілтипатына бөленген Дөңгілағаш ауылының тумасы, ауыл шаруашылығы өндірісінің білікті маманы Қалымтай Мүсілімов заманымыздың ыстық-суығы, үлкенді-кішілі оқиғаларымен бірге жасап келеді.
Алып бәйтеректей тамырын тереңге жайған Қарауылдың Шұңғырша және Жаулыбай ұрпақтары ата-баба дәстүріне адалдықтарын ауызбірліктерімен, жас буынға өнеге боларлықтай өміршең істерімен дәлелдеп жүр. Өмірі ерен еңбекпен өрнектелген өресі биік, елге сыйлы осындай азаматтың қатарына Дөңгілағаш ауылының тумасы, ауыл шаруашылығы өндірісінің хас шебері Қалымтай Мүсілімовты жатқызар едім. Ал, Қалекеңнің шыққан тегіне зер салсақ, көне тарихтан сыр ақтарғандай боламыз. Ресей патшасының 1781 жылғы 1 қарашадағы Жарлығымен Уәли сұлтан Орта жүздің ханы болғанда, Арқаға әйгілі саятшы сал-сері Дүйсен бабамыздың екінші ұлы Бекше би мәмілегер елшісі болыпты. Ресей мен Цин империясы аралығындағы қарым-қатынасты жақсартуға ықпал етіп, Орынбор мен Омбыда өткен отырыстарға белсене қатысқан. Ал, сырт жаудан елін қорғап, ерлігімен есімі аңызға айналған Өгізбай батыр – Бекше бидің немересі, ал, одан тарайтын Тұтқышұлы Құрманғожа – Қалымтайдың атасы. Ел ішіндегі елеулі оқиғалардың куәгері болған Құрманғожа ата 112 жасында дүниеден өтті. Ғасыр құрдасы атанған қарияның адамның тамырын ұстап, жылқының тегін айыратын көріпкелдік қасиеті де болған.
Құрманғожа ақсақалдың Ескендір мен Әбілден кейінгі ұлдары Әутәліп, Зұлқарнай, Мүсілім, немерелері Сантай, Сағидолла, Қалиолла Ұлы Отан соғысына қатысып, үшеуі ғана елге аман оралады. Бес қызының үлкені Маржамана біздің Шұңғырша еліне Сердәлінің Мәмбетәлі тұқымына ұзатылған-ды. Шұңғыршадан тарайтын Баратай ауылының тумасы Әлкебай әулеті – Қалымтайдың қайын жұрты. Сәрсен атай ағаштан түйін түйген өнерімен танқалдырса, Бану апамыз да кішіпейіл жан болатын. Қос қарияның үлкені Социалистік Еңбек Ері, атақты шопан Мәнтай Әлкебаев – Көкше елінің мақтанышы еді ғой.
Құрманғожа атайдың кенжесі Мүсілім майданнан жаралы болып елге оралған соң колхоз бен совхозда абыройлы жұмыс істеп, 64 жыл ғұмыр кешті. Асыл жары Шәрап апай екеуі Қалымтай, Мәнбетәлі, Ақтан, Маханбет, Ғайни, Шолпан, Рәшида, Қайнел, Шұға есімді тоғыз баланы өмірге әкеліп, бәріне жақсы тәлім-тәрбие берді. Тұла бойы тұңғыштары Қалымтай болса Бақыт, Базартай, Бауыржан, Айнагүлден сүп-сүйкімді немере сүйіп отырған бақытты әке.
Біздер соғыс жылдарының перзенттері болғандықтан тағдырымыз ұқсас. Бертін ержетіп, ат тізгінін ұстаған соң өмірден өз таңдауымызды жасап, елімізге адал қызмет етуді алдымызға мақсат етіп қойдық. Қалекең болса сол арманына абыроймен жетті де. Тоқсан жылдан астам бай тарихы бар Көкшетау ауданындағы Дөңгілағаш ауылында 1941 жылғы 4 қарашада өмірге келген Қалымтай Мүсілімов әкесі майданға аттанғанда үлкендердің қамқорлығына бөленіп, етінің тірлігі арқасында ер жетті. Дөңгілағаш және Абай ауылдарындағы бастауыш және жеті жылдық мектептерді бітірген соң, өршіл өрең бірден колхоздың шаруашылық жұмысымен айналысты. Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру басталғанда механизаторлар даярлайтын төрт айлық курсты бітіріп, «Симферополь» совхозында 1956-1964 жылдар аралығында тракторшы, комбайншы, жүргізуші болып істеді. Ауыл шаруашылығы жұмыстарына икемі барын байқаған совхоз басшылары оған №2 трактор-егіс бригадасының есепшісі міндетін сеніп тапсырады.
1965-1966 жылдары совхоз комсомол комитетінің хатшысы болып істегеннен кейін, Көкшетау қаласындағы 1 жылдық бухгалтерлік курсты бітіреді. Қотыркөл зоотехникалық-малдәрігерлік техникумында оқиды. Осыдан кейін «Симферополь» совхозының №1 бөлімшесінде аға бухгалтер, зоотехник-бригадир болып істейді. Осы аралықта кәсіби біліктілігін шыңдау мақсатында Целиноград ауыл шаруашылығы институтын сырттай оқып, экономист-ұйымдастырушы мамандығын меңгереді.
Тәжірибелі маман ретінде оған совхоздың бас диспетчері, бас бухгалтердің орынбасары, бас бухгалтер, кәсіподақ комитетінің төрағасы міндеттері жүктеледі. Қай істі болсын, асқан жауапкершілікпен атқара білген іскер азамат бірер жыл селолық әкімшіліктің басшысы болды. Отбасы жағдайына байланысты Көкшетау қаласына көшіп келгенге дейін техникалық қауіпсіздік инженері болып та істеді. Ауыл өміріне бауыр басып қалғандықтан, Қалекең 2001 жылы Көкшетауға көшіп келгенде Застанционный кентінен үй сатып алып, мал ұстады. Үнемі көпшілікпен біте қайнасып өскендіктен, қоғамдық жұмыспен айналысуды ұйғарды. Жұлдызы онынан туып, кезінде Көкшетау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болған Рүстем Шериязданов пен Шапай Әбутәліпов оған өзі тұратын елді мекендегі ардагерлер ұйымын басқаруды ұсынады. Осылай облыстық және қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары – ел ағаларының өзіне жүктеген қоғамдық жұмысын он үш жыл бойы абыроймен атқарып шықты.
Қалалық әкімдіктің қолдауымен Маяковский көшесінде жасалған шағын парк қариялардың жиі-жиі бас қосатын демалыс орнына айналды. Парктегі ағаштарды суарып, санитарлық тазалығын сақтауды Қалекең тікелей өз міндетіне алды. Поселке тұрғындары Сұңғат, Гүлнәз, Мереке, Лилияның көмегімен Наурыз тойы, басқа да мерекелерді бірге өткізді. Зейнеткерлердің тұрмыс жағдайына жете көңіл бөлінді. Еңбегі лайықты бағаланып, Құрмет грамотасымен марапатталды, «Еңбек ардагері» атағын иеленді.
Қалымтайдың бойындағы тамаша қасиеті – бауырмалдығы, елгезектігі. Ел ішінде өтетін жиын-тойлардан қалмай, өзінің азаматтық көзқарасын білдіріп жатады. Әулетінің үлкені болғандықтан іні-қарындастары да ағасын ардақ тұтып, төрге оздырады. Аяғына күрделі ота жасалғандықтан әзірше жүріп-тұруы қиынға түскенімен, көңілі баяғыдай ақжарқын. Сексен жылдық мерейтойына арнап «Менің өмір мектебім» естеліктер жинағын шығарыпты. Сүйінішті осы хабарды естіп, қуанып қалдым. Тағдырдың жазмышына мойымай, алдағы қуанышты сәттердің алдыңғы легінен көрініңіз, Қалеке! Әлі тоқсанды да, жүзді де бірге тойлаймыз!
Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.